Казталов ауданы, Жалпақтал ауылдық Мәдениет үйінде “Біздің батыр аталар” атты тарихи танымдық кездесу өтті.

Кездесу барысында қазақтың сан ғасырлық тарихында келешегіміз үшін мақтан тұтып ғибрат алар оқиғалар мен елдің тағдырын өзінің тағдырынан биік қойған батыр аталарымыздың мақсат-мұраты үлгі етілді. Ел басына күн туған сәттерде киелі Жалпақтал топырағынан түлеп ұшып, ұрпағының жарқын болашағы үшін атамекенінен майдан даласына аттанған ер азаматтар саны аз болған жоқ. Бүгінгі басқосуда ауылда өсіп келе жатқан жас өрендерге екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қаһарман аталардың ерлігін дәріптеп, жас буынның бойындағы патриоттық сезімін арттыру болып табылды.
Ұлы жеңіске 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған тарихи танымдық кездесуде Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Ғаділбек Әлібеков, бастауыш ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ғилым Едекешев сөз алып, қасиетті Жеңістің маңыздылығын атап өтті. Одан кейін өмір жолы осы өңірде өрілген қаһарман аталар жайлы бейнебаян экраннан көрсетілді. Ұлы Жеңісті жақындатуға атсалысқан ардагер ата-әжелеріміздің көпшілігі ұрпағының жарқын болашағы үшін қасық қаны қалғанша шайқасып, бейбіт өмір сыйлай білді.

Қазір көгімізде Тәуелсіздігіміздің көк туы желбіреп тұр. Бабалар ерлігін ұмытпай, аталар есімін ардақтау бүгінгі күнде бәрімізге аманат. Соғыс ардагерлерінің рухына қашанда құрметпен бас иеміз! Жеңісті, жемісті күндеріміз көп болғай!
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы