22.04.2025, 9:45
Оқылды: 425

Сенбіліктегі еңбек еш кетпеуі керек

Орал қаласының Жұлдыз шағынауданында  кең  көлемде  сенбілік  өтті.  Бұл  іс-шараға  түрлі  мекемелердің  қызметкерлері  мен  студенттер  қатысты.

DSC08605

Осы жылы қала аумағында бірнеше сенбілік өтіп, шаһар тазалығына он мыңнан аса тұрғын атсалысқан. Сенбілік алдында облыс әкімі Нариман Төреғалиев табиғат жанашырларына алғысын айтып, қоқыс тазалау жұмыстары жалғасын табатынын  жеткізді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс бойынша 23 наурыздан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбіліктер өтіп келеді. Қаламыздағы Жұлдыз шағынауданы  –  тұрғындар   көп шоғырланған аймақ. Мұнда жаңа маңызды нысандар мен баспаналар бой көтеріп, шағынауданның әлеуеті жандануда. Өкінішке қарай, тексеру нәтижесінде бұл жердегі қоқыстың көбейгенін анықтадық. Бүгінгі тазалық жұмыстарына түрлі мекеме басшылары мен қызметкерлері қатысуда. Сондай-ақ шаһардағы жоғары және арнайы орта білім беретін оқу орындарының студенттері, ерікті жастар да өз үлестерін қосып жатыр. Соңғы кезде қала тазалығы тым күрделеніп кетті. Сенбілік өткен кей аумақтар қайтадан қоқысқа толып қалатын жайттар да ұшырасты. Азаматтар мен өскелең ұрпақтың бойына экомәдениетті қалыптастыру қажет. Кейбіреулер ескере бермейтін қарапайым сенбіліктердің өзі – танымы мол игі ісшара. Биыл қаламызда абаттандыру жұмыстары қарқын алмақ. Нақтырақ айтсақ, Орал қаласындағы 60 шақырымға жуық жол мен 58 көпқабатты тұрғын үй жөнделеді. Стелла аумағын жандандыру іс-шаралары басталып кетті. Дәл солай орталық базар маңындағы арбатты да көркейту жоспарда бар. Бүгінде облыс бойынша төрт теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр. Шаһар сұлулығы Астана мен Алматы қалаларынан кем түспеуі керек. Сіз бен біздің жұмыла істеген әрекетіміз нәтижелі жұмыстарға жетелейтінін  ұмытпайық,  – деді өңір басшысы.

Нариман Төреғалиұлы алдағы күндерде дүкендер мен кәсіпорындарға, сондай-ақ  тұрғын үйлерге цифрлы бақылау жүйесі енгізілетінін сөзге өзек етті. Яғни осы арқылы «Азаматтар тұрмыстық қалдықтарды заң талабына сай қоқыс жәшіктеріне лақтырады ма?» деген сауалдың шешімі айқындалады. Өңір басшысы табиғат тазалығына немқұрайлылық танытқан тұрғындардың заң аясында жауапкершілікке тартылатынын  екпін түсіре  айтты.

Сенбілік барысында студенттерге қала тарихы мен мәдениетіне байланысты сұрақтар қойылды. Жеңімпаздарға  бағалы  сыйлықтар  табысталды.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале