Биыл адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс, 1941-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғысының жеңіспен аяқталғанына 80 жыл. Бұл – батырлық пен ерліктің, қайсарлық пен бірліктің символына айналған айтулы мереке. Елге мұра, ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңісті ұлықтау, қан майданда оқ пен оттың арасында өмірлерін қиған және тылда жанкешті еңбектерімен жеңіске үлестерін қосқан ардагерлерімізді, есімдері ерлік шежіресінде жазылған батырларымызды құрметтеу, даңқты жолдарын үлгі-өнеге тұту бүгінгі ұрпақ парызы.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Жәнібек ауданына келген «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы мен мүшелері ауылдың оңтүстік-батыс бетінде орналасқан бауырластар қорымына бет алды. Онда соғыс жылдарында 140 боздақ мәңгіге тыныс тапқан. Олардың қатарында сардарлар мен қатардағы сарбаздар, медбикелер бар. Сонымен қатар бұрынғы №804 жылжымалы механикаландырылған колонна ғимараты аумағында орналасқан бауырластар зиратында болды. Мұнда 1942-1943 жылдары қаза тапқан 70 жауынгер жерленген. Қос зиратта генералдар гүл шоғын қойып, тағзым етті.

Одан кейін соғыс кезінде бомба түскен жаралы су мұнарасына барып, тарихқа қанықты. Бұдан соң олар батырлар аллеясына аялдады.

Мұнда Ұлы Отан соғысының Батырлары М.Мәметова, Х.Доспанова, Е.Ниетқалиев, Н.Чуриков ескерткіштері мен жалпы ауданнан соғысқа аттанған 3602 адамның есімі жазылған тақта бар. Жиналғандар бір минут үнсіздікпен еске алып, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы