24.04.2025, 12:15
Оқылды: 281

«Жедел жәрдемнің» жұмыс тәртібі өзгереді

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің https://www.gov.kz сайтында жарияланған. 

Жедел жәрдем ЖП

Енді 1 мамырдан бастап төртінші санатты шақыруларға (мәселен, жоғары қан қысымы, дене қызуы немесе жеңіл жарақаттар сияқты өмірге қауіп төндірмейтін жағдайлар) күндізгі уақытта емхана жанындағы мобильді бригадалар бағытталады. Нақтырақ айтсақ:
● Емханалардың жанындағы мобилдік бригадалар таңғы 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді;
● Жоғарыда айтып кеткендей, өмірге қауіп төндірмейтін жеделдіктің 4-санатындағы шақыртулар емханалардың жұмыс уақытында МСАК мобильдік бригадаларына қайта бағытталады;
● Ал кешкі 20:00-ден кейін және демалыс күндері барлық шақыртуларға, соның ішінде 4-санатқа бұрынғыдай «Жедел жәрдем» бригадалары қызмет көрсетеді.
Мұндай қадамға бару – «Жедел жәрдем» шақыртуларының 50%-дан астамы жеделділіктің 4-санатына жататындығы және созылмалы аурулардың өршуіне байланысты жиі түсетіндігі себеп болған. Сондай-ақ медициналық-санитариялық алғашқы көмектің мобильдік бригадалары шақыртуларға шығып, науқастардың үйіне жоспарлы түрде де барады. Қажет болған жағдайда мобильдік бригадалар арнайы бағыттағы мамандармен бірге қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, балаларға көмек педиатрдың қатысуымен, ересектерге пациент жағдайының сипаты мен ауырлығына байланысты арнайы мамандарды (кардиологтар, невропатологтар және басқа дәрігерлер) тарта отырып, ем-дом жүргізеді.
Айта кетсек, «Жедел жәрдемді» шақырту механизмі өзгеріссіз қалады, 103 нөмірін теру арқылы азаматтар тәуліктің кез келген уақытында шұғыл медициналық көмекке қоңырау шала алады. Мобильдік бригаданың шақыртуға келу уақыты – 60 минутқа дейін. Барынша шұғыл санаттар үшін мынадай нормативтер: 10 минут — бірінші, 15 минут — екінші және 30 минут – үшінші санаттағы шақыртулар үшін көзделген.

Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале