17.04.2025, 11:00
Оқылды: 328

Жаңақалалық медицина қызметкерлері аудандық фестивальде өнер көрсетті

Жер дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы талай жанның өмірін жалмап, талай отбасының бақытын бұзды. Ананы жесір, баланы жетім етті. Бес жылға созылған қанды қырғында медицина қызметкерлерінің еңбегі ерен екендігіне ешкім шүбә келтірмес. Майдан періштелері қаншама боздақты ажал тырнағынан алып қалып, екінші өмір сыйлады.  image-16-04-25-06-19-9 Қоғамның бел ортасында жүріп, әлемде маңызын жоймайтын, адамзат үшін қызмет ететін ақ желеңді абзал жандар қандай құрметке де лайық. Бұған дәлел – бүгін Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұмытылмас ұлы күн» атты аудандық фестивалінде аудандық аурухана мен «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығы ұжымдарының кәсіпте ғана емес, қоғамдық шараларда да белсенділік танытып, көрермен көзайымына айналулары.

image-16-04-25-06-19-6

Аталмыш фестивальдің кезекті тізгіні қос ұжымға ұсынылып, мекеме қызметкерлері шара шымылдығын ұрыс даласында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің рухына жаряиланған 1 минут үнсіздікпен ашты.

image-16-04-25-06-19-3

Одан әрі медицина институтында білім алып жүрген жерінен қан майданға аттанған Кеңес Одағының батыры, пулеметші Мәншүк Мәметованың өмір жолы мен сұрапыл соғыстан үзінді көрініс көрсетті.

image-16-04-25-06-19-2

Сонымен қатар «Соғыстан қайтқан солдаттар», «Соғыстың соңғы әні», «Жеңіс күні», «Жойылсын соғыс» әндері шырқалып, бір топ медбике попурри билеп, Құрманғазының «Балбырауын» күйі мен Мұқағали Мақатаевтың «Менен сұра» монологын орындаушылар көптің көңілінен шықты.

image-16-04-25-06-19-1
Кеш соңында сол бір сұрапыл сәтті сезіндіріп, көрерменнің көзіне жас үйірткен, ұлы күнді ұлықтаған медицина қызметкерлеріне залға жиылған жұрт орындарынан тұра қол соғып, зор қошемет көрсетті.

Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы

image-16-04-25-06-19

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале