28.04.2025, 17:00
Оқылды: 213

Бірлік пен заң үстемдігі – тұрақты мемлекет негізі: Конституцияның 30 жылдығы мен 1 мамырға арналған дөңгелек үстел өтті

Орал қаласында Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толуымен Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті ұйымдастырды.

WhatsApp Image 2025-04-28 at 12.56.17

Дөңгелек үстел жұмысына мемлекеттік қызметшілер, ғылыми қауым өкілдері, өңірлік басқарма басшылары мен жастар қатысты. Кездесудің мақсаты – Қазақстан Республикасының Конституциясының тарихи мәні мен құқықтық жүйедегі рөлін, бейбітшілік пен ұлт аралық келісімнің маңызын талқылау.

Жиынды ашқан Департамент басшысы Мұрат Байсалов қатысушыларды мерекелермен құттықтап, Конституциямен бірлік ұғымдарының мемлекеттік қызметтің күнделікті жұмысында алатын орнына тоқталды: «Ата Заң – елдің тұғыры, бірлік – оның қуаты. Мемлекеттік қызметші осы екі құндылықты әрдайым жүрегінде ұстауы керек», – деді ол.

Шара барысында қоғам қайраткерлері мен сарапшылар мазмұнды баяндамалар  жасады.

Осылайша, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстағы филиалдың директоры Л.Ж.Нарушева баяндамасында Ата Заңның ел дамуындағы рөлі мен қазіргі заманғы басқару жүйесіне ықпалын атап өтті. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің оқытушысы, магистр Р.Н. Жумагулов тарихи кезеңдерге терең талдау жасап, Конституциялық эволюцияның саяси негіздерін сипаттады. Облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшы орынбасары Г.Б.Шукеева өзінің баяндамасында құқықтық мемлекет қағидаларын насихаттап, азаматтық қоғаммен байланыс пен жауапты мемлекеттік басқару мәселелерін көтерді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірдегі өкілі Ж.Ж.Нұрмағамбетова «Адам құқығы – басты құндылық» баяндамасында Конституцияда бекітілген адам және азамат құқықтарының сақталуына қатысты өзекті мәселелерге тоқталды.

Сонымен қатар, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшы орынбасары А.Абишева баяндамасында этносаралық тұрақтылық, ұлттық бірлік саясаты мен Конституцияның біріктіруші рөлі жайында ой бөлісті. Іс-шарада халық мақал-мәтелдері мен Президенттің ұстанымдары келтіріліп, патриоттық бағыттағы идеялар кеңінен қамтылды.

WhatsApp Image 2025-04-28 at 12.56.17 (1)

«Бірлік бар жерде – тірлік бар», «Туған жердің түтіні де тәтті» – деген дана халқымыздың ұлағаты іс-шараның басты маңызын ашып көрсетті. Қатысушылар Конституцияның құндылықтарын насихаттаудың, заңға құрметпен қараудың және мемлекеттік қызмет жүйесінде бірлік пен әділет қағидаларын ұстанудың маңыздылығын атап өтті.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша пікір алмасулар мен ұсыныстар айтылып, бірқатар бастамалар қолдау тапты. Қатысушылар осындай мазмұнды кездесулердің болашақта жалғасын табуына ниет білдірді.

 

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале