Кез-келген жан өмірге келіп, адам атанады, ал оған азамат деген атты ел-жұрты береді. Ісі мен сөзі үйлескен, білімі мен білігі сабақтасып, пайымы мен парасаты ұштасқан жанды көпшілік азамат деп үлгі тұтады. Біз білетін Марат Тоқжановты абырой биігіндегі атпал азаматтардың бірегейі десек артық айтқандық емес.

Егемен еліміздің қалыптасу жылдарында республикамыздың біраз өңірінде жауапты қызметтер атқарған Марат Лұқпанұлы кейінгі бес жылдан бері Бәйтерек ауданының әкімі лауазымында еңбек етіп келеді.
Бәйтерек - агроөнеркәсіп кешені мен өндірісі дамыған облысымыздағы ең ірі аудан. Бұл ауданды біраз азаматтар басқарды. Әркім өз деңгейінде, шама-шарқынша, сол кездегі жағдайға, мүмкіндікке сәйкес еңбек етті. Әрқайсы да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлестерін қосты. Осынау қызметті Марат Лұқпанұлы өз білімінің, кәсіби мол тәжірибесінің арқасында өте жоғары деңгейде атқарып жүр. Бұған ел куә.

Шебер ұйымдастырушылық қабілетінің, табанды еңбек пен талапшыл мінезінің арқасында ауданымызда көп жұмыс жасалуда. Мұндай әкімі бар бәйтеректіктердің жолы болды деп ойлаймын.
Орыстарда сөз бар ғой «взять быка за рога» деген. Мәкең жұмысты солай бірден белсенді түрде бастағаны маған ұнады. Бойында жақсы қасиет көп. Солардың ішінде дербестік пен құзыреттіліктіліктің арқасында кез-келген мәселені жақсы түсініп, орын алған түйіткілді шешіп, алдына қойған мақсатына жете біледі.
Қарапайымдылығы да көптің көңілінен шығатыны анық. «Мен әкіммін» деп шіренбейді. Адамның бәріне тең қарайды, кез-келген жанмен амандасып, қал-жағдайын сұрап жатады. Тіпті керек болса, уақыт бөліп, оның мұң-мұқтажын да тыңдап, тығырықтан шығар жолды бірге іздеседі.
Январцев - ауданымыздағы ең шеткері әрі ірі ауылдық округтің бірі. Аудан басшысы мұны жіті ескеріп, жиі келіп, ауылдарды аралып, тұрғындарымен кездесіп, қал-жағдайын сұрап жүреді.
Былтырғы су тасқыны кезінде де өзі басы-қасында жүрді. Қолына күрек алып, құм салынған қаптарды тасыды. Кирсанов ауылынан Январцевқа дейін биік дамбаның салынуына ұйытқы болды. Оны салмас бұрын бұл бағыттағы менің де пікірімді сұрады. Жайықтың суы 20 см-ден көп көтерілсе, ауылға қауіп төнетінін айттым. Кеңес заманында «Вперед к коммунизму» кеңшарында директор болған кезімде 1980 жылдардың соңында біз де дамба салғанбыз. Кеңшардың тракторларымен шағын бөгеттерді жасадық. Бірақ одан бері қанша уақыт өтті. Бүгінде олар үлкен тасқынға қорған бола алмайтыны айқын. Сөйтіп, ауыл тұрғындарының, көмекке келген әскерилердің, өзге де азаматтардың, мықты техникалардың күшімен салынған бұл бөгеттердің пайдасы тиді. Әйтпесе ауылға су кіретіні анық еді.
Марат Лұқпанұлының ауыз толтырып айтуыға тұрарлық тағы бір қасиеті – адамдарды біріктіріп, бір арнаға тоғыстыра білуі. Кез-келген жанмен тілтабысуының нәтижесінде бизнес өкілі, құқық қорғау саласы қызметкері, мемлекеттік құрылымда еңбек ететін жан болсын бәрі ынтымақтаса еңбек етіп жатқанын аңғарып жүрміз. Осындай адами, іскерлік қасиеттерінің арқасында біраз түйіткіл шешілді. Ал оның өзі ауданымыздың түрлі саладағы көрсеткіштерінің жақсаруына оң ықпалын тигізетіні белгілі.
Екпін түсіріп айта кетер нәрсе, жергілікті мецанат азаматтарды тарту арқылы атқарылып жатқан игі істер. Иә, бүгінде ауданның барлық ауылдық округтің орталығына қатқыл табанды жол барды. Қазір ауылішілік, елді мекендерге барар жолдар жөнделуде. Жол мәселесі күні кешеге дейін өзекті болды. Түрлі жиында қаншама рет көтерілді. Осынау мәселені нақты үшін көп тер төккенбасшының бірі - Марат Тоқжанов!
Бірде Марат Лұқпанұлы маған хабарласты. «Январцевқа жол салуға сіздің көмегіңіз керек» дегенге түсінбей, «мен оған не істей аламын?» дедім. «Егер сіз секілді меценат азаматтар жолдың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап берсе, Астанаға, министрліктерге өзім барып, жолға бөлінетін қаржыны тездетер едім» деді. Сөйтіп біз ЖСҚ-ны дайындатып бердік. Нәтижесінде ауылымыздағы 8 шақырым жолымыз уақытынан бұрын жөндеуден өтті.
Айта берсе, аудан әкімінің бойындағы ізгі қасиеті де, жасаған игі ісі де көп. Оның бәрін бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес.
…Ел үшін туған ерлердің
Алды-арты дария, кең болар.
Артықша туған азамат
Халыққа үлкен бел болар,-деп жыр алыбы Жамбыл Жабаев жырлағандай, бүгінгі күні ел игілігі мен келешегі үшін қызмет етіп, елдіктің туын биік көтеріп жүрген Марат Лұқпанұлы жөніндегі бір үзік сыр осындай.

60-тың алтын қақпасына келген мерейтой иесіне мықты денсаулық, ұзақ өмір, бақ-береке тілей отырып, қашанда дүйім көптің емен-жарқын ықыласына бөленіп жүре берсін деп тілек айтамыз.
Абай Жанғазиев,
Бәйтерек ауданының құрметті азаматы
«Заман» ЖШС-ның директоры,
Январцев ауылы