14.03.2025, 15:30
Оқылды: 199

Казталов ауданында Амал күні ерекше аталып өтті

Араздасқан достасып, салқын сезімнен қоштасатын қауышу күні биыл Казталов аудандық мәдениет үйі алдында ерекше аталып өтті. Жиылған жұрт құшағын айқара ашып, бір-бірін жаңа жасымен құттықтады.

IMG20250314120021 (1)

Казталов жұртшылығы үшін осы мерекеде айтылған ізгі тілектер мен үлкендердің ақ батасы жаңа үміт пен жігер сыйлады.
14 наурыз — Амал күні С.Садықов атындағы аудандық мәдениет үйінің фоесінде сонау сақтар заманынан, Тұмар патшайым дәуірінен бері жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүр насихатталды. Игі шараны Казталов ауылдық округі әкімі аппараты мен
аудан өнерпаздары ұйымдастырды.

IMG20250314111233 (1)
Қыстан аман-есен шығып, бір-бірімен құшақтасып көріскен ауыл үлкендері бас қосып, көрісудің көркін келтірді. Шара барысында жиналғандарды мерекемен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев: – Сіздерді көктемнің алғашқы лебін ала келетін Көрісу күнімен құттықтаймын!
Көрісу – ата-бабамыздың ұрпақтан-ұрпаққа мұра қылып қалдырған дәстүрлерінің бірі. Бір кездері бұл мереке еліміздің батыс өңірінде ғана атап өтілетін еді. Енді міне жалпыхалықтық сипат алып, Амал мерекесі ретінде күллі қазақ жерінде тойланады. Бұл салт-дәстүріміздің жаңғыруының көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын әзірлеуді, көктем мерекесінің мазмұнын байытуды тапсырды.
Биылғы жылы да «Наурызнаманың» он күндігі барысында іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр.
Баршаңызға дендеріңіге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін! Ұлыс Оң болсын! Жаңа Жыл берекелі болсын!-деген лебізін жолдады.

IMG20250314112006 (1)
Ауылдың үлкендеріне мәдениет үйінің фоесінде Казталов ауылдық округі әкімінің аппараты мен Казталов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұжымы ақ дастархан жайса, С.Садықов атында мәдени-демалыс орталығы жанынан құрылған «Ақторғын» ансамблі әннен шашу шашты.
Дастархан басында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан тыл және еңбек ардагері тоқсаннан асқан Болан Арыстанбекова, Талап Мұқанов секілді бірқатар үлкендер ақ-жарма тілектерін арнап, алғыс білдірді.
Жиналған үлкендерді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов пен ауыл әкімі Ернар Ғалымов мерекемен құттықтаса, қонақ кәде ретінде аудан әкімінің орынбасары Серік Ерболатұлы, мәдениет үйінің директоры Нафхат Базарғалиев қазақтың қара домбырасымен ән шырқап, Қадыртай ақсақал құйқылжыта күй тартты.
Отырыс барысында аналарға ақ жаулық жабылып, аталарға тақия үлестірілді.
Көрісу күні – Наурыз мейрамының
басы. Жұрт көктемге аяқ басып, туыс-туған, көрші-көлеңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілесіп, қыстан аман-есен шыққанын айдың соңына дейін тойлайды. Біз байқағандай, бұл күні аудан орталығы тұрғындарының бір-біріне деген ықыластары шуақ шашқан жүздерінен көрініп тұрды.

Нұр Рахман,

Казталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале