Теректі ауданы әкімдігінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының, облыстық білім басқармасының назарына!
Теректі ауданындағы Подстепный ауылында тұратын Әсия Меңдіғалиеваға кезегі жақындаған кезде Теректі ауданының әкімдігі үй беруден бас тартқан. Әкімдік мамандары әуелі 49 жастағы Әсия Амантайқызына жаңа пәтер береміз деп хабарласқан. Бірақ кейін «Жолдасыңыз Сұңғаттың атында үй тіркелген, сізге баспана бере алмаймыз» деген уәжді алға тартқан.

Меңдіғалиевтер алдымен заңгер Бауыржан Зәкиге жолыққан. Заңгер әлеуметтік желіде мәселе көтеріп, дабыл қақты. Расы керек, аталған отбасының жағдайы мәз емес. Ауласына кеңестік кезеңнен қалған мазут қалдығы төгілген. Қора-қопсы жағында үлкен темір бөшке (цистерна) тұр. Оның түбіндегі тесіктен сұйық мазут жерге жайылған. Топырақ бетіне мұнай өнімі әбден сіңген. Күрекпен сәл кертсең, бір кесек топырақпен бірге қарақошқыл май аударылып түседі. Жазғы уақытта мазуттың мүңкіген иісі шыдатпайды. Күн ыстық болған кезде мазут жер бетіне көпіріп шыға келеді.
Билікке үміт артып отырғанда, аз уақыттың ішінде әуре-сарсаңға түскен отбасыға арнайы барып жолықтық. Подстепный – облыс орталығы – Орал қаласына таяу орналасқан елді мекен. Школьный көшесіндегі №2 үйдің сыртқы кейпінен-ақ тұрғындарының қоңыртөбел тірлік кешіп жатқанын анық аңғарасың. Бізді қарсы алған отанасы фотограф екеумізді қош алып, шағын құжыраға бастап кірді. Әркім «Өз үйім – өлең төсегім» дейді ғой. Өздеріне кең сарайдай көрінгенімен, нақты жағдайды баяндау үшін бұл үйді «құжыра» демеске амал жоқ.

Әсия – төрт перзент тәрбиелеп отырған ана. Перзенттеріне жүрегі еміреніп тұрған ол «Жекеменшік жаңа баспанамыз болса екен» деп армандайды. Үйі өте ескі. Былтыр ауылға қар мол түскен. Дәл сол көктемгі су тасқыны кезінде ел әбігер болып жатқанда бұл отбасы да қызыл судың кесірінен зардап шеккен. Ауладағы қар күрт еріп, оның суы босағадан ішке құйылған. Кіреберіс оң жақтағы бөлменің іші суға толған. Оның салдары қандай болғаны айтпаса да түсінікті. Ағаш еден аяқ басқан сайын сықырлап, адам салмағына шыдамай, сынып кетіп жатыр. Қабырғаларына ылғал жайылған. Қоңырқай төбе көңілсіз күйінде төніп тұр.
– Біздің көшеге су тасқыны жете қойған жоқ. Бірақ ауладағы қардың суы үйдің ішіне толды да кетті. 2024 жылы төтенше жағдайға байланысты құрылған комиссия бірреттік төлем таратты ғой. Бірақ алақан жайып, ауыл әкімдігінен көмек сұрай қойған жоқпыз. Мына бөлмеде балалар асыр салып ой-найтын еді. Қазір оның ішін сыз жайлап алды әрі салқын. Көп балалы ана ретінде үй кезегіне тіркелген едім. Пәтер береді деп күтіп отырғанымызға сегіз жылдан асты. Былтыр аудан әкімдігінің «Үйің бар, пәтер бермейміз» деп бас тартқаны жаныма батты, – деді қамыға сөйлеген ана.

Өткен жылдың көктемінде үйге кірген суды өз күштерімен әупірімдеп сыртқа тасып шығарған. Бір апта бойы қаладағы туысқандарының үйін паналаған. Ортаңғы бөлмедегі асүйдің жағдайы да мәз емес. Оның да едені шіріп кеткен. Ылғал салдарынан үйдің қабырғалары жадау тартып тұр. Төргі бөлмедегі терезенің төңірегіне сызаттар түскен. Сол тұстағы жарықтарды отанасы қолмен әктеп, жамап-жасқап қойған. Тастан қаланған тамда тұрып жатқандарына ширек ғасыр толған. Әсия үлкен ұлы Әли үйленгенін айтты. Екі немере сүйіп отыр.

Ашығын айтқанда, Меңдіғалиевтердің күнкөрісі өте төмен. Подстепныйдағы облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназияда Әсия Меңдіғалиева еден жуушы, отағасы Сұңғат аула сыпырушы болып жұмыс істейді. Жалақылары 80 000 теңге көлемінде. Жергілікті билік ешқандай атаулы әлеуметтік көмек тағайындамаған. Қазіргі уақытта елдегі шағын отбасы азық-түлік сатып алуға кемінде 50-60 мың теңге жұмсайды деп есептесек, бұл отбасының «Шықпа, жаным, шықпамен» күн кешіп отырғаны белгілі. Әсия, әсіресе, қызының жағдайы туралы айтқанда көзіне еріксіз жас алды.
– 25 жастағы қызым Жансая әлі тұрмыс құрған жоқ. Қуықтай бөлмеде тұрып жатыр. Екі дипломы бар, бірақ жұмысқа орналасқан жоқ. Жеке кәсіпкерлер жұмысқа аламыз дейді де, сәл істеген соң алдап-сулап жұмыстан шығарып тастайды. Менің денсаулығым нашар. Қан қысымым жоғары. Демікпеге шалдыққанмын. Сәл ренжи бастасам, аяқ-қолдарым дірілдейді, аузым кеуіп кетеді. Маған ашулануға болмайды. 2015 жылы ота жасатқызып, бүйрегімнен тас алдырттым. Ревматоидты артрит деген диагнозым да бар. Кейде аяғымды баса алмай қаламын. Соған қарамастан жұмыстан шыққым келмейді. Дәрігерлер мүгедектік тобын тағайындаймыз деп еді, аудандық аурухана оны да құнттай қоймады. Құжаттарымды алып, бірнеше рет денсаулық сақтау басқармасына, аудандық ауруханаға баруға тура келді. Жұмыс орнынан қайта-қайта сұрана беру де қиын. Сөйтіп сабылып жүргенде, гимназиядағылар «Тез орал!» деп шақырып жатады, – деген Әсия Меңдіғалиева ауру тарихы жазылған көл-көсір қағазды жайып салды.

«Жығылғанның үстіне жұдырық» демекші, ауру-сырқау, кесел-кесапат балаларын да айналып өтпеген. Үлкен қызы Жансая Абылаева науқастанып қалғанда «медициналық сақтандыру жарнасы төленбеген» деп ақжелеңділер қарай қоймаған. Ал Жансаяның тұрақты жұмысы жоқ. Кенже қызы Гүлбақыт 7 жаста, ал ортаншы ұлы Мәди 15 жаста. Оларға арнаулы мамандар – психолог, логопед, дефектологтар сабақ береді. Мәди мен Гүлбақыттың саусақ, башпайлары біріккен күйінде дүниеге келген. Дәрігерлер ота жасап, араларын ажыратқан. Әке-шешесі балаларының дамуына зиянды қалдықтар теріс әсер етті деп топшылайды.
Подстепный ауылдық округі әкімінің орынбасары Жанаргүл Жеңісқызы (суретте) көпбалалы ана үйінің ауласында мазут өнімі бар екенінен бүгінге дейін бейхабар болғанын айтты. Наурыз айының аяғында қоғам белсендісі мәселе көтергеннен кейін ғана әкімдіктегілер үй ауласында зиянды өнімдер сақталған цистерна тұрғанын естіген. «Осыған байланысты үй иелері сотқа талап-арыз жолдады, біз де сот шешімін күтеміз», – деді әкімнің орынбасары. Былтырғы су тасқыны кезінде бірреттік материалдық көмек сұрамаған, олардың өздері кінәлі деген сыңайда уәж айтты. «Сол уақытта комиссия мүшелері әкімшілік ғимаратында екі ай жұмыс істеді. 500-ден астам адамның өтінімін қабылдады. Бұл отбасы бізге жолыққан жоқ», – деді Жанаргүл Жеңісқызы.
Қазіргі уақытта әкімдік Әсия Меңдіғалиеваға жылына бір рет берілетін материалдық көмек – 59 000 теңге төлемек. Ауыл әкімінің орынбасары бұдан басқа қаржылай немесе материалдық көмек бере алмайтындарын мәлімдеді. Жаңа үймен қамту мәселесі Теректі ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің құзырында екенін айтты. «2024 жылы үлкен қызы Теректі аудандық колледжіне «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа орналасты. Бір ай қызмет атқарып, кетіп қалды. Енді еңбек биржасы («Мансап орталығы») негізінде бір жыл жұмыс істеуге шақырып отырмыз. Жыл сайын жұмыс мерзімін ұзартып отыруға болады», – дейді әкімнің орынбасары.
Ал Әсия Меңдіғалиеваның өзі бірнеше рет ауыл әкімі аппаратына жолыққанымен, еш нәтиже шықпағанын айтты. Тіпті аудан әкімі Әлия Мұханбетжанованың қабылдауында да болған. Подстепный тұрғыны үшін жаңа баспана табу арманға айналды. Осы ауылда былтыр жаңа көпқабатты үй берілген. Аудандық бөлім 2024 жылдың желтоқсан айында Әсияға «жолдасыңның атында үй бар» деген себеппен пәтер берілмейтінін хабарлаған. Бұған дейін неге тексеріп, нақты жауабын ерте бермегендерін түсіндірмеген. Әбден тозған ескі үйде тұруға мәжбүр көпбалалы ана кімге үміт артарын білмей дал...
Үй орнында бұрын гараж, жылу қазандығы болған. Осы жердегі үлкен бөшкелерде мұнай өнімдері сақталған. Үй аумағына улы зат жайылғасын, аулада тал-терек, бау-бақша өспейді. Заңгер Бауыржан Зәкидің айтуынша, «EmirStroy» ЖШС су тасқыны кезеңінен кейін үйдің құрылысын тексеріп, мұнда тұру қауіпті екенін, үйді жөндеудің нәтиже бермейтінін растаған. Теректі аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының 13 ақпанда жариялаған зерттеу қорытындысына сай мұнай өнімі қалдығының құрамында бензин мен аммиактың мөлшері шамадан (нормадан) көп екені анықталды.
| Улы зат | Қалыпты көрсеткіш | Қазіргі көрсеткіш |
| бензол | 15,0 мг/м3 | 59,0 мг/м3 |
| аммиак | 20,0 мг/м3 | 76,5 мг/м3 |
Осы мәселе жөнінде Теректі ауданы әкімінің орынбасары Дархан Әбдірашитовке хабарластық. «Меңдіғалиевтер отбасына жауабымды бергенмін. Сол кезде мән-жайды түсіндірдім. Оларды баспана кезегінен ешкім алып тастаған жоқ. Бірақ жаңа үй алып бере алмайтынымыз анық», – деп қысқа ғана жауап берді.
Сонымен көпбалалы ананың мұң-зарына кім жанашырлық танытар екен? Бұл сұрақ басы ашық күйінде қалып отыр. Жергілікті атқарушы құрылымдар жаңа баспана беруге қауқары жетпейтінін мәлімдеп, аттондарын ала қашып отыр. Егер су жаңа пәтер берілсе, Меңдіғалиевтер ескі қонысын мемлекет меншігіне өткізуге дайын. Мемлекет әлеуметтік тұрғыда есепте тұрған осындай отбасыларға қол ұшын созбағанда, кімге көмектеседі? Жеке кәсіпкерлер арқылы үй салу тетігі бар, «Қаладан ауылға» жобасы бар атқамінерлердің ширақ қимылдағаны абзал. Сыз жайлаған қоныста тұра берсе, дімкәс жандардың сырқаты күшеймесе, бәсеңсімейтіні белгілі. Осы ретте денсаулық сақтау басқармасы да мекемелерге сабылып жүрген отанасының жағдайына жанашырлықпен қарағандары жөн деген ойдамыз.
Нұртай Алтайұлы,
«Орал өңірі»