18.11.2016, 18:34
Оқылды: 43

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызының қабылдауында 27 509 адам болған

%d0%ba%d0%b0%d0%bc%d1%83%d0%bd%d0%bd-%d0%bf%d0%be%d0%b5%d0%b7%d0%b4  Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Әміржан Әлпейісов және КХА депутаттық корпусының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің V шақырылымдағы депутаты Егорь Каппель қатысқан брифинг өтті.


  - Биыл қазақ халқы үшін, жалпы қазақстандықтар үшін ерекше жыл. Білегінің күшімен, найзасының ұшымен осынау ұланғайыр жерді бізге сақтаған ата-бабаларымыз, мың өліп, мың тірілген халқымыз армандаған Тәуелсіздіктің 25 жылдық тойына санаулы күндер қалды. Осы орайда жеткен жетістіктеріміз және алдағы белестерге қандай мақсаттар қоятынымыз жөнінде халықпен кездесу негізгі мақсатымыз. Астанадан бірінші қарашада шыққан пойыз 14-желтоқсанда Алматы қаласында өз жұмысын аяқтамақ. Біз осы 43 күнде 35 елді мекенде болып, жұмыс жасаймыз.

  Бұл пойызды «әлеуметтік пойыз» деп те атауға болады. Себебі халыққа әлеуметтік көмек көрсетіп, күрмеулі мәселелерін шешуді басты назарда ұстаймыз. Осы уақытқа дейін біздің қабылдауымызда 27 509 адам болды. Оның ішінде 5 771 адам дәрігерлік көмек алды. 3 650 адам түрлі министрліктердің көмегіне ие болды. Ауылдық жерлерде, елді мекендерде болып, халықпен кездесіп, олардың шешілмеген мәселелерін қарастырып, медициналық көмек көрсетіп, қажет деп тапқан жағдайда ауыр науқастарға Астана, Алматы қалаларында емделуге жолдама табыстап, оқу, білім, экономика, өзге де салалар бойынша ақыл-кеңес беру бағытында жұмыс жасап келеміз, - дейді Әміржан Қайырұлы.

  Егор Яковұлы қазіргі кезеңде мемлекеттік тілді терең игеруге ден қою керектігін, шынайы патриоттық тәрбие өзің өмір сүретін елдің ұлттық салт-дәстүрін, тілін игеріп, оған ілтипатпен қараудан басталатынын айтты. Ол сондай-ақ, тәуелсіздік үшін ғасырлар бойы күресіп өткен ата-бабаларды, Абылай хан, Қабанбай, Қарасай сынды күллі қазақ батырларын мақтан тұту керектігін, солардың арқасында еліміздің шекарасы бүгінгідей ұланғайыр аймаққа созылып жатқанын атап өтті.

Нұртас Сафуллин

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале