«Бабалар ізімен!» атты ұлттық спорт лигасы аясында бәйге түрлерінен іріктеу кезеңі кеше Сырым ауданында өтті. Тайлар мен құнандар жарысынан кейін сәйгүліктер топ бәйгеде бақ сынады.

Шараның салтанатты ашылуына Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов қатысты.
Серік Әнуарұлы өз сөзінде Сырым ауданындағы ұлттық спортты қолдау бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Тоғызқұмалақ пен асық ойнайтын балалар біздің жақта бар. Атқа мінетін бозұландар да жетерлік. Соның бәрі әрине үйірмелердің жүйелі жұмысынан. Мәселен, А. Шайхиев атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аударыспақ үйірмесінің жаттықтырушысы Төлеби Қайыржановтың тәлімі мен тәрбиесі арқасында ауылдың қанша баласының жылқыға махаббаты оянды, қаншасы ат үстіндегі күрестің чемпионы атанды. Төлебидің өзі аударыспақтан Әлемнің күмісін мойынына тақты, ұлттық құраманың мүшесі болды. Ал, ол негізін қалаған “Сырым батыр” көкпар командасы қазір облыстағы ойындарда серкеге иелік ете алатындай деңгейде.
Серік Әнуарұлы ат спортына жанашырлық жалғасатынын, командаға Қырғызстаннан қуатты, белді аттар алынатынын айтып қуантты.
- Әр үйде бір арғымақ кісінеуі керек, келер ұрпақ атқа мінбей бола ма?! - деді әкім орынбасары.
“Бабалар ізімен” атты ұлттық спорт түрлерінен облыстық лиганың Сырым аудандық іріктеу кезеңіне ауданымыздың Жымпиты, Өлеңті, Қособа, Жетікөл, Тасқұдық, Көздіғара, Бұлдырты, Жосалы, Аралтөбе ауылдарынан тай - құнандар қосылды. Ал, топ бәйге ашық болуы себепті, Жымпитыдағы аламанға Бөрлі, Қаратөбе Жәнібек аудандарынан арғымақтар келді.
Қыстан шыққан жұрт малын жайлауына жеткізіп, бір жайланып, тойтөбенің басынан дүбір күтіп жүр еді. Кеше атқа мінген бабалар ізімен атқа мінген балалар шапты.

Шаң көтерілмес бұрын шабандоздар «әумин» - деп, ауыл ақсақалы Бірән Қажымовтың ақ батасын алды.
Бәйгенің бас төрешісі Төлеби Қайыржановтың бұйрығымен сөре сызығына тізілген тайлар «Бисмиллях» деп, 3 шақырымдық айналма алаңға тізгін босатты. Тай жарысында өлеңтілік Ершат Нариман тізгіндеген Абылай Оралбаевтың тайы «Қызыл жұлдыздың» жұлдызы жарқырады. Бәйгенің сүйінші хабары Аралтөбеге кетті.
Екінші болып мәре сызығын Белла кесті. Белла - «Қайсар» спорт клубы қыстай ұйымдастырған тай бәйгелерінің жеңімпазы. Иесі – Алихан Жолдыбай.
Елдің тосқан жарысы – құнан бәйге. Жастұяқ тайлар халықтың да, ендігі шабатын жануарлардың да делебесін қоздырып қойған. Яғни, екі жақтың да қаны қызып, жалпы бәйгенің бабы келген сәт. Көрермендерге күліктердің түр-түсі, аты-жөні таныстырылып, атты жігіттер сөреге айдап алып кеткен-ді. Ауыздық шайнасып, тыпыршып тұрған құнандарды 6 шақырымдық бәйге жолына халық қиқумен шығарып салды. Топ ішінен суырылып, елдің көзіне қанатты жүйрік Қарлығаш түсті. Тіл көзден аман болғай жануар егесінің де , елдің де үмітін ақтады. Бәйге Өлеңтіге қалды. Ершат Нариман тізгіндеген Жантөре Ширмединнің Қарлығашы мәре сызығына дара келді. Бапкері - Айгерім Гумарова.
Дала дүбіріне белгілі ақын, журналист Бауыржан Ширмединұлы комментаторлық етті. Ол, самал желдің ескенін тек көлік терезесінен ғана сезініп жүрген жұртқа - «Toyota міңгеніңнен не пайда? балаң тайға міне алмаса» - деп, келген көрермендерді де ойландырып қойды.

Сонымен қатар, қазақтың құмай тазыларының жарысында қызықтады жұрт.
Қыс бойы саятшылық құрып, түлкі,қоянның түгі түлеген уақытқа дейін тазы жүгірткен серілер бұл сынға ең таңдаулы деген аңшы иттерін алып келді. Аңшылық маусымның жабылғанына да қыруар күн болған. Демек, құмай тазылардың да дала төсіне бауыр жазып жүгірмегеніне біраз күн өткен - ді. Байырда бір тазы бір ауылды асыраған. Олардың алдына тірі түлкі мен қоян сала алмаймыз, сондықтан желаяқ жануарлар шырға тартты. Жәнібектен келген Бегалиев Эльдардың Көкжалы жүйріктігімен көптің қошеметіне ие болды.
Топ бәйгеден көздіғаралық Ырысбек Қожағалиев қосқан Сакура деген жирен жүйрік топ жарды. Бірақ, айналымға жуық артта қалып қойып, тың күш тауып, қатарын қайта озған Ақсайдан келген Алау мен Қазынаға халық қошеметі ерекше болды.
Жарыстың марапаттау шарасында бәйге жеңімпаздары мен жүлдегерлерінен бөлек, аудандағы ат спортының дамуына үлесі бар шәкірттер марапатталды.
Аудан жастары ұлттық ат спорты түрлерінен кенже қалған емес. Бәйге десе есі кетіп, көкпар десе серке іліп, топ жарып жүр. Ақпарат үшін айта кетелік, Сырым ауданы бойынша ат спорты клубына 130 ға жуық балалар мен ересектер қатысады. Биылғы жылы осы бағытта 25 спорттық жарыстар өткізіліп, оған 800 ге жуық адам қатысқан. Сырым ауданы бұлдыртылық Мерей Ғарифуллин, өлеңтілік Ершат Нариман және Алихан Жолдыбай сияқты шабандоздармен мақтанады.

«Ең үздік шабандоз» атанды. «Сырым батыр» көкпар командасын ел танып қалды. Төлеби Қайыржанов аударыспақтан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанса, Әсет Нығмет ұлттық ойын – асық ату спортын дамытуға қосқан еңбегі үшін «Алтын сақа» төсбелгісімен марапатталды. Ал, Жымпиты өңірінен қазақ күресінің ең жарқын өкілдері шығатынын жақын мен жат біледі. , Оны республикалық “Ақ бидай” ауыл ойындарын да дәлелдеді балуандар. Көрермен керемет дала қызығын сыйлаған Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт, денешынықтыру бөліміне, «Қайсар» спорт клубына, ауылдағы спорт мектебіне, аспанның астын әнге бөлеген «Демалыс орталығы» МКҚК көркемөнерпаздарына дән риза.
Тай және құнан жарыстарының бес бірдей жүлдегеріне «Бабалар ізімен!» лигасының облыстық кезеңіне жолдама берді.
Қоңдыкер Елеуов
Сырым ауданы
Суреттерді түсірген: Айман Өтеғалиева