17.11.2016, 10:21
Оқылды: 95

Батысқазақстандық суретшінің көрмесі - Астана төрінде

jol01  ҚР Қарулы Күштері ҰӘПО Әскери-тарихи музейінде ҚР Жас суретшілер бірлестігінің мүшесі Мұратбек Жоламанның туғанына 50 жыл толуына орай «Асығып аққан ақ жұлдыз» атты көрме салтанатпен ашылды. Көрмені БҚО әкімдігі мен Мәдениет, арxивтер және құжаттама басқармасы және Сырым ауданы қолдауымен Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырды.


  Іс-шараның Әскери-тарихи музейде өтуі тегін емес. Суретшінің туындылары тұнған тариx. Әр туындысынан xалқымыздың батырлық, ерлік пен елдігі көрініс береді. Суретшінің шығармашылығы ұрпақ тәрбиесіне, тарихты қастерлеуге арналған. Дарын иесінің артында 30-дан астам еңбегі мен «Қазақтар» атты циклдық картиналардың 100 шақты эскиздері қалды. jol02

  -ХІХ ғасырдың жарық жұлдызы талантты ғалым Шоқан Уәлиханов десек, бүгінгі күннің асығып аққан ақ жұлдызы біздің жерлесіміз, суретші Мұратбек Жоламанов дер едім. Екеуі де 30 жылдай ғұмыр кешті. Суретші бұл дүниелік еместігін сезіп жатса да, қолынан қыл қаламы түспей, артына тамаша туындыларын қалдырды. Бүгін де бұл туындыларға қарап тұрып оның ғұламалығына таң қалмасқа болмайды. Әрбір туындысы тарихқа үңілуге мүмкіндік береді. Қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібекті бейнелеуі, Хан көтеруді суреттеуі ол кісінің білімінің тереңдігін көрсетеді. Шараға суретшінің жары мен перзенттері қатысып отыр. Көрмені өткізуге қолдау берген әскери-тариxи музейге алғыс айтамын, - деді салтанатты ашылуда сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев.

jol03 jol04

  Көрменің ашылу салтанатына Бақытнұр Байқанұлы, Сембіғали Смағұлов, Ринат Елубаев, Жеңіс Нұртасұлы сынды суретшілер мен көркемөнерді насихаттаушылар жиналды. Мұратбек Жоламановтың жары Гүлжәміш Бәкейқызы ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Аталмыш көрме 19 желтоқсанға дейін жалғасады.

  Еске сала кетсек, қылқалам шебері Мұратбек Тауфихұлының 50 жылдығы Батыс Қазақстан облысында кеңінен аталып өтілді.
Қоңыр ауылында Мұратбек Жоламанов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

jol05

   Жосалы ауылдық округіндегі А. Жұмағалиев атындағы орта мектепте Мұратбек Жоламанов атындағы сынып, Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында қылқалам шеберінің кеудетұғыры салтанатпен ашылды. Сырым аудандық мәдениет үйінің фойесіне Мұратбек Жоламановтың жұмыстарынан көрме, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде Мұратбек Жоламанов бұрышы ұйымдастырылды. Бұрышта суретшінің жұмыс жабдықтары, жеке дүниелері қойылған.

   Сондай-ақ «Арманы асқақ арғымақ» атты Мұратбек Жоламанов мұраларының жинағы жарық көрді. Алдағы жылдан бастап Сырым ауданында Мұратбек Жоламанов атындағы өңір суретшілерінің дәстүрлі байқауы жарияланбақ.

jol06

Нұрлыбек Раxманов,
www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале