22.04.2025, 10:15
Оқылды: 399

Кітаптың жандай достары немесе бір жылда қанша кітап оқыдыңыз?

Гүлжан Ғинаятова – Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапхананың тұрақты оқырманы. Ол 2024 жылы аталған кітапханадан 41 кітап алып оқыған. Ал 2025 жылы 19 кітапты парақтап үлгеріпті.

Гүлжан

Гүлжан 2002 жылы 7 мамырда Казталов ауданының Талдыапан ауылдық округі құрамындағы Қособа ауылында дүниеге келген. Бастауыш сыныптарды Қособадағы мектепте, ал қалған сыныптарды облыс орталығындағы А. Байтұрсынов атындағы №10 жалпы орта білім беретін мектепте оқыған. Алматының Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін қазақ тілі мен әдебиеті  пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген. 2023 жылы президенттік шәкіртақы иегері атанған. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде магистратурада білімін тереңдетуде.

– Кітапқа деген қызығушылығым бала кезімнен басталды. Отыз үйлі алақандай ауылдағы кітапхана менің үйімнің жанында болатын. Жиі баратынмын. Кітапханашы Жұма Түкенова ертегілерді, аңыз-әңгімелерді ұсынатын. Мен сөйтіп кітапханамен дос болдым. Кітап – менің өмірімнің ажырамас бөлігі. Бала күнгі қызығушылық бүгінде дағдыға айналды. Анам бос уақытында кітап оқып отыратын. Кішкентай кезімде әжем «Айгөлек», «Балдырған» журналдарына арнайы  жазылып, маған оқытатын еді. Кітап өмірді, сондай-ақ өз-өзіңді тануға көмектеседі. Парақтағы көркем ойлар адамды ерекше сезімге бөлеп, қиялға беріліп, әлемді шарлауға септігін тигізеді. Кітап оқу арқылы ойлау кеңістігі кеңейеді. Сөздік қор молайып, сауатты жазуға әдеттенесің, – дейді Гүлжан Азаматқызы.

Кітапқұмар жанның сүйікті ауторлары – классик жазушылар – Дулат Исабеков пен Бексұлтан Нұржекеев. Осы қаламгерлер – оның қазақ әдебиетіндегі қос шамшырағы. Гүлжанның айтуынша, аталған жазушылар кез келген тақырыпқа пәлсапа һәм парасат биігінен көз тастайды және кейіпкерлері шынайы суреттеледі. Ол Бексұлтан Нұржекеев пен Дулат Исабековтің шығармаларын қайталап оқудан жалықпайды. Әрбір оқыған сайын өзгеше әсер алып, жазушыларды жаңа қырынан танығандай болады. Оған прозалық туындылар көбірек ұнайды. Әсіресе, қазақ жазушыларының томдарын парақтағанды ұнатады.

– Мен осы уақытқа дейін 200-ге жуық кітап оқыдым. Көркем әдебиетке қызығушылық танытып жүргендерге Дулат Исабековтің «Қарғынын», Бексұлтан Нұржекеевтің «Ерлі-зайыптыларын», Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхатын», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасын» ұсынар едім. Қазіргі таңда Орал қаласындағы №21 жалпы орта білім беретін мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Сабақ өткізу барысында оқушылардың рухани тұрғыда дамуына, сөз өнеріне деген құштарлығын оятуға баса назар аударамын. Шәкірттеріме кітаптың қадір-қасиетін жете түсіндіру – менің басты мақсат-міндетім. Мен олардың  кітапты көп оқығанын қалаймын, – дейді Гүлжан Азаматқызы.

Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының тұрақты оқырманы Перизат Рамазан болса, 2024 жылы 35 кітап, ал биылғы жылдың алғашқы үш айында оқығаны – 15 кітап.

Перизат

Ол Қаратөбе ауданындағы Мұхит ауылында 2006 жылы 2 қараша күні дүниеге келген. Бастауыш сыныптарда Бәйтерек ауданының Садовый  ауылындағы Пригород мектебінде оқыған. 5-9 сынып аралығында Асан ауылындағы мектепте білім нәрімен сусындаған. Қазіргі таңда  Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің 4-курс студенті.

– Кітапқа деген құштарлығым мектепте басталды. Ертегілерді көп оқыдым. Балаларға арналған журналдарды ақтарып, керемет өлеңдер, әңгімелер тауып алатынмын. Кейін әпкеммен жарысып кітап оқыдым. Екеуміз парақтаған кітаптарымыз жайында бір-бірімізге ой-пікірімізді айтып, емін-еркін әңгіме-дүкен құратынбыз. Кітапты оқып, сол туралы пікір айтуды меңгеру қажет. Ой жинақтап, туындының мазмұнына, идеясына, аутордың жеткізгісі келген ойына баса назар аударған жөн деп есептеймін. Алдағы уақытта оқитын кітаптарымның тізімін жасап, түсінген дүниелерімді күнделігіме түртіп отырамын. Осындай жақсы әдет қалыптастырдым. Кітап оқу арқылы адам өз-өзін жан-жақты дамытады. Дүниетанымын кеңейтеді. Шерхан Мұртаза, Бердібек Соқпақбаев, Дулат  Исабеков – менің сүйікті жазушыларым. Мен повестерді, романдарды көп оқимын. «Дайағашшы», «Таста-машы, Ана!», «Интернат наны», «Ай мен Айша», «Ақ боз үй», «Даналық ойдан дән ізде», «Сүйекші», «Айналайындарым менің», «Әке», «Жабайы алма» секілді туындылар маған ерекше әсер етті, – дейді Перизат Жұмабайқызы.

Дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 8-сынып оқушысы Әлижан Тұрғали 2021 жылдан бері Хамза кітапханасынан 64 кітап алып оқыған көрінеді.

Әлижан

Оған Толымбек Әбдірайымның «Алабұға аулаған күні», Данияр Жігітбектің «Қаржы қағидалары», Нельсон Феллдің «Русия һәм көшпелілері» қатты ұнаған.

– Маған анам кішкентай кезімде күн сайын жаңа кітап оқитын, мен тыңдап отыратынмын. Көркем әдебиеттің берері мол. Ғылыми кітаптардың пайдасы зор екені айтпаса да түсінікті. Кітап білім мен мүмкіндіктерге жол ашады, жаңа технологиялар мен болашаққа деген көзқарасыңды қалыптастырады. Публицистиканың да жөні бөлек. Қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, жедел ақпарат береді. Мұхтар Мағауин, Бердібек Соқпақбаев, Шыңғыс Айтматов, Оралхан Бөкей, Әзілхан Нұршайықов, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза Әли, Байбота Қошым-Ноғай сынды қаламгерлер жаныма жақын. Маған көркем әдебиет, тарихи  шығармалар, публицистикалық және мотивациялық кітаптар ұнайды. Сыныптастарым да кітапты көп оқиды, – дейді Әлижан Нұрбекұлы.

Мәрлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале