29.04.2025, 12:30
Оқылды: 332

ҰБТ: Түлектер нені білуі қажет?

Мектеп бітіруші  түлектерден ҰБТ-ға  өтініштерді  қабылдау  12-25  сәуір  аралығында  жүзеге  асырылған  еді.  Тестілеудің  өзі  16  мамырда  басталып,  5  шілдеге  дейін  жалғасады.  Талапкерлер  негізгі  ҰБТ-ны  екі рет  тапсырып,  ең  үздік  нәтижемен  грант  конкурсына  қатыса  алады.  Бұл  туралы  ҚР  Ғылым  және  жоғары  білім  министрлігінің  https://www.gov.kz/  сайтында  жазылған. 

ент111111

ҰБТ-ға қатысты сұрақтарды Ұлттық тестілеу орталығының http://app.testcenter.kz сайтынан білуге болады. Талапкерлер берілетін екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді. Сонымен қатар бірінші мүмкіндікті тапсырғаннан кейін олар екінші мүмкіндікке дейін дайындықтарын жақсарта алады. Одан бөлек онлайн байқау сынақтары іске қосылған. Оқу жылының басында ҰТО сайтында тест тапсырмалары құрастырылған оқулықтар тізімі мен тест жоспары, Қазақстан тарихы және дүниежүзі тарихы пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі, информатика пәнінен терминдер тізімі, қазақ әдебиеті және  орыс әдебиеті бойынша әдеби шығармалар  тізімі  жарияланды.

Тапсырма саны қанша?

ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалды, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл – 140.

Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт  сақталатынын  айта  кету  керек.

Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында ҰБТ-ға қатысушы әр адам жеке жасалған тест нұсқасын алады. Емтихан кезінде тестілеу бағдарламасы бойынша калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Сонымен қатар талапкерлерге ыңғайлы болу үшін кестелердің қағаз нұсқалары да беріледі.

Апелляцияны тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде беруге болады. Сертификат апелляция қаралғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде  қолжетімді  болады.

Шекті балл өзгерді ме?

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің сайтында хабарланғандай, биыл да шекті балдар өзгеріссіз қалды. Яғни «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» бағыттарына түсу үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» үшін кемінде 70 балл жинау қажет. Ұлттық ЖОО-ға түсу үшін кемінде 65 балл, басқа ЖОО-ға түсу үшін кемінде 50 балл жинау міндетті. «Тестілеу нәтижесі аталған талапқа сай келмейтін талапкерлердің жоғарғы оқу орындарында тегін білім алуына жол берілмейді», – дейді орталық мамандары. Сондай-ақ министрліктің мәліметі бойынша, жылдан-жылға ҰБТ-ны мемлекеттік тілде тапсыратын талапкерлер саны артуда. Мәселен, биыл наурыз айында еліміз бойынша 159 мыңнан астам мектеп бітіруші тест тапсырып, оның ішінде 76,2 пайызы – қазақ тілін, 23,7 пайызы – орыс тілін және 124 оқушы ағылшын тілін таңдаған.

Тәртіпсіздікке жол жоқ!

Тестілеу барысында  қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында сынақ тапсыратын мекеменің кіре берісінде талапкерлерде тыйым салынған заттардың бар-жоғы жіті тексеріледі. Мысалы, телефон, шпаргалка және т. б. тыйым салынған құралдарды алып кіруге жол бермеу үшін қол және рамалық металл іздегіштер  қолданылады.

Тестілеу аудиторияларында рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде мобильді және радиоэлектронды байланыс сигналдарын басатын құрылғылар пайдаланылады, сондай-ақ  бейнебақылау  жүргізіледі.

2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда,  талапкердің  ҰБТ  нәтижелері  жойылады.

ҚР  ҒБЖМ  Ұлттық  тестілеу  орталығы

Биыл  қандай  мамандықтарға грант  көп  бөлінеді?

Оқу жылының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Осы орайда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025 жылы қандай мамандықтарға грант басымдықпен  бөлінетінін  мәлімдеді.

Мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ел экономикасының салаларына қажетті кадрларға қатысты орта мерзімді болжамы негізінде қалыптастырылады. Министрлік мәліметінше, Еңбек министрлігі сұранысқа ие және тапшылық байқалатын мамандықтар бойынша талдау жүргізіп, ел мен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін ескере отырып, еңбек ресурстарына деген сұранысты бағалайды. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарлама көрсеткіштері, салалардағы экономикалық үрдістер мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары  да  ескеріледі.

– 2025 жылы мемлекеттік білім гранттарын бөлу кезінде инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына, педагогикалық және жаратылыстану ғылымдарына ерекше басымдық берілмек. Жаңа үлестірімге сәйкес техникалық мамандықтарға бөлінетін грант үлесі 60 пайызға дейін артпақ. Ал гуманитарлық сала – 28%, медицина – 8%, шығармашылық мамандықтар – 4% деңгейінде қалады, – делінген министрліктің  таратқан  мәліметінде.

Жаңа пән енгізілуі мүмкін

Елімізде мектеп оқушыларына 7-сыныптан бастап  «Заң және тәртіп» атты жаңа пән енгізу  ұсынылды.

Бұл ұсынысты Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов айтты. Берік Ноғайұлының мәлімдеуінше, бұл пән жасөспірімдер арасындағы құқықтық сауатты арттыруға бағытталған.

Өйткені көптеген кәмелетке толмаған құқықбұзушылар заңды білмегендіктен, өз әрекеттерінің заңға  қайшы  екенін  түсінбейді.

«Заңды құрметтейтін ұрпақты қалай тәрбиелеуге болады? Оған жауап – профилактикада, білім беруде және тәлімгерлікте. Өкінішке қарай, кейбір жасөспірімдер төбелес пен одан да ауыр қылмыстарға барып жүр. Көпшілігі заңды бұзып жатқанын, бұл үшін жауапкершілікке тартылатынын білмеген. Нағыз қауіп – құқықтық сауатсыздық. Сондықтан біз уәкілетті құрылымға 7-сыныптан бастап мектептерде «Заң және тәртіп» атты міндетті пән енгізу туралы маңызды ұсыныс жасадық. Бұл пәнді қызметтегі заңгерлер мен құқық қорғау құрылымдарының ардагерлері жүргізеді. Өйткені олар тек білім беріп қана қоймай, өмірлік тәжірибесін де бөлісе алады», – деп жазды Бас прокурор Берік Асылов «Х» әлеуметтік желісіндегі  парақшасында.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале