Сырым ауданында суырыпсалма ақын Хангерей Наурызәлінің құрметіне арналған аймақтық - республикалық айтыс өтті.
ҚР Президенті Қасым - Жомарт Тоқаев 2021 жылы отандық басылым беттеріне жариялаған “Тәуелсіздік бәрінен қымбат!” атты мақаласында Наурыз мейрамын тойлаудың тұжырымдамасын жаңарту мәселесін айтты:
- Көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел. - деді Мемлекет басшысы.
Міне, Сырым ауданының Ұлыстың ұлы күнінің ұранын он күн бұрын көтеруі содан. 14 наурыз күнінде батыс өңірі “Құдайға шүкір, қыстан аман шықтық!” - деп бірін - бірі құшағына басып, көрісетін игі дәстүр бар. Абай айтқандай “қырдағы ел мен ойдағы ел араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып” жатады Хазар теңізі мен Ойыл, Жайықты жағалай қонған жұрт.
Кеше Жымпитыда бас киіз үй тігіліп, Наурыз тойы басталды. Ақындар айтысы - Жымпиты жұртының жылан жылының көктеміне берген көрімдігі.
Жыр сайысын Сырым ауданы әкімдігінің қолдауымен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімі, бөлім жанындағы “Демалыс орталығы” мекемесі ұйымдастырды. Ж. Ерман атындағы айтыс мектебі сөз жекпе - жегін ерекше форматпен ұсынды.
Ақындарды халық алқалап, тордағы төбелеске шыққан жауынгерді қарсы алғандай айқай - қиқумен қарсы алды.
Жымпиты сахнасында Батыс Қазақстан облысының таңдаулы ақындары республикалық айтыстағы сыралқы қарсыластарымен жолдастық кездесу өткізді.
Батысқазақстандық Талғат Мықи құрдасы, шымкенттік Қажымұқан Абзаловпен айтысты. Нағашы мен жиен - атыраулық Шалқарбай Ізбасаров пен оралдық Айнабек Бисенғалиев екеуі халықты қыран - топан күлкіге де көмді, елдің де сөзін айтуға уақыт тапты. Көрермен күткен бір ақын болса - ол, талантты, қанатты, ең бастысы “фанатты” ақын Мұрадым Мирланов. Мұрадым Мирланов пен ақтөбелік Жұлдыз Қожабекова республикалық “Almaty” телеарнасында өткен “Біржан - Сара” атты қыз бен жігіт айтысында жеңімпаз атанған - ды. “Біржан” мен “Сара”, қайны мен жеңге Жымпиты сахнасында кездесті.
Айтыстың құрметі Хангерей ақынның атына арналды.
Хангерей Наурызәліұлы - ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Жымпиты өңірінде өмір сүрген суырыпсалма ақын. Өзі өлеңінде айтқандай Сүттігенді, Қоспа жағында ғұмыр кешкен. Жырын жұрты ұнатқан. Коммунизмнің бай мен кедейді теңестіреміз деген саясаты Хангерейдің көңілінен шығады. Себебі, қара халықтың хақын жеген, дәулетіне мастанған бай - бағландар болмады емес болды. Олар малды заң деп түсінді. Хангерей халықтың өкілі ретінде осыған ашынды. Ашынғаннан ақынның дауысы ащы шықты. Ақыры бандылардың қолынан қаза тапты. Дала ақынының артында мол шығармашылық мұра қалды. Кеше ұзақ жыл тарих түрмесінде жатқан ақынның аты халықпен қауышты. Хангерейді іздеу басталды.
Бұл тақырып бойынша “Сырым елі” газетінде журналистік зерттеу жұмыстары басталды.
Жымпитыдағы айтыста ақындар не айтты?!
Айнабек Бисенғалиев ақын, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Абдолла Жұмағалиевке “Халық қаһарманы” атағы лайық екенін, бұл атақ Жұбан Молдағалиевке де бұйырмай тұрғанын айтты. Ал, Талғат Мықи Жосалы ауылдық округіндегі А. Жұмағалиев атындағы мектепке күрделі жөндеу керегін:
- Абдолла өртенген үй құлады ғой,
Абдолланың мектебі құламасын! - деп шебер жеткізді.
Шалқарбай Ізбасаров былтырғы су тасқынынан үйі зардап шегіп, бірақ тиісті өтемақысын ала алмаған жандардың барын айтты. Әбілқайыр хан көшесіне жаяу жүргіншілер жолының қажет екендігін, аудан да қит етсе жарық сөнетінін де сөзіне кірістірді.
Шымкенттік Қажымұқан Абзалов Қадыр Мырза Әли туған ауылда ақынның атындағы көше жоғын айтып сынады:
Бір арманым бар еді баяғыдан,
Қадырдың ауылына келсем деген
Қадырдың көшесімен жүрсем деген
Қадырдың туған үйін көрсем деген
Әй бірақ кеше түнде келгенімде,
Ақпарат естідім ғой мен сенбеген
Қадырдың көшесі жоқ деген сөзге,
Құдай - ау мен түгілі ел сенбеген, - дей келе:
- Туған жері бір көше бере алмаса
Кеңсайда атам бекер жатқан болды,
Орталықтың көшесін берсін десең,
Жөн болар қошеметтеп қаққан қолды
Ақындықтық жолына қимаймыз ба
Әкімдіктің алдында жатқан жолды! - деп Жымпитының бас көшесін Қадыр атымен атауды ұсынды.
Сырым еліне келген ақындарды ел аналары, өнерпаздар бас киіз үйден қарсылаған еді. Кейін айтыскерлерді Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов қабылдады.
Қабылдауға Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұқанғалиев қатысты.
Кейін олар айтыс тамашалады. Көрермендер қатарында белгілі ақын Жанса Мусина да болғанын айта кетейік.
Қажымұқанның:
- Жымпиты жұрты қандай бақыттысың
Ешкім сөз айта алмайды елдеріңе
Тек қана көктем күні тілсіз жау кеп,
Су толды үйлеріңе, жерлеріңе
Бірақ та 300 үйді салып берген
Рақмет ерлеріңнің еңбегіне
Өз басым бірінші рет кеп тұр екем,
Батыстың батпай қалған кең жеріне
Сондықтан бақытты боп тұрғаным й ай
Ел аман, жұрт тыныш та келгеніме,
Су шайған аймақты емес керісінше
Су жаңа Жымпитыны көргеніме! - дегені елдің дамуына, бірлігіне берілген баға емес пе?!
Сырым ауданы ынтымақ пен берекенің мерекесі - Наурызда айтыс ақындарын алалауды жөн көрмей, бәріне тең жүлде берді. Жымпитыға келген әр ақын бір - бір тұлпар мініп қайтты.
“Халық ақыны Хангерей” айтысымен Батыс Қазақстан өңіріндегі айтыс маусымы ашылды.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
Суретке түсірген Айжан Амангелдина