21.04.2025, 12:45
Оқылды: 786

Саралжындық түлектердің сыйы ауылға сән берді

Бөкей орда ауданының басшысы Нұрлыбек Даумов Саралжын ауылына арнайы барып кіреберіс қапталға еңселі арканың ашылу салтанатына  қатысты.

IMG-20250419-WA0062

Саралжындықтардың бастамасымен бой көтерген арканың ашылу салтанаты аудан басшысының сөздерімен басталды.
-Бүгін баршамыз үшін ерекше, жүрекке жылу сыйлайтын қуанышты күнге куә болып отырмыз. Салынған арка — тек ауылдың сәні мен сәулетін арттырып тұрған құрылыс нысаны ғана емес, бұл ауылдың абыройы, елге деген сүйіспеншіліктің, халықтың бірлігінің, ұрпақтың туған жерге деген адалдығының нақты көрінісі.
Бұл нысан ауылға қадам басқан әр азаматтың жүрегінде "Мен өз үйіме, өз жұртыма келдім" деген жылы сезім оятып, алыстан ат арытып жеткен мейманды "Қош келдіңіз!" деп құшақ жая қарсы алатын, рухани сәлемі бар белгі болады.
Бұл — ауылымыздың тарихына тағзым, бүгінгі тыныс-тіршілігіне құрмет, болашағына деген сенім мен аманат. Бүгінгі қуанышты сәттің ерекшелігі – бұл игі істің бастамашысы да, орындаушысы да, қолдаушысы да – осы ауылдың азаматтары!  Ауыл азаматтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ешкімге алақан жаймай, ұйымшылдықпен, ынтымақпен бұл арканы өз күштерімен тұрғызып отыр. Бұл – шын мәніндегі елге деген сүйіспеншіліктің үлгісі!
Қазіргі таңда басқа өңірде жүрсеңіздер де, туған ауылға деген жүрек қалауын, перзенттік парызыңызды еш ұмытпағаныңыз үшін шынайы алғыс айтамын! Бұл бастама — елге, жерге, атамекенге деген шынайы сүйіспеншіліктің, халқымыздың "Туған жерге туыңды тік!" деген аманатының орындалуы. Сіздердің бұл игі істеріңіз — тек ауылдың емес, барша елдің жастарына үлгі, бүгінгі буын мен келер ұрпаққа өнеге.Осы орайда, арканың жобасын ұсынған жандарға, құрылысына күш-қайратын, уақытын арнаған азаматтарға, материалдық жағынан көмектескен демеушілерге, ауызбіршілікпен жұмылған бүкіл ауыл халқына аудан атынан шынайы алғысымды білдіремін! Алдағы уақытта да осындай ізгі бастамалар көп болсын. Ауылымыз көркейіп, тұрғындарының бірлігі нығая берсін.Ауылымыздың абыройы асқақ, ел іргесі берік болсын, - деді Нұрлыбек Жасқайратұлы.

IMG-20250419-WA0080
Ауыл ақсақалы Аңсар Жолдабаев пен ауданның құрметті азаматшасы Қаламқас Жасқалиева апамыз да ауыл азаматтарына ризашылықтарын білдіріп, баталарын берді.
Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов өз кезегінде арканың негізін қалаушы меценаттар Руслан Құсманов, Руслан Байғуатов және Серік Зұлқашевке өз атынан алғысхат табыстады.

IMG-20250419-WA0070 IMG-20250419-WA0069
Ал арканың лентасын қию рәсімі  аудан басшысы мен меценаттардың бірі Руслан Құсмановқа жүктелді.
Сонымен қатар, Саралжын ауылдық округінің әкімі Нарынбек Кереш өз атынан аталмыш арканың құрылысына атсалысқан жерлестеріне алғысхат табыстап, барша саралжындықтарға алғыс сөздерін жеткізді.
Құны 3,2 млн теңгені құраған аркамен қатар жолаушыларға демалу мүмкіндігін беретін аялдама да салынған екен.

 

 Еркебұлан Рахметолла,

Бөкей ордасы ауданы

IMG-20250419-WA0056 IMG-20250419-WA0050

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале