16.04.2025, 16:30
Оқылды: 549

Айболат Нұрмұханов: «142 үй - апатты»

 

Тұрғын үй – бақуатты тұрмыстың алғышарты. Былтырғы жылы су тасқыны талай жылы ұяны бүлдірді, бұзды. Үкімет табиғи апаттан кейін санаулы ай ішінде рәсуа болған жеке ресурстарды да, мемлекеттік игіліктерді де қалпына келтірді. Соның дәлеліндей Өлеңтіде, Жымпиты мен Бұлдыртыдай қыздай тізілген қызыл үйлер, сымдай тартылған сұлу көшелер пайда болды. Десек те, көңіліне қонымды шешімге қолы жетпеген ауылдастар да бар. Сырым аудандық тұрғын – үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айболат Нұрмұхановпен сол жөнінде әңгімелестік.

IMG_0697

- Айболат Сақтағанұлы, 2024 жыл – Сырым ауданы үшін құрылыс жылы болды десек қателеспейміз. Әсіресе, тұрғын үйлер құрылысы қарқынды жүрді. Тасқын судан үйі тұруға жарамсыз күйге түскен көп жерлес жаңа баспананың иесі атанды. Зардап шеккендердің барлығы өздеріне тиесілі үйлерін алды ма?

- Төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен тұрғындардың өз өтініштеріне сәйкес техникалық қорытынды жасақталды. Техникалық қорытындыға сәйкес төтенше жағдайлар комиссиясы қорытындысына орай үй салатындарға үй салынып, тұрғын үйлерге жөндеуді қажет ететіндігі жөнінде техникалық қорытынды жасақталып, бағалау шығынына сәйкес тиісті қаржы өз есеп шоттарына аударылды. Сырым ауданы бойынша төтенше жағдай салдарынан суға кеткен тұрғындарға 150 үй пайдалануға берілді.

- Сапаларына қатысты сын, ескертпелер бар ма?  

- Сапаларына қатысты тұрғындар тарапынан бірнеше өтініштер бар. Тапсырыс беруші тарапынан барлық үйлер қаралып араланып, ақаулық актісі жасақталды. Жуық арада мердігер тарапынан ақауларды қалпына келтіру жоспарлануда.

- Төтенше жағдайға байланысты салынған үйлерден бөлек, 2024 жылы Сырым ауданында халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 45 үй тағы тұрғызылды. Ол үйлерге де жаңа иелері қоныстанып үлгерді. Бұл үйлердің иелері қалай таңдалды?

- 2024 жылы Сырым ауданы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына арналып салынған 45 үй Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес кезек ретімен тұрғын үй комиссиясының қорытындысы бойынша үй беру жөнінде шешім қабылданып берілді.

 - Жалпы, сіздің бөлімде қанша адам тұрғын үй кезегінде тұр?

 - «Сырым удандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі  тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою мемлекеттік қызмет көрсету бойынша қазіргі таңда жалпы 639 мұқтаж азаматтар тіркелген. Атап айтсақ, халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаты бойынша 214 адам, жетім балалар және ата анасының қамқорлығынан айырылған санаты бойынша 20 адам, жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес апатты деп танылған санаты бойынша 142 адам, мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер санаты бойынша 162 адам, көп балалы отбасы санаты бойынша 101 адам тіркелген.

- Кезекте жылжу бар ма?

- Біздің бөлім тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізіміне жыл сайын түгендеу жұмыстарын жүргізуде. Атында үй тіркелгендер немесе үй берілгендер уақытында кезектен шығарылатын болады. Бұл басқа тұрғындардың мүмкіндігін арттырады.

- Негізгі сауалдарға ойысайық. Тасқын кеткенмен, салдарымен күрес әлі жүріп жатыр. Мәселен, Жымпиты және Бұлдырты ауылдық округтерінде үйіне судан залал келгені кеш анықталған, соған байланысты аудан әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов жетекшілік ететін төтенше жағдайдың шығындарын өтеу жөніндегі комиссияға өтінішті кеш берген тұрғындар бар. Бұл үйлердің бірінің іргесіне су іркілген, кейбіріне кірген.  Уақыт өте келе баспананың есіктері қисайып, қабырғалары жарылып, едендері ісініп, халық сан соғып қалып отыр. Осыдан ай бұрын өткен «Ашық әкімдік» шарасында Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязовтың қабылдауына келгендердің дені осы мәселені көтерді. Бұл азаматтарға қандай көмек көрсетіледі?

- Жеке тұрғын үйі авариялық жағдайда болса, тұрғын үйін апатты деп тану үшін арнайы мамандандырылған лицензияланған тәуелсіз сарапшы мекемеге тексеру жүргізіп, қорытынды жасату қажет. Сонда ғана Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74 бабының 1 тармағына 4 тармақшасына сәйкес жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар санатына мемлекеттік тұрғын үйге мұқтаждар тізіміне қою мәселесі қаралатын болады. Тұрғын үй кезектілігі Заңға сәйкес ұсынылады. Кезектен тыс тұрғын үймен қамту Қазақстан Республикасының Заңнамаларында қарастырылмаған.

- Сіз айтып отырған «Үйлері апатты тұрғындардың» тізіміне қатысты сұрақтар көп. Біріншіден, тізімде бұрыннан тұрғандар бар. Олардың да - үйлері апатты, тұруға жарамсыз. (2024 жылдың екінші жартыжылдығы мен 2025 жылдың осы кезіне дейін қанша адам тіркелді екен?) Жаңадан тіркелген сол тізімді жалғастыра ма әлде «Үйі төтенше жағдайдың салдарынан апатты күйге түскендер үшін» жаңа тізім жасақтала ма?

- Қазіргі таңда «жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес апатты» деп танылған санаты бойынша 142 адам тіркеулі тұр. 2024 жылы төтенше жағдай орын алғаннан кейін үйі тұруға жарамсыз деп танылғандар ретінде тіркелген азаматтар барлығы осы санатқа тіркелуде. Мемлекеттік тұрғын үймен қамту үшін кезек ретімен ұсынады. Бұл жерде 2024-2025 жылдары төтенше жағдайлар салдарынан аппатты болған үйлерге бөлек тізім жоқ, барлығы бір тізімге топтастырылған. 2024 жылдың екінші жартыжылдығында 81 адам, 2025 жылдың осы кезіне дейін 23 адам тіркелген.

- Апатты санаттағы адамдар мемлекет тарапынан үйге ие болуы үшін өзінің үйін бұзуға, тиесілі жерін үкіметке тапсыруға міндетті. Ол аздай, алған үйі үшін арендалық төлем төлейді. Абай «Екі күймек бір жанға әділет пе?» - дейді. Халық үй – жайын үкіметке өткізіп бір күйеді, жаңа баспанасының құнын өтеп, тағы бір қиналады. Бұл дұрыс па? Сіз қалай ойлайсыз?

- Заңның тәртібі – осы. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67 бабының 1-1 тармағына сәйкес «Жалғыз тұрғын жайы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық деп танылған Қазақстан Республикасының азаматтары коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжай алған кезде меншік құқығындағы авариялық тұрғынжайды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес коммуналдық меншікке береді» делінген.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале