29.04.2025, 10:30
Оқылды: 819

Қос майданның Ардагері

Қазақта «Қарадан туған хан еді» деген  жақсы сөз бар. Осы сөз қара халықтың қалың ортасынан шығып, біліктілігі мен білімділігі, зерделілігі мен еңбекқорлығының арқасында атқа мініп, абыройлы басшы болған, соңынан халықты ерте білген қадірменді азаматтарға арналып айтылса керек.

bb626edb-babd-4b2f-81db-83cc73337014

Мына қамшының сабындай қысқа ғұмырда ізгіліктен айнымай, сабырлық қалпынан аумай, ағайын-туыстардың, қызметтес болған дос-жарандарының арасынан айрықша қамқорлығымен,  көп жыл жұмыс істеген жері, қасиетті Қаратөбенің Қоскөлінің қамын ойлауымен, парасат-пайымымен дараланып тұратын менің әкем Ғабдол Қаржауов осындай тұғыры биік азаматтардың бірі болатын.

Әкем 1925 жылы  Атырау облысындағы Қызылқоға ауданының Қарабау ауылында, қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Әкесі Қаржау мен анасы Кенжесұлу елді аштық жайлаған отызыншы жылдардың басында бір топ руластарымен Тайпақ ауданының Кеңсуат ауылына келіп қоныстанады. Екеуі де осы жерде  ұйымдасқан қолхозда жұмыс істейді, осында орталау білім алып, 1941 жылы 16 жасында  Кеңсуат ауылдық кеңес депутаттарының атқару комитетінің хатшысы болып еңбек жолын бастайды.

1943 жылы әскер қатарына шақырылып, Уфа қаласындағы Чкалов атындағы әскери округте дайындықтан өткеннен кейін, №316 атқыштар дивизиясының сапында Ұлы Отан соғысына қатысады. Әкем соғыс туралы көп шешіліп әңгіме айтпаушы еді, бірақ майданда екі рет жараланып, екі медальмен марапатталғанын кейін білдік.

«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі»  деп  халқымыз айтқандай, көрер жарығы, татар дәмі таусылмай, 1946 жылдың қаңтарында сұрапыл соғыстан аман оралған әкеміз «Есенсай» совхозының жұмысшылар комитетінің төрағасы болып сайланады. Ұйымдастырушылық  қабілеті зор жігерлі жасты аудандық партия комитетінің ұсынысымен 1949 жылы Ақтөбе ауылдық кеңесі депутаттарының сессиясында төраға етіп тағайындайды. Ол жылдары ауылдық кеңес құрамына бірнеше шағын колхоздар мен Тайпақтың «Қаракөл» совхозы кіретін. Ауылдық кеңестің орталығы Елтай ауылы, менің туған жерім, табиғаты тамаша, Жайықтың жағасында орналасқан ауыл еді.

1952 жылы ақпан айында шағын қолхоздар біріктіріліп, ірілендірілген С. Буденный атындағы колхоз құрылуына байланысты Тайпақ аудандық партия комитеті  27  жастағы әкеміз колхозшылардың жалпы жиналысының шешімімен басқарма төрағалына сайланады.

Институт бітіргеннен кейін «Базартөбе» совхозының бас мал дәрігері болып еңбекке араластым. «Базартөбе» совхозы  әкем басқарма болған Буденный колхозының негізінде құрылған совхоз екен. Осылайша, әкеммен жұмыстас болған көп адаммен таныстым. Олар  әкемнің еңбекқор, адал, жастығына қарамай шаруашылықтың қай саласын да жақсы білетін, адамдардың тілін тауып сөйлесетін, олардың пікірлерімен санасып, ұсыныстарын қолдап отыратын басшы болғанын жиі айтушы еді.  Содан  кейінгі  жылдарда да, әкем  талай жауапты  жұмыстарда істеді. Әрі  колхозды  басқарды, үлкен шаруашылықтың партком  хатшысы болды.

1961-1967 жылдары СОКП Орталық Комитетінің Жоғары партия мектебін сырттай оқып бітірді.   Бұрын екі қолхозды басқарып, мол тәжірибе жинаған, әрі партиялық қызметте ысылған әкемді 1963 жылдың маусым айында облыстық партия комитеті  Қаратөбе ауданының, ол жылдары  Жымпиты ауданының,  «Қоскөл» совхозының директорлығына тағайындады. Осылайша, қасиетті Қаратөбе жерінде әкемнің еңбек жолы басталып, 1986 жылы зейнеткерлік жасқа жеткенше, 23 жыл бойы «Қоскөл» совхозының директоры болып қызмет істеді.  Әкем директор болып келген «Қоскөл» совхозы Қаратөбе ауданындағы ірі шаруашылықтардың бірі болатын. Ол  директорлыққа келген жылы қар көп түсіп, қыс өте қатты болды. Сол жылы қыстан совхоз малшылары малдан көп шығын бермей шықты.

Бұрын екі колхозда басқарма төрағасы болып, шаруашылық басқарудың қыр-сырын меңгерген тәжірибелі басшы азғантай уақытта бірқатар шаруашылық реформаларды жүзеге асырды. Егін шаруашылығын дамыту, мал азығын дайындау жұмыстарына көп көңіл бөлінді. Осының нәтижесінде, мал саны өсіп, мемлекетке ет, жүн тапсыру жоспарлары жыл сайын орындалып отырды. Қой саны 30 мыңнан асып, ірі қара 8 мың,  мініс аттарын есептемегенде 500-дің үстінде жылқы болды. Төрт бөлімшеде үш пішен, бір егіс бригадасы жұмыс істеді. Жылына 130 мың центнер пішен дайындалатын.

1967 жылдың тамыз айында экономикалық даму көрсеткіштері жоғары «Қоскөл» совхозынан «Егіндікөл» совхозы бөлініп шықты. «Қоскөл» совхозының орталығы болған Егіндікөл селосы «Егіндікөл»  совхозының орталығы болып қалды. Бұрын бөлімше орталығы болған Қоскөл ауылы «Қоскөл» совхозының орталығы болып бекітілді. Бұрынғы ферма орталығы болған шағын ауылды совхоз орталығына айналдыру әкеме оңай болған жоқ. «Қоскөлге» келіп жұмыс істеуге тілек білдірушілер көп. Дайын тұрған тұрғын үйлер жоқ. Мектеп тоғыз жылдық, медициналық мекемеге де, балабақшаға да ғимарат болмады. Әкімшілік мамандарына да бұрынғы бөлімше ғимараты тарлау болды.

Шаруашылыққа қажетті техниканы жөндеу шеберханасы, автогараж, техниканы сақтау алаңы/машдвор/, жылу орталығы да тез арада салынуы керек құрылыстар еді.  Сондықтан осы жылғы қыста әкем өзі де, мамандары да тыным тапқан жоқ. Барлық уақыттары құрылыс материалдарын іздеумен өтті. Басқа республикалардағы құрылыс бригадаларымен келіссөздер жүргізіліп, келісімшарттар жасалып, Беларусь республикасынан студенттік құрылыс отряды келетін болды.

Көктем шыға шағын Қоскөл ауылы үлкен құрылыс алаңына айналды. Айналдырған азғантай уақытта көптеген тұрғын үй салынды, мектепке қосымша ғимарат салынып, орта мектепке айналды. Бұл ауылда жұмыс қолының көбеюіне септігін тигізді, оқу орнын бітірген оқытушылар, ауыл шаруашылығы мамандары, механизаторлар мен малшылар  келе бастады.    Әкімшілік кеңсесінің құрылысы салынып бітіп, ауылда мәдениет үйі, емхана және балабақша, қоғамдық монша, сауда  ғимараттары бой түзеді. Кеңшар орталығына ағаш көшеттері отырғызылып, көкжелекті саябақ ашылып, Қоскөл ауылы көркейе түсті.

Әлеуметтік салаға қажетті ғимараттардан басқа машиналар мен тракторларды жөндеу шеберханасы, жылу орталығы, автогараж, астық қоймалары салынып, іске қосылды. Осылармен қатар әкем егін  шаруашылығы мен мал шаруашылығының өркендеуіне де қатты көңіл бөлді.

«Қоскөл» совхозы Қаратөбе ауданындағы ең көп егін егетін шаруашылық болды. Жерінің құнарлылығы төмен болса да, 12-14 мың гектар егін егіп,  гектарынан 10-12 центнер өнім алатын. Малшылардың тұрмыс жағдайын үнемі қадағалап отырушы еді. Оларға арнап жайлы тұрғын үйлер, мал қоралары салынды. Совхоз орталығында  ірі қара малын ұстайтын қоралар салынып, жедел мал бордақылау алаңы, жем-шөп өңдеу цехтары жұмыс істеп тұрды. Шаруашылықтың экономикасының дамуына совхоз мамандарының қосқан үлесі зор. Тәжірибелі директордың мектебінен өткен ферма меңгерушілері мен сала мамандары жұмыс барысында кездесетін қиындықтардан шығуға қажетті шешімдерді өздері қабылдай беретін. Әкеммен жұмыстас болып, басқа шаруашылықтарға директор болып кеткен менің замандастарым, Валетхан Мұқанғалиев, Зарлық Мусин, Ғарапша Сахипов Қаржауовтың «шекпенінен шықтық» деп айтып жүруші еді.

Әкем әлеуметтік саланы да назарынан тыс қалдырмайтын. Совхоз орталығы мен бөлімшелерінде мектеп, клуб, аурухана мен медпункттер, пошта жұмыс істеп, олардың ғимараттары мезгілінде жөнделіп тұрды. Қаратөбе ауданы бойынша тұңғыш үлгі-жобадағы екі қабатты мектеп осы Қоскөл ауылында салынып, пайдалануға берілді.

Жас ұрпақтың саналы тәрбие, сапалы білім алуына қажетті жағдай жасағаны үшін әкем «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісіне ие болды, 1978 жылы Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық мұғалімдер сиезіне делегат болып қатысты. Көпжылдық  еңбегі бағаланып,  «Құрмет белгісі», Еңбек Қызыл Ту, соңынан Ұлы Отан соғысы  ордендерімен,  медальдармен марапатталды.  Ұлы Отан соғысының қан майданынан аман оралып, 45 жыл ауыл шаруашылығы саласында тынымсыз еңбек еткен әкем 1995 жылы  маусым айының 1-і күні  70 жасында өмірден өтті.

Әкемнің дүниеден өткеніне отыз жылдан асса да, елдің есінде, жұрттың аузында. Өзі жиырма үш жыл директор болған «Қоскөл» совхозының халқы әкемнің өз қолымен алғашқы талын еккен ауылдағы  саябаққа оның есімін беруге жергілікті қоғамдастыққа ұсыныс жасапты. Әкеміздің еңбегін бағалай білген  ауыл, аудан азаматтарына ұрпақтары атынан ризашылығымды білдіремін.

Әкем зайыбы Жұма Есқалиқызы екеуі төрт ұл, үш қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірді, бәріміздің де жоғары білім алуымызға жағдай жасады.  Әкеміз  біздер, яғни ұлдары мен қыздары үшін, алдыңда жүрсе, ақылшы, қасыңда жүрсе, қамқоршы, артыңда жүрсе, қорғаушы бола білген, жаны жайсаң, жүрегі дархан жан еді.

Алыстаған сайын биіктей беретін алып тау сынды ардақты әкенің аруағы разы болғай, Алла жар болсын.

Аманжол Қаржауов,

еңбек ардагері,

Бөрлі ауданының құрметті азаматы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале