14.03.2025, 12:15
Оқылды: 262

Өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шешімдер

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХVІІ сессиясында бюджет нақтыланды. Сессия жұмысына облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.

фото мади салык

Күн тәртібіне сәйкес облыстық мәслихаттың «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе талқыланды. Аталған мәселе бойынша облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев баяндады. 2025 жылға арналған облыстық бюджет нақтыланды. Бөлінетін   36,4 млрд теңге қаржыны ескергенде, облыстық бюджет 517,3 млрд теңгені құрады. Соның ішінде әлеуметтік салаға 5,5 млрд теңгені бағыттау жоспарланған. Білім беру саласына 2 млрд, мәдениет пен спорт салаларына 2,5 млрд, денсаулық сақтауға 743,6 млн, әлеуметті қамсыздандыру саласына 263,4 млн теңгені бөлу қарастырылды.

Сессияда облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының 2024 жылы атқарған қызметтері туралы есептер тыңдалды. Бюджет, өңірлік даму жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Ербол Салықовтың айтуынша, аталған комиссия 169 қабылдау өткізіп, 557 тұрғынды қабылдаған, оларды мазалаған 347 сұрақ оң шешілген. Комиссияның 25 отырысы өткізіліп, 5 көшпелі комиссия жұмысы ұйымдастырылған. Қаралған мәселелер бойынша атқарушы құрылымдарға 81 ұсыныс жолданып, оның 76-сына жауап алынды. Өткен жылғы көктемгі су тасқыны кезінде депутаттар да зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуде қомақты үлес қосты. Өңірдегі өзекті мәселелерді шешуде Парламентке, тиісті министрліктерге бірқатар депутаттық сауалдар жолданды. Облыс орталығындағы сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңарту үшін депутаттық сауалдар жолданды. Соның нәтижесінде бұл бағыттағы екі жобаны жүзеге асыруға 2 млрд 369 млн теңге бөлу көзделгені туралы жауап келген. Өткен жылы шілдеде «Киров – Шежін арнасын қайта жаңғырту, 4-кезең» жоба нысанын күтіп-ұстау мәселесі көтеріліп, жаңа 14 штаттық бірлік ашылды. Ал әлеуметтік-мәдени даму, заңдылық, құқықтық тәртіп және кәсіпкерлік жөніндегі комиссияның төрағасы Борис Лаврентьевтің баяндауынша, комиссия 278 азаматты қабылдап, қаралған мәселелердің басым көпшілігі оң шешімін тапты. 116 депутаттық сауал жолданған, 22 отырыс өткізілген. Депутаттардың ізденісі нәтижесінде Орал қаласының әуежайы республикада «ашық аспан» режімі енгізілген 15-шаһар болды. Мәслихат депутаттарының орталық мемлекеттік құрылымдар мен Парламентке жолданған сауалдары өз жемісін берді. 2024 жылдың күзінен бастап Орал-Астана бағытында «Тальго» пойызы қатынай бастады. Депутаттық корпустың қолдауымен бірқатар мәселелердің түйіні тарқатылды. Сәкен мектебі жөндеуден өтті, төтенше жағдайлар департаментіне қолдау көрсетілді. Оқу-ағарту министрлігіне мектепке дейінгі білім беру платформасын жетілдіру және балабақшаларды штатты ІТ мамандарымен қамтамасыз ету туралы ұсыныс оң шешімін тапты.

Халық қалаулылары облыстағы кейбір білім беру ұйымдарына жаңа атау беру және атауларын өзгерту туралы мәселе қарады. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев мектептерге атау беру Президент әкімшілігі бекіткен  тарихи тұлғалар тізіміне енгізілген есімдерді беру негізінде ұсынылып отырғанын айтты. Оралдағы №3 орта мектепті Ұлы Отан соғысының ардагері, әскери қайраткер, кеңес заманындағы қазақтан шыққан тұңғыш генерал-майор Шәкір Жексенбаевтың есімімен атау ұсынысы мақұлданды. Жоғары спорт шеберлігі мектебіне әлем шемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері  Асқар Шайхиевтің есімі берілді. Қаратөбе ауданындағы Егіндікөл ауылындағы орта мектеп Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты Құрманғазы Қараманұлының есімін беру ұйғарылды. Казталов ауданының Көктерек ауылындағы білім ұясына осы мектепті ашқан ағартушы, КСР-ның еңбек сіңірген мектеп мұғалімі Сақып Ақбаевтың есімімен атау мақұлданды. Теректі ауданындағы Социализм ауылындағы орта мектепке «Кемел» жалпы білім беретін орта мектебі атауы берілмек. Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернаты енді  ғалым, белгілі математик Орымбек Жәутіковтің есімімен аталатын болды. «Білім беру ұйымдарына жаңа атаулар беру бюджетке күш түсірмейді», – деді Қ. Мұханғалиев.

фото мади салык2

Сессия өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын, тарихын, мәдени және жағырапиялық ерекшеліктерін айшықтайтын маңызды өңірлік нышанды бекітті. Нышанның ауторы – суретші Нұртай Жәрдемов. Оның еңбегі өткізілген конкурста мақұлданған.

Кезектен тыс сессияны қорытындылаған облыс әкімі алдағы қыркүйек айында Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы Президенттерінің  қатысуымен Орал қаласында форум өтетінін айтты. Нариман Төреғалиұлы 2024 жылдың соңында өткен қайырымдылық шарасына қатысқан депутаттарға алғысын білдірді. Пилоттық режімде Оралдағы балабақшаларға ваучерлік тетік енгізілді. Қаладағы 100-ден астам балабақшаға 6 мың бала кезекке тіркелген. Бюджеттің қаражатын тиімді пайдалануға негізделген жүйе нәтижесінде кезектегі бала саны 6 мыңнан 4 мыңға дейін қысқарған. Үкіметтің тиісті шешім қабылдауына сәйкес биыл Орал, Ақсай, Шыңғырлау, Семиглавый Мар теміржол вокзалдары күрделі жөндеуден өтеді. Былтырғы жол құрылыс жұмыстары жалғасады. Ақжайық ауданының орталығы Чапаевтан Казталовқа қарай бұрылатын жол жөнделеді. Атырау – Орал күрежолы орташа жөнделеді. Өңірде 6 мектептің құрылысы жалғасуда. Одан басқа ауылдарда 8 мектептің құрылысы басталады. Жыр болып келген қаладағы №8 мектептің құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылына есігін ашады. Ауылдық жерлерде 8 спорт нысанының құрылысын бастау жоспарланған. Мамыр айының аяғына дейін 14 медициналық нысанның құрылысы аяқталады деп күтілуде. «Осының барлығы – сіздер мен біздердің ортақ атқарып жүрген жұмыстарымыздың нәтижесі. Қабылданып отырған шешімдердің барлығы да халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған», – деді облыс әкімі.

Сессия күн тәртібінде қаралған мәселелерді мақұлдап, тиісті шешім қабылдады.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале