Жуырда «Атамекен» өнер ордасында тағдырын театрмен байланыстырған, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі – Хорлан Шәмелованың 50 жасқа толуына арналған «Актриса» бенефисі өтті.

Кеш шымылдығы «Ең әдемі келіншек» атты әсерлі көрініспен түрілді. Бұл бөлімде актрисаның нәзік болмысы мен сахнадағы шынайы келбеті ерекше айшықталды.
– Хорлан Аспандиярқызы біздің театрда 1993 жылдан бері қызмет етеді. Өмірі театрмен өрілген актрисаның ұстаздық қызметке бет бұрған уақыты да бар. Сонымен қоса «Дала дарындары», «Шабыт» фестивальдерінің дипломанты. 2024 жылы Ақтау қаласында өткен «Әбіш әлемі» ІІІ халықаралық театрлар фестивалінде Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» драмасындағы Қарагөз рөлі үшін «Үздік әйел адам бейнесі» аталымын иемденді. Оның сахнадағы шеберлігі мен адами болмысын біз жоғары бағалаймыз, мақтан етеміз. Бүгін мерейлі жасына орай бенефисін өткізіп жатырмыз. Негізі, бір қойылым арқылы кеш өткізгіміз келген, бірақ көрермендерге оның билейтінін, ән айтатынын көрсетіп, яғни актрисаны барлық қырынан ашқымыз келді, – деді Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры директорының орынбасары Арайлым Ихсанова.
Кеш барысында шәкірттері ұстаздарына деген алғыстарын білдіріп, жүрек тебірентер жырларын оқыды. Сонымен қатар актрисаның театрдағы жарқын образдары мен ұмытылмас рөлдері сахна төрінде қайта жаңғырды. «Қаралы сұлу», «Томирис» сынды спектакльдерден үзінділер ұсынылып, көрермендер сол сәттерге қайта оралғандай болды. Әсіресе актрисаның драмалық шеберлігі мен терең эмоцияға толы ойыны көрермен көңілін баурап алды.
Бенефистің тағы бір ерекше сәті – «Қайтар маған» әні болды. Бұл ән Хорлан Шәмелованың болмысын, жүрек үнін жеткізгендей әсер қалдырды. Театрсүйер қауым бұл кештен рухани азық алып, сахнаның қадірін, актерлік өнердің биік болмысын терең сезінді.
– Хорлан Шәмелова – сахнаға адалдығымен, рөлге берілгендігімен, өнерге деген шынайы сүйіспеншілігімен көпшілікке үлгі болған актриса. Республикалық, халықаралық фестивальдердің лауреаты. Оның өнер жолы – кейінгі буынға үлгі. Әріптесімізге шығармашылық табыс тілейміз. Жұлдызы жарқырай берсін! – деді театр директоры Нұржан Тасболатов.

Мерейлі кеште облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов, Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов, Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актері, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының облыстық филиалының төрайымы Эльмира Мақашева құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдіріп, алғысхат пен кәдесыйлар табыстады.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»