Жуырда Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейі жаңа жәдігерлермен толықты. Олар – ауданның құрметті азаматы Әпенов Сәбит атамыздың құжаттары мен орден-медальдары, фотосуреттері.
Сәбит Әпенов 1918 жылдың 2 ақпанында Шыңғырлау ауданының құрамындағы Қызылкөл совхозының Правда ауылында дүниеге келген. Әскерге шақырылғанға дейін 8 сыныптық білім алып, ауылда есепші қызметін атқарған. 1938 жылдың мамырында әскер қатарына шақырылып, Ленинград қаласына барады. Осы жерде артиллеристерді дайындайтын училищеде оқиды. 1940 жылы Прибалтика республикаларын Кеңес Одағы құрамына енгізуге арналған қақтығыстарға қатысады. 1940 жылдың қарашасынан 1941 жылдың сәуіріне дейін Фин соғысына қатысады. Финдермен соғыс аяқталған соң әскери қызметін жалғастыру үшін Қиыр Шығысқа аттанады. Благовещенск қаласындағы 204-атқыштар дивизиясының сапында болады. Ұлы Отан соғысы басталған кезде Батысқа қарай жіберіліп, Сталинград майданына кіреді. Осы жылдың 10 қыркүйегінде «Артымызда Волга мен Отан! Шегінуге жол жоқ! Қасық қанымыз қалғанша кеңес жерінің әр бөлшегі үшін соғысуымыз керек» деген КСРО Қорғаныс комиссарының №227 бұйрығы жарияланады. Қанды шайқастар, кескілескен ұрыстар кезінде Сталинград қаласы қатты зардап шекті. Әр көше, әр үй үшін жан алысып, жан беріскен ұрыстар жүрді. Құрамында Сәбит Әпенов болған 204-дивизия жаудың 24689 солдаты пен офицерін жер жастандырып, 227 танк, 241 қару-жарақ тиелген көлікті, 203 пулемет, 157 артиллериялық қондырғы мен минометті жойды. 12 ұшағын атып түсірді. Дивизия жаудың 608 аутокөлігін, 41 трактор-тягачын, 624 жүк тиелген арбасын, 3711 винтовка, 228 аутоматын қолға түсірді. Шайқастарда көрсеткен ерліктері үшін 204-дивизия 28-гвардиялық дивизияға айналып, 3 полкі «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Сталинград майданындағы жеңіске қол жеткізушілер арасынан Сәбит Әпенов «Қызыл Жұлдыз» орденіне және «Сталинградты қорғау шайқасына қатысқаны үшін» медаліне ие болды.
1943 жылдың наурызында Сәбит Әпенов партия қатарына өтеді. Дивизия осыдан соң 100 шақырымдық жол жүріп, Курскдегі әйгілі шайқасқа келіп кіреді. 1943 жылдың жазы аса қиын болды. Осы майданда кіші лейтенант Сәбит Әпенов миномет взводының командирі болып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Алда – Харьков қаласы. «Осы қаладағы Харьков трактор жасау зауыты маңындағы ұрыстар аса ауыр болды. Кеңес әскерлері ерен ерлік көрсетті» деп есіне алатын жауынгер ағамыз. Белгород пен Орел қалаларын азат еткеннен кейін Мәскеу қаласында алғашқы рет салют берілді. Бұл жауынгерлердің рухын көтеріп, Жеңіс күнінің жақындағанын сездірді. Ұлы Отан соғысының шешуші ұрыстарының бірі Днепр өзенінен өту кезінде болғаны тарих-тан белгілі. Дивизия бұл шайқасқа Доматкан селосы маңынан кіріп, үлкен ерлік көрсетті. Осы шайқаста Сәбит Әпенов жараланып, госпитальге түседі. Жазылып шыққаннан кейін Горький қаласындағы қысқа мерзімді офицерлер даярлайтын курсқа қабылданады. Курсты бітірген жас офицер өзінің дивизиясына оралып, жорық жолдарын жалғастыра береді. Көп кешікпей ол 225-гвардиялық атқыштар полкінің 1-атқыштар батальонының комсоргі болып сайланады. Германия жеріне кірген соң кеңес әскерлерінің алдына жаңа міндеттер қойылды. Жауды өз жерінде жоя отырып, кеңес әскерлерінің азат ету жұмыстарын бейбіт халыққа түсіндіру мәселесі аса маңызды болатын.
Жаумен соғысып, бейбіт халықпен түсіністікте болу жайы қадағаланып, жүйелі жүзеге асып жатты. Ұлы Жеңіс күнін ержүрек жауынгер Чехославакияның астанасы Прага қаласында қарсы алады. Осы жерде «Праганы азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталады.
Соғыс аяқталғаннан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру мақсатында Орынбор облысының Тоцк лагерінде екі жыл әскери қызметте болады. 1949 жылы денсаулығына байланысты әскер қатарынан шығарылып, аға лейтенант шенімен елге оралады. Сәбит Әпенов туған жерге оралған соң соғыс зардабын тартқан ел еңсесін көтеруге білек сыбана кіріседі. Партия кеңестік құрылымдарда қызмет атқарып, ел экономикасын көтеруге көп күш-жігерін жұмсайды. Совхоз парткомы, кәсіподақ комитетінің төрағасы, тұрмыстық комбинаттың директоры қызметтерін абыроймен атқарады. «Қызылкөл» совхозы кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметінде зейнеткерлікке шығады. Соғыстан кейінгі жылдарда «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарының иегері атанды. Майдандас достарын ұмытпай, үнемі хабарласып тұратын ардагер қаруластарының кездесулеріне шақырылып, Харьков, Белград, Волгоград қалаларына барды. 1986 жылдың 9 мамырында Волгоград қаласындағы Мамаев қорғанындағы кездесуге ардагерді ұлы Берік Әпенов апарған болатын. Осындай кездесу 1988 жылдың 9 мамырында Белгород облысының Крутой Лог жерінде де өтті. 78-гвардиялық дивизиясында орыстар, қазақтар, белорустар, башқұрттар, украиндер, татарлар, өзбектер және басқа да ұлт өкілдері басқыншы жауға қарсы ерлікпен соғысты.
Жылдар жылжып өтіп жатыр. Жеңістің 80 жылдығы да келіп жетті. Үш соғысқа қатысқан қазақ сарбазы, жерлесіміз Сәбит Әпеновтің еңбегі өлшеусіз. Ардагер жан жары Шаһурамен алпыс жыл бойы тату-тәтті өмір сүріп, бір қыз, бес ұл тәрбиелеп өсірді. Тұңғышы Сәуле Сәбитқызы ұзақ жылдар ұстаздық етіп, құрметті демалысқа шықты. Ұлдары еліне адал қызмет атқаруда. Әскери қызметті таңдаған ұлдары Берік пен Мұрат – подполковник шеніндегі зейнеткерлер. Беріктің ұлы Қуаныш та әскери қызметін Астана қаласында жалғастыруда. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген Қуаныштың Батырхан есімді ұлы парашюттен секіріп, нағыз сарбаз атаныпты. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген қағиданың бір мысалы осы болса керек.
Адақ Шотпанов,
Шыңғырлау ауданы