17.04.2025, 9:45
Оқылды: 390

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының өкілдері Ақжайық ауданы тұрғындарымен кездесті

Чапаев ауылында өткен осындай шараны ашып жүргізген облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов сайлау заңдылықтары, саладағы реформалардың нәтижесі жөнінде әңгіме қозғады. Бұл шараға зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар, жастар, БАҚ өкілдері қатысты.

IMG_0186 Бүгінде облыс бойынша сайлау комиссияларында 4075 адам жұмыс істейді. Олардың сайлау процесі бойынша біліктіліктерін арттыру мақсатында оқыту курстары үзбей ұйымдастырылуда. Жер-жерде осындай жүздесулер өтіп, жұртшылықпен байланыс нығайтылды. Осы басқосудың да мақсаты – саланы жетілдірудегі жұмыстарға қатысты пікірі бар, үн қоса алатын адамдармен сұхбаттасу, қандай өзгерістер керек – сол жөнінде пікірлесу.

– Сіздің ауданда күні ертең Тайпақ, Сарытоғай, Бударин ауылдарында ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтеді. Бұлар – әкімдерді тікелей сайлау енгізілгенде алғаш сайлау өткізілген ауылдық округтер. Енді тек ауылдық округ емес, аудан, облыстық маңызы бар қалаларда да әкімді халық өзі сайлайды. Демократияның алғашқы сатысы сайлаудан басталады десек, осы төрт жылда сайлау заңнамасы жетілдіріліп, бірқатар реформалар жүргізілді. Әлі де ұсыныстарымыз бар. Халықпен жүздесіп, соларды жинақтап, Парламентке заңға сайлау комиссиясының мүшелерінің рөлі, жауапкершілігі хақында өзгерістер енгізу үшін ұсынып жатырмыз, демек, осы саладағы өзгерістер халықтың қалауымен болып жатыр деуге толық негіз бар, – деді ол.

IMG_0201

Биыл облыста 49 ауылдық округ әкімінің сайлауы өтеді деп жоспарланған. Бұл жөнінде облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Асланбек Ғұбашев айтып кетті. Ол электораттың белсенділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, халықты ақпараттандыру тұрғысында жүзеге асқан қам-қарекетті баяндап шықты.

– Соңғы екі жылда облысымызда «Сайлау әділетсіз өтті» деген ескерту естілмеді. Саяси маңызды науқанның заң талаптарына сай, әділ, ашық өтуі – байқаушылар, бақылаушылар, бұқаралық ақпарат құралдары бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесі, – деді Асланбек Зинатұлы.

Еркін форматта өткен жүздесуде қатысушылар сайлау заңнамасы, саладағы бетбұрыстар, дауыс беруде белсенділікті арттыру хақында өз ұсыныстарын ортаға салып, сұрақтарын қойды.

«Жайық таңы» газетінің редакторы Әлия Шарапиева жастардың, әсіресе NEET санатындағы қыз-жігіттердің электоралдық мәдениетінің бәсеңдеу екенін атап өтіп, осы бағытта аумақтық сайлау комиссиялары мен жастар ұйымдарының бірлескен әрекеті қажет деп  сөзін түйіндеді. Айталық, жастардың белсенділігін арттыру үшін әлеуметтік желідегі насихатқа пәрмен үстеп, осы іске танымал, кейінгі буын үлгі тұтатын тұлғаларды тартса абзал.

Осыған қатысты жауабында Әділ Тауфиқұлы мектептер мен колледждерде облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мұрындық болуымен жүзеге асқан шаралар, дәлірек айтсақ, білім ордаларында  өткен оқушылар не студенттер парламенттерінің сайлаулары, «Жас сайлаушылар» клубының жұмысы жөнінде толыққанды ақпарат берді.

Тұрғындардың сайлау процесіне сенімін арттыру үшін сайлаудан кейінгі шараларды да пысықтау қажет.

– Әкімдікке, не депутаттыққа үміткерлер сайлауалды насихат жұмысында өз бағдарламасын таныстырады. Кейін сайлауда жеңген соң, сол бағдарламаның орындалуы туралы да белгілі бір уақыт аралығында есеп беріп тұрғаны дұрыс. Сонда халық осы үміткерге бекер дауыс бермегенін, артқан үмітінің ақталғанын көріп, лайықты бағалап отырады. Осы іс жолға қойылса, келесі сайлауда халықтың белсенділігі жоғарылауы үшін жасалған ұтымды бір қадам болуы ғажап емес, – деп тағы бір ұсыныс тастады Әлия Серікқызы.

IMG_0197

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Максим Үмбеталиев ауылдық округтердің дербес бюджетінің көлемін ұлғайту мүмкіндіктері туралы, еңбек ардагері Мұрат Сәрсенов кадр тәрбиелеу жөнінде мәселе көтерсе, сайлау саласында тәжірибесі мол еңбек ардагері Сағынтай Бисенғалиев мен мәслихат депутаты Әлішер Мағзомов саяси науқанның маңызын жастарға ұғындыру төңірегінде ой қозғады.

Өкілеттілік мерзімінен бұрын әкімдер неге жұмысынан кетеді – бұған сараптама жасала ма? Былтырдың өзінде ауданда бірнеше әкім өзіне жүктелген міндеттерден бас тартып, қызметін тастады. Мұндай жағдай жиіленбеу үшін үміткерлерге қойылатын талаптарды қатайту керек пе? Жиында қойылған осы сауалға А.Ғұбашев жауап берді.

– Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында еліміздегі жаңа әкімдердің 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемегенін атап өтті. Бір сөзбен айтсақ, олар – халық өзі таңдаған әкімдер. Олардың біліктілігін, басқарушылық қабілетін арттыру мақсатында әр облыста «Әкімдер мектебі» жобасы жұмысын бастады. Біз ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына өзіміз ұсыныс тастап, осы жоба аясында бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Бұл арқылы көздейтін мақсатымыз – сайланған әкімдердің ауыл-елдің өркендеуі жолында қызметін шыңдау, кәсібилігін жетілдіру.

Әділ Тауфиқұлы басқосу алдында қатысушылар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнаманың нәтижесімен шараны қорытындылады.

Әсем Есбек,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале