14.03.2025, 14:30
Оқылды: 52

Батыстың батагөйі

Наурыз мерекесі қарсаңында дәлірек айтсақ, бірер ай бұрын мұқым Қазақстан бойынша «Батаменен ел көгерер» атты батагөй қариялардың республикалық байқауы жарияланды. Таңдайларын шоқ қарыған қазақтың ақсақалдарының бұл сайысы әуелі, облыстарда қызды. Бас бұйдасын «Ауыл» партиясы ұстаған осынау тағылымы зор шара – ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық құндылықтарды насихаттауды мақсат етіпті-дүр. Біздің облыста өткен сайысқа 77 батагөй тақым созып, олардан 92 бата бейнежазба түрінде түсті. Жас мөлшерлері әртүрлі. Ең жасы 35-те болса, үлкені – ғасырды бүктеп, 103 жасқа қараған қария. Сайыс, жарыс десе, қаны қызатын қазақпыз ғой, араларында алты әжеміз де бақ сынады. Сонымен батагөйлердің арасынан қара үзіп, алға шыққандарды анықтау үшін есімдері елге танымал ақын-жазушы, журналистер Айтқали Нәріков, Бауыржан Ғұбайдуллин, Қазыбек Құттымұратұлы, Гүлмира Тілеубаевалар ет пісірім уақыт баталарды мұқият тыңдап, елеп-екшеді. Ұзақ ақылдасып, кеңірек кеңесіп, пішкенде бәрі бір-ауыздан 103 жасқа толатын Байғалиев Серахитден ақсақалға тоқталды. Бұл шешімге ешкім таласпады. Бұған дейін ақсақалдың есімі көпшілікке беймәлімдеу еді. Енді осынау додалы жарыста оза шауып, бата беруден бас жүлдені тақымына басып, Ақжайықтың бас қариясы атанып жатқан Серахаңды Ұлыстың ұлы күні оқырмандарымызға таныстыра отырайық.

М Салық (2) (1)

Серахитден ақсақалдың әкесі Байғали – Масқар руынан, Серахаңның айтуына қарағанда, дін оқуын өте жақсы меңгерген жан болыпты. Арғы атасы дүмді, ауқатты, ғұмыр кешкен. Соған орай, Байғали қария да көп жылдар ат үстінде жүріп, Масқар, Алаша, Күшпен, Тана руларына болыс ретінде билік жүргізіп, ат үстінен сөзін тыңдатқан, айтқанын істеткен. Сал-серіліктен де құр алақан емес, ән салып, түрлі жыр-дастандарды ұзақ таңға жатқа айтқанда мүдірмепті.

М Салық (3) (1)

Сол кісіден бүгінге жеткен ұрпақ Серахитден 1922 жылы 10 қыркүйекте осы өзіміздің Сырым ауданы, Тасқұдық ауылында дүниеге келеді. Байғалидің кенжесі. Жоғарыда айттық, әкесі діни сауатты деп, соған орай кенже баласының да сауатын сол төңіректен ашады. Анасы Қайырлы «Бұғанай деген елдің қызымын» деп отырады екен.

М Салық (1) (1)

1928 жыл келіп, ауыл үстін шаш ал десе, бас алатын қызыл белсенділер «кәмпеске» деп ала топалаңға айналдырғанда, Байғали да бұдан аман қалмаған. Қалай аман қалсын, өзі бай болса, өзі болыс болса, «кәмпескенің» оң жамбасына келмей ме? Оның үстіне кемеліне келіп, кер торыға мініп жүрген шақтарында біреулерге тілімен қатар, қамшысының да ұшы тиіп кеткен шығар... Олар жаңа үкіметке арызданбай, тыныш жатты дейсіз бе? Әйтеуір Молқұдықта отырған әкесін Жымпитыдан арнайы айдауылдар келіп, бір күнде айдап әкетеді. Сөйтіп, Байғали түрменің дәмін татады. Тәңір жазып, одан да аман шығып, отбасына оралған. Бірақ түбі тыныш жатқызбасын сезді ме, 1930 жылы наурыз айында туған жерден ірге сөккендермен бірге, Байекең тума-туыстарын ертіп, Ресейге өтіп кетеді. Башқұрт ағайындардың арасында біраз болған. Ал 1937 жылы тамыз туа Орынбордың Шарлық ауданы, Новый путь (Сармалай ауылдық советі) колхозына қоныстанады. 1940 жылы Путятино деген ауылда 7 жылдық мектепті тәмамдайды. Соғыс басталатын жылы Сармалай МТС-інде оқып, тракторшы, комбайншы мамандығын игеріп шыққан. Колхозда сол мамандығымен жұмыс жасайды. Бұл кезде майданға алынған әкесі Байғали үш ұлымен сол қырғын соғыста қаза табады. Жасы келіп тұрғанмен, Серахаңды әскерге шақырмаған. Бәлки, бір шаңырақтан әкесі мен оның үш ұлын қан қасапқа жөнелткен әскери комиссариаттың Серахитденді оққа байлауға дәті бармаған шығар... Сөйтіп, ол майдан жылдары тылда бел шешпей, еңбек етіп, жеңісті жақындатуға бір кісідей үлес қосады. Одан әрі 1946 жылы өзі тұрған «Новый путь» колхозына іргелес Пономаревка ауданына қоныс аударып, совхозда механизатор болып жұмысын жалғастырады. 1947 жылы Шалқардың Барқын руының қызы Ұлышқа үйленіп, одан тоғыз перзент сүйіпті. Олардың үшеуі жастай шетінеп кеткен.

М Салық (4) (1)

«Ер туған жеріне» деген Серахаң оң солын әбден айыра келгенде туған елі жиі түсіне еніп, ақыры оған маңдай түзейді. 1958 жылы «Перзенттерім елде өссінді» серт етіп, баяғы өзінің кіндік кескен мекені Тасқұдыққа көшіп келеді. Осында трактор айдайды, көлік тізгіндейді, комбайнға отырып, егін орады. Арасында механик, одан да жоғары машдвордың меңгерушісі болып, 1984 жылы зейнет демалысына шыққан. Бүгінде перзенттерінен 9 немере, 9 жиен, 8 шөбере, 7 жиеншар көріп, Бәйтерек ауданының Асан ауылында сау-саламат тұрып жатыр. Тек, осы күнге қосағы Ұлыш апайдың жете алмай кеткені қарияны өкіндіреді. Ол кісі 2012 жылы бақилық болыпты. Қария бұл  күндерде кенже баласы мен келінінің қолында ғұмыр кешуде. Құлағы сәл-пәл ауыр тартқанмен, сөзі нық, мақамы анық, көзі көреді, таяққа сүйенгенмен аяғы жүреді.  Келінінің бізге айтқаны: «Бірде жұмыстан келсек, сол күні керім қар жауып еді. Атам ауладағы аяқ-аяқ жолдың қарын аршып қойыпты...»

Қонаққа барғанда баталы сөздерін айтып, төрдің сәні болып отыратын Серахаңды Бәйтеректің Асан ауылы, аудан тұрғындары мақтан тұтады. Қалай мақтан тұтпайды,  батаны маңдайымен бірге таңдайына да берген Серахаң жоғарыда айтқанымыздай, облыстағы батагөйлердің сайысында бас жүлдені жеңіп алып жатса!

Кезінде балалар тізесінде отырып, сөз бағып өскен, көне сөздің көбесін сөгетін шалдардың бүгінде арамыздан көшіп бола келгенінде Серахаңдар бізге алтынның сынығындай, көненің көзіндей ғой...

Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі»

P.S.: Бет қатталып жатқанда Астанадан ақжолтай хабар жетті. Байғалиев Серахитден ақсақал «Батаменен ел көгерер» республикалық батагөйлер байқауында үшінші орынды иеленіпті. «Орал өңірі» газетінің қалың оқырмандарының атынан Серахаңды кезекті жеңісімен құттықтаймыз. Балдай тәтті баталарыңызбен елдің, төрдің сәні болып отыра беріңіз, Батыстың бас батагөй ақсақалы!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале