29.04.2025, 12:45
Оқылды: 229

Еңбегімен қадірлі, үлгі-өнегесімен сыйлы

Бар саналы ғұмырын  туып  өскен  атамекеніне  арнаған  Айбар  Әбденовті  қаратөбеліктер  жақсы  біледі.  Бүгінде  еңбегінің зейнетін көріп отырған  өнегелі  өмір  иесі  ел-жұрт  алдында  үлкен  құрметке  ие.

WhatsApp Image 2025-04-29 at 12.12.37

Мемлекеттік  қызметте  абыройлы  еңбек  етіп,  Қаратөбе  ауданының  көркеюіне  бір  кісідей  үлес  қосқан  бірлігі  бекем  ауданның  байырғы  тұрғыны  Әбекеңнің  тірлігі  тиянақты. Кіндігі туған ауыл-аймағынан ажырамаған Айбар Әбденов 1957 жылы Қаратөбе ауданы Қаракөл ауылдық округіне қарасты Алакөл ауылында жарық  дүниеге  көрінген.

Ол Алматы есеп кредиттік техникумын қаржыгер мамандығы бойынша және «Еуразия» Батыс Қазақстан тілдер және басқару институтын экономист мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1979 жылы Қаратөбе аудандық орталық жинақ кассасының бухгалтер-ревизор инспекторы қызметінен бастаған А. Әбденов – 1981-1987 жылдары Қаратөбе аудандық орталық жинақ кассасының меңгерушісі, 1987-2000 жылдары Қаратөбе ауданының тұтыну одағы тексеру комиссиясының төрағасы, Қаратөбе аудандық тұтыну одағы басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы қызметтерін абыроймен атқарған азамат. Ал 2000 жылдан бастап әр жылдары Қаратөбе аудандық статистика бөлімінің меңгерушісі, Қаратөбе ауылдық округінің әкімі, Қаратөбе аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің меңгерушісі қызметтерінде, содан соң Қаратөбе аудандық мәслихат аппаратының бөлім меңгерушісі, Шөптікөл ауылдық округінің әкімі, Қаратөбе аудандық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры лауазымдарында болып,  елеулі  еңбек  етті.

Өмірлік тәжірибесі мен білім-білігін ортақ мүддеге бағыттаған маманның түрлі қызмет сатыларынан өтуі турашыл азаматты шыңдай түсті. Оның үстіне қандай қызметте болмасын, тәртіп пен жауапкершілікті негізгі ұстаным еткен азаматтың мұрат-мақсаты жемісті шақтарға  жетеледі.

Айбар Жанғабылұлы еңбек майданында біте қайнасып, қоян-қолтық қызмет атқарған Аманкелді Хамидуллин, Орынғали Ермекқалиев, Аманкелді Қажыгереев, Тілекқабыл Сағынов, Абай Мұхитов, Серік Бралиев, Мақсот Ермеғалиев, Мақсат Қуанышов, Еркінбек Жәнібеков сынды ел  ағаларын  ардақ  тұтады.

Ел-жұрттың татулығы мен тұтастығын әсте жадынан шығармайтын Айбар Жанғабылұлы «Ел үшін еңбек еткен тер текке кетпеді деп айтуыма болады. Ел ағалары 24 жасымнан бастап лауазымдық қызметке тағайындады. Бұны өзіме артқан үлкен сенім, зор жауапкершілік деп қабылдадым. Атқарған қызметіме баға берер халықтан асқан төреші жоқ. Әркез жергілікті халықтың ой-пікірімен санасып отырдым. Сол себепті көппен бірге толайым табыстарға қол жеткіздік»  дейді  бүгіндері.

2006 жылы облыс орталығы Орал қаласында өткен «Ең таза ауыл» байқауында Қаратөбе ауылдық округі «Ең таза ауылдық округ орталығы» атанып, «УАЗ» аутокөлігіне ие болды. Әрине, аталмыш байқауда аудан орталығының айтулы табысқа жетуіне сол кездері Қаратөбе ауылдық округінің әкімі лауазымын атқарған Айбар Жанғабылұлының  еңбегі  зор.

WhatsApp Image 2025-04-23 at 15.58.34 (1)

«Отан отбасынан басталады» демекші, кім-кімде өз ауылының ажарлы, көшесінің көрікті, ауласының әдемі, үйінің жайлы болғанын қалайды. Бұл тұрғыда үй-жайының айналасын күнделікті тап-тұйнақтай етіп жүретіндердің ішінде Әбекеңнің тазалығы мен талап-талғамы жұртты тамсандырмай қоймайды. Қашан көрсең де, айнадай жарқыраған ауласы еріксіз назар тартады да тұрады. Бір ғажабы, сондай үйде, сондай аулада өскен балалар да тәртіпті болып келеді ме деген ой қылаң береді. Баланың тәртіпті болуы тұтас қоғамға әсер етеді. «Тазалық бар жерде тәрбие де бар, береке де бар» деген осыдан  шықса  керек.

Әбекең жұбайы Сәуле Сайыновамен бірге бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, немере-жиендердің қызығына бөленіп отыр. Ұлы Асхат – Қаратөбе аудандық кірістер басқармасының басшысы, келіні Жұпар – аудандық білім беру  бөлімінің  қызметкері.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің отбасы мүшелері 2024 жылы өнегелі отбасы ретінде Батыс Қазақстан облысы әкімінің қабылдауында болды.

Ертай Бимұханов,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі,

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале