Батыс Қазақстан облысында Жайық, Шаған өзендерінде су деңгейі көтерілсе, Деркөлде тасқынның беті қайтты, - деп жазады KAZINFORM.
Сурет: сайт архивінен
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының бүгінгі мәліметіне қарағанда, Жайықта Бөрлі ауданы Жарсуат ауылы тұсында 283 см (+13 см, қауіпті шегі – 1 мың см), Бәйтерек ауданы Январцевте 306 см (+46 см, 1 мың см), Орал қаласында 301 см (+46 см, 850 см), Көшімде 246 см (+24 см, 850 см) болды.
Сондай-ақ Шағандағы су деңгейі Бәйтерек ауданы Чувашин ауылында бір тәулікте 79 см биіктеп, 857 сантиметрге (қауіптісі – 1 280-1 300 см) жетті.
Керісінше Жайықтың тағы бір саласы Деркөлдің қарқыны бәсеңдеп, Тасқала ауылы тұсында 108 см, Бәйтерек ауданы Зеленый елді мекенінде 53 см, Белесте 32 сантиметрге төмендеді.
Сырым, Қаратөбе аудандарында шағын өзендердің көтеріліп жатқанын айтуға болады. Сырым ауданында Шідертінің деңгейі Аралтөбеде 525 см (+33 см, қауіптісі – 960 см), Өлеңті Жымпитыда 363 см (+37 см, 490-520 см), Бұлдырты осы өзен аттас ауыл тұсында 181 сантиметрді (+8 см, 280 см) көрсетті.
Сол секілді Қаратөбеде Қалдығайты өзені Егіндікөл ауылында кешеден бері 30 см (319 см, қауіпті шегі – 470 см), Шиелі Шалғын елді мекенінде 83 сантиметрге (268 см, 380 см) жоғарылады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзеніндегі су деңгейі бір тәулікте Оралда 40 сантиметрге көтерілгенін жазған болатынбыз.
Батыс Қазақстанда ауыл маңындағы көпірді су шайып кетті.
БҚО-да ағын суға байланысты елді мекенмен көлік қозғалысы тоқтатылды.