Бөкей орда ауданында өз еркімен қоқыс жинап, ауылымыздың тазалығына өз үлесін қосып жүрген жан бар. Ол – Хан ордасы ауылының тұрғыны, кәсіпкер Сергей Вялых. Табиғат жанашыры ауыл шетіндегі жыңғыл өскіндері арасындағы шашылып жатырған күнделікті тұрмыстық қалдықтарды жинақтап, бізге техника жағынан көмек сұрап хабарласқан болатын. 
Сергей ағамыздың айтуынша бірде немересімен табиғатқа шығыпты. Жыңғыл толы қоқысты көріп, немересі «мына жер неге лас?» деп сұрақ қояды. Титтей ғана баланың бұл сауалына жауап бар ма? Айналаны ластап, қоқыс-қалдықты үйден ұзамай, лақтыра салатын балалар емес, ақыл тоқтатқан ересектер екені айтпаса да түсінікті емес пе?
Сол кезден бастап Сергей ағамыз ешкімнің үндеуінсіз, иә, бұйрығынсыз, өз еркімен қалдық-қоқысты жинауды әдетке айналдырған. «Менің осы табиғатқа деген жанашырлығымды көрген немерелерімнің жаман әдетке бой алдырмасы анық» дейді.
Табиғатқа деген сүйіспеншілік, қоршаған ортаны аялау сияқты адам бойындағы асыл қасиеттері бар осындай азаматтарымыздың қатары көбейсе деген тілектеміз.

Адам баласының шаруашылықтағы кез-келген әрекетінен шыққан әртүрлі тұрмыстық қалдықтарды арнайы қоқыс төгу полигонына жеткізбей-ақ, ауыл шетіндегі жыңғылға немесе орман ішіне апарып шашып кетуі табиғатымызды ластауда. Бұл жайт ауылымыз үшін күрделі мәселеге айналған. Табиғатымызға төніп тұрған қатердің алдын алу мақсатында ел болып жанашырлық танытуымыз қажет. Ол үшін жүрген жерімізді ластамау, күл-қоқысты төкпеу өте маңызды. Өзіміз өмір сүріп жатқан төңіректі таза, гүлденген күйінде келер ұрпаққа аманаттау сіз бен біздің мойынымыздағы міндет.

Айналамызды сырттан біреу келіп жинап бермейтіні анық, сондықтан кейінгі буынға үлгі тұтып, әр тұрғын осындай игі іске араласса екен деген ойдамыз.
Гаухар Сәрсенғалиева,
Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау
жөніндегі КММ-нің орман қорғау және күзету инженері