Дені сау ұрпақ - ұлттың баға жетпес байлығы, жарқын болашақтың кепілі деп жатамыз. Бүгінде елімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Оны ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та осы жылы қаңтар айында "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында тағы бір мәрте айқындаған болатын. Бұл бағытта ауданымыздағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің атқарып жатқан жұмысы орасан.
1974 жылы негізі қаланған мектептің алғашқы басшысы Әзизбек Смағұлов болды. Кейіннен Жақсылық Абдрахманов, Андрей Шнайдер, Аспандияр Мұқанов, Кенжехан Түсіпханов пен Хайыр Мұратов директорлық етті. 2009 жылдан бері ауданымыздан шыққан тұңғыш спорт шебері, "Спорт ардагері" төсбелгісінің иегері Жайсаң Есекенов басқарып келеді.

Күні бүгінде олимпиадалық және ұлттық спорттың 10 түрінен (волейбол, футбол, баскетбол, дзюдо күресі, қазақ күресі, еркін күрес, қол күресі, гір спорты, тоғызқұмалақ және бокс) барлығы 436 оқушы жаттығады. Сонымен қатар Жаңақазан, Жаңажол, Көпжасар, Бірлік, Қызылоба округтерінен де қазақ күресі, қол күресі, дзюдо мен еркін күрес сынды үйірмелер ашылып, ауыл спорты айтарлықтай дамуда. Бұл жерде балалардың тыңғылықты дайындығын қадағалап, әрдайым шеберлігін шыңдап жүрген 19 жаттықтырушы-оқытушы жұмыс істейді. Олардың ішінде 1 - жоғары санатты, 2 - І санатты, 5 - ІІ санатты және ұлттық дәрежедегі І санатты төреші қамтылған.

Жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, еркін күрес секілді 3 жаттығу залы бар спорт мектебіне 2019 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Тарыдай боп кіріп, таудай боп шығатын жаңақалалық сайыпқырандар аудандық, облыстық жарыстардан бөлек, республикалық, халықаралық додаларда сынға түсіп, жеңіс төрінен орын алып жүр. Оған мысал, өткен жылы тоғызқұмалақтан Нұрберген Түсіпқали республикалық кезеңнің жеңімпазы атанса, Монғолия елінде өткен Азия чемпионатында және былтыр Чехия елінде оздырылған байрақты бәсекеде Нұрәлі Арматұлы 2-орынға ие болды. Қазіргі таңда Нұрәлі ҚР құрама командасының мүшесі. Мектеп түлегі Айбатыр Миразат қазақ күресінен ҚР чемпионатында 3-орынға, республикалық "Жас Барыс" турнирінде жеңімпаз атанды. Сондай-ақ Райымбек Серікқали, Нұрәлі Ерғалиев, Самат Самиғуллин, Ділмұрат Меңдібекұлы, Ерасыл Ишан, Рамазан Рысқалиев те облыстық чемпионатта жеңіске жетіп, республикалық кезеңге жолдама алған болатын. Дзюдодан Мирас Қуанышқалиев Ташкент қаласында өткен Азия кубогында 3-орынды еншілесе, қол күресінен Жантілеу Тұрарбек, Ерқанат Қабдрахим, Әлішер Меңдібай, Нұртілеу Тұрарбек Қазақстан біріншілігінде өнерлерін ортаға салған болатын.

Міне, тізіп жаза берсең, спорт мектебінің жетістіктері жетерлік. Әрине, спортшыларымыздың бұл жеңістері өзгелерге ерекше құлшыныс берері анық. Сондықтан болар, ауданымызда балаларын спортқа беруге ниеттілердің қатары едәуір артқан. Осы ретте айта кету керек, спорт мектебі облыс бойынша алдыңғы қатарда.

Спорттың тәртібі бойынша спорт мектебі балаларды 6 жастан бастап қабылдайды. Әрине, оларды бірден спорттың қиын түріне қабылдай салмайды. Жас жеткіншектердің спортқа деген қызығушылығын ояту мақсатында ең алдымен оңай ойын түрлеріне алады. Содан кейін ыңғайына қарай, өздерінің таңдауы бойынша бейімділігін байқап, басқа спортқа икемдейтін көрінеді. Жаттықтырушылар баланың ең бірінші спортқа ынтасын оятып, қызықтыруға баса мән береді. Ол үшін мектептің арнайы біліктіліктен өткен жаттықтырушылары жұмыс істеп, балаға барлық жағдайды туғызады.

- Қазіргі уақытта тоғызқұмалақ ойыны тек елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде де кең көлемде ұлықталып жүр. Мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер арасында төл ойынымыздан жарыстар жиі өтіп тұрады. Соған байланысты біздің мектепте тек оқушылар ғана емес, ересектер де тоғызқұмалақтан бөлек, бестемше, дойбы, шахмат үйірмелеріне тегін қатысып, айтарлықтай жетістікке жетуде. Мәселен, жуырда тоғызқұмалақтан өткен облыстық сайыста Жаңажол ауылының әкімі Айбек Ишанов күміс жүлдені қанжығасына байлады. Алма Мазитова мен Әділет Хамзаев сынды әуесқой ойыншылар күміс жүлдеге ие болса, Болатбек Қуанышәлиев қоламен қоржынын толтырды. Ал Қаламқас Карина республикалық додада алтыннан алқа тақты. 40 жылға жуық тоғызқұмалақтың жілігін шаққан Қайрат Мұратов есімді зейнеткер ағамыз төл ойынымыздан "Спорт ардагері" атанды.
Оқушыларымыздың да жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай. Ұлттық ойынымыз бойынша Жаңақала ауданы облыс көлемінде үздік үштікте. Нұрәлі Арматұлы, Нұрберген Түсіпқали, Бейбарыс Жолдасқали сынды спортшыларымыз тамыз айында оқушылар арасында өтетін Азия чемпионатына, қыркүйек айында Астана қаласында ұйымдастырылатын әлем чемпионатына дайындалу үстінде. Халықаралық жарыстарда орын алған спортшыларға БҚО денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының қолдауымен 30 мың теңге көлемінде 2 жыл шәкіртақы тағайындалған. Мұның өзі біз үшін үлкен мәртебе, - дейді тоғызқұмалақтан жоғары санатты жаттықтырушы Қайрат Шәутенов.
– Менің бұл салада еңбек еткеніме 40 жылдың үстіне шықты. Шама-шарқымызша аудан спортын дамытуға жұмыс жасап келеміз. Алдағы уақытта да осы мақсатқа бар күш-жігерімізді, қарым-қабілетімізді жұмсай береміз. Еткен еңбегімізге сай жетістіктеріміз де баршылық. Шәкірттерін сындарлы сайыстарда шыңдай білетін жаттықтырушылардың тынбай төккен терінің арқасында аудан жастары үлкен додаларда топ жарып жүр. Бұл ретте ата-аналардың да үлестері мол. Рухани демеп қана қоймай, материалдық тұрғыдан да көмектерін аяған емес. Ауылдың атымтай азаматтары да спортшыларымызға қаржылай демеушілік танытып келеді. Атап айтсам, Махмуд Ешкаев, Айдарбек Таңатаров, Батырбек Бердіғалиев, Қуаныш Сапаров, Хамит Сәбенов сынды спорт жанашырларының қолдауларымен балаларымыз байрақты бәсекеде бақ сынап жүр. Қазір спорт түрлеріне ата-аналардың да, балалардың да ықыласы күн санап артып келеді. Бұл біз үшін көңіл қуантарлық жағдай. Алдағы уақытта спорт мектебіміздің жоспары өте көп. Бүгінгі бала ертең әлем чемпионы болу әбден мүмкін. Сол үшін аянбай қызмет етеміз. Болашақ чемпиондарды дайындайтын мектебіміз 2019 жылы күрделі жөндеуден өткен болатын. Ендігі кезекте жаттығу құралдарын жаңарту қажет. Ең бастысы, аудан абыройын асқақтататын спортшыларымыз аутобуспен қамтамасыз етілсе, үлкен демеу болар еді, - деп балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Жайсаң Ахметұлы орайлы сәтте ұсынысын да жеткізді. Иә, жыламаған балаға тамақ жоқ. Айтуы орынды. Тозған жабдықтарды өз көзімізбен көрдік.
1 пайыз талант пен 99 пайыз төгілген тер ғана табысқа қол жеткізуге жол ашады. Жалпы, адамның бойында туа біткен қандай да бір іске деген қабілеті болады. Оны қолданса, дарындылығы байқалады, әрі қарай дамып, жетілдірсе, талантқа айналады. Дамытпаса, бойындағы қабілет жұмбақ түрінде қалып қояды. Спорт та, спортшы да сол сияқты.
Талай тарланбас спортшылар тәрбиелеп шығарып отырған спорт мектебінің шәкірттері әлі де қырандай қанаттарын құлаш сермеп қияға өрлейтіндеріне бек сенеміз.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала аудандық