Жаңақалалық кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Саламат Сертеков көпбалалы отбасыға баспана алып беріп, көл-көсір қуаныш сыйлады.

«Көптен күткен ұлы той» демекші, мұқтаж жандардың армандары орындалып, үйлі болған жанұя қуаныштан көз жастарына ерік бере алғыстарын жаудырды.

Аудан орталығындағы 3 бөлмелі, таза ауыз су, табиғи газбен қамтамасыз етілген, ауласы кең жер үйді 10 жылға жуық үй кезегінде тұрған 6 балалы Мерхан Мұқашев пен Раушангүл Бисенова иеленді. Баспана кілтін тапсыруға арналған игі шараға аудандық мәслихат төрағасы Қамбар Қаменов пен аудан депутаттары, аудандық қоғамдық кеңес отырысының төрағасы Руслан Уразалиев қатысып,қоныстой иелерін құттықтап, шаңырақ шаттығын тіледі. Сонымен қатар Қамбар Сүлейменұлы мен халық қалаулысы Айбек Тасанов тоңазытқыш, ауыл азаматы Мақсат Бекқайыров ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техникаларды сыйға тартып, ал шаруа қожалық иесі Думан Қарағойшин алдарына ұсақ мал салуға уәде етті.

Жаңақала топырағында туып-өскен атымтай азамат Саламат Серікұлы кәсіпкерлік саласында үлкен жетістіктерге жетіп, ауыл ахуалын жақсартуда үлесі мол жан. «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Табысын қайырымдылыққа жұмсайтын кәсіпкердің қолдауына ауылдастары дән риза, ісіне береке тілеп отырады.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы