18.03.2025, 10:30
Оқылды: 34

Дәстүр дәріптелген думан

Наурыз – көктем мен жаңарудың, мейірім мен ырыстың бастауы. Адам мен Жер-ананың үндестігі үйлесім  тапқан  осы  айда табиғат  қыстың  құрсауынан  босап,  жасарып-жайнайды, ал адамзат  баласы  жаңа  күннен  жақсылық  күтеді. Қазақ халқы сан ғасырдан бері Наурыз мерекесін ерекше қуанышпен  қарсы  алып, оны салт-дәстүрімен,  ұлттық құндылықтарымен астастыра тойлаған. Биыл да осы дәстүр жалғасын  тауып, Орал қаласында ерекше  мерекелік шара өтті. 

WhatsApp Image 2025-03-14 at 12.19.07 (1) (1)

Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты мәдени-ағарту бірлестігі «Салт-дәстүрім – салтанатым» атты театрландырылған бағдарламасын ұсынды. Көктемнің шырайлы шуағын сезіндірген бұл шара көрермендерге тек мерекелік көңіл күй ғана емес, рухани байлық  сыйлады.

Мерекелік жиын табиғаттың жандануын бейнелейтін «Көктем келбеті» атты прологпен басталды. Бишілер көктемнің нәзік лебін, Жер-ананың жылуын би арқылы бейнелеп, табиғаттың қайта тірілуін әсерлі көріністермен жеткізді. Ақ жаулықты аналар шашу шашты.

Шара барысында халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері дәріптелді. «Құда түсу», «Беташар», «Тұсаукесер» рәсімдері театрландырылған қойылым арқылы көрермен назарына жол тартты. Бұл көріністер өткеннің өнегесін бүгінмен сабақтастырып, жастарға ұлттық құндылықтардың маңызын тағы бір мәрте ұғындырды. «Бақ қонып, ырыс дарысын» деген ниетпен сахнаға Қыдыр ата шығып, жиналған жұртшылыққа батасын берді. Бұл – Наурыз мерекесінің басты нышандарының бірі. Қыдыр ата – халықтың бірлігі мен берекесінің символы, ол елге ақ тілек арнап, ырысты күндердің көп болуын тіледі.

Мерекенің көрігін қыздырған ерекше сәт – ұлттық киімдерге арналған сән көрсетілімі болды. Ата-әжелер немерелерімен, ата-аналар ұл-қыздарымен бірге сахнаға шығып, қазақтың ұлттық киімдерін паш етті. Әсем қамзолдар мен зерлі шапандар, ою-өрнекпен безендірілген сәукеле мен кимешектер – барлығы  көрерменді ерекше әсерге бөледі. Мерекенің ән-күйсіз өтпейтіні белгілі. Шара барысында күмбірлеген күй төгіліп, әсем әндер әуеледі. Жиналған жұрт ұлттық өнеріміздің шынайы сұлулығына куә болып, рухани байлыққа бір табан жақындай түсті. Сонымен қатар ұлттық ойындар ұйымдастырылып, балалар мен жасөспірімдер ерекше қызығушылықпен қатысып, қазақтың ойын мәдениетін бойларына сіңірді. Ата-бабамыздан қалған бұл мұра жастардың ерік-жігерін, ептілігін, жылдамдығын шыңдап қана қоймай, қазақы болмыс пен салттың айнасы іспетті  екенін  тағы  бір  дәлелдеді.

WhatsApp Image 2025-03-18 at 11.20.55

Іс-шараға арнайы қатысқан Орал қаласы әкімінің орынбасары Аслан Тәпішев жиналған жұртшылықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, Наурыздың татулық пен ырыс мерекесі екенін атап өтті. Ол өз сөзінде ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеудің маңыздылығына тоқталып, бұл мерекенің халықты бірлік пен ынтымаққа ұйыстыратын ерекше мейрам екендігін жеткізді. Бұған қоса, тұсаукесер рәсімінде сәбидің тұсауын кескен «Жайық Арена» спорт кешенінің басшысы Артур Шерғалиев те барша жұртшылықты құттықтап, Наурыздың құт-береке әкелуін тіледі. Бұл рәсім – ұрпақ жалғастығының, қазақтың игі дәстүрлерінің өміршеңдігінің көрінісі болды.

Наурыз – ұлттық санамыздың жаңғыратын, дәстүріміздің дәріптелетін мерекесі. «Салт-дәстүрім – салтанатым» атты бұл іс-шара халқымыздың рухани мұрасын ұлықтап, ұрпаққа өнеге  беретін  тағылымды  кеш  болды.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале