Көрісу күніне орай Бәйтерек ауданы орталығында осындай атаумен мерекелік іс-шара өтті.
Жергілікті өнерпаздар ата дәстүрді жаңғыртып, жиналғандармен құшақ жайып, қауышты. Наурыз тойын жақындата түскен Көрісу мерекесімен құттықтап, ақ жаулықты аналарымыз шашу шашып, ақ тілегін жаудырса, ел ағалары батасын берді.
- Наурыз мейрамының бастауы ретінде тойланатын Көрісу күні, Амал мерекесімен құттықтаймын! Қыстан аман-есен шыққан ел-жұрт бір-бірімен көрісіп, қуанышымен бөліседі. Күні кешеге дейін ол еліміздің батыс өңірінде тойланып келсе, соңғы жылдары республика көлемінде аталып өтіле бастады.Көрісу – ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекітетін тамаша дәстүр. Көненің көзі — қарияларға құрмет көрсетіліп, інілік ізет, дархан пейіл танытудың үлгісі. Олай болатыны, Көрісу, Амал мерекесі – елдік, халықтық мейрам. Бұл күні бірлік күшейеді, береке молаяды.
Бүгінгі мереке күні Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әрбір шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін,-деді іс-шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Лауаз Уәлиев.
Мерекелік іс-шарада салт-дәстүрлеріміз кеңінен көрініс тапты. Өнерпаздар қазақтың ән-күйінен шашу шашып, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Серік Маратұлы
Бәйтерек ауданы