Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Ерке-нұр» би ансамблі Өзбекстан елінде өтетін халықаралық байқауда ел намысын қорғайтын болады. Осыған орай бүгін университетке келген «Ауыл» партиясының өкілдері би ұжымына ақжол тілеп, қолдау көрсетті.
Өткен жылы Орал қаласында «Бақытты елдің ұрпағы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Дала сазы» байқауында «Хореография» номинациясы бойынша гран-при жеңіп алған шығармашылық ұжым халықаралық байқауға жолдама алған болатын. Ансамбль мүшелерімен кездесу үшін білім ордасына арнайы келген «Ауыл» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Темірғали Ескендіров, партия мүшелері – кәсіпкерлер Жаслан Жақыпов пен Қуаныш Бірманов оларға үлкен сапар алдында сәттілік тілеп, Ташкент қаласына барып-келу жол шығындарына қолдау көрсететіндерін жеткізді. БҚАТУ-дың түлегі Темірғали Қаратайұлы өздеріне өмірлік жолдама берген оқу орнына қолдан келген көмектерін беруге ниетті екендерін айтты. Сонымен қатар еліміздегі саяси партиялардың рөліне тоқталып, соның ішінде «Ауыл» партиясы да өзіндік беделі бар қоғамдық-саяси күш екенін атап өтті.
«Ерке-нұр» ұжымы (жетекшісі – Лазиза Агисова) Көрісу айт мерекесінде жағымды жаңалықпен келген қонақтарға өз өнерлерін көрсетіп, «Қазақ биін» мың бұрала билеп берді. Өз кезегінде университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов кәсіпкерлерге алғыс білдіріп, би ұжымына сәтті сапар тіледі.
БҚАТУ медиа орталығы