Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Жымпиты ауылының босағасы қонақтан босамаған. Келім-кетім кісі көп. Халықаралық тас жолы бойынан небір елден қонақтарды қарсы алып, шығарып салу ауыл күнтізбесіне бас әріппен баяғыда жазылған.

Дүниежүзілік денсаулық мерекесінде ауыл жастарына жолға ерекше мақсатта шыққан ақсақалдың ақ батасын алу бұйырды.

Өзбек ұлтының азаматы Хурсанд Шеров Ташкент шаһарынан велосипедпен 10 Наурыз күні жолға шыққан. Осы уақытқа дейін Шымкент, Тараз, Түркістан, Қызылорда, Арал, Ақтөбе қалаларын бағындырып, бүгінде Сырым даласына табан тіреді. Бағыты — Мәскеу қаласы. Ол осы сапарын Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына, Әлия Молдағұлованың 80 жылдығына және Ұлы отан соғысының жеңісіне 80 жыл толуына арнайды. Алға қойған мақсаты Мәскеу қаласына Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай 9-мамыр күні жету. Жолаушы жалғыз емес. Ақтөбе қаласынан жанына серік болып Жұмабай Отарғалиев есімді қазақ велосипедшісі қосылған. Жолаушылар аудан орталығындағы балалар күрес залында болып, жас палуандармен жүздесті. Содан соң, С. Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде болып, тамырын тереңге жайған Сырым даласының тарихымен танысты. Ел азаматтары жолаушыға ақ жол тілеп, ұлттық дәммен, қазақы әнмен шығарып салды.
Қ. Жеңісұлы
Сырым ауданы