29.04.2025, 17:15
Оқылды: 486

Бөкей ордасы ауданының мәселесі қоғамдық кеңесте талқыланды

Бүгін Бөкей орда ауданы әкімдігінде ауданымыздың бүгінгі тірлігі мен болашағына қатысты келелі мәселелерді қозғаған жиын өтті.

IMG-20250429-WA0062

Аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық  мәслихат депутаттарының қатысуымен өткен бұл жиналысқа облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Атауов бастаған жұмыс тобы арнайы қатысты.
Таратып айтсақ, аталмыш жұмыс тобында облыстық қоғамдық кеңестің  тұрғындардың әлеуметтік мәселелері бойынша комиссия төрағасы Нұрлан Сәдір, құқық қорғау органдарымен ынтымақтастық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия төрағасы Манарбек Ғабдуллин, қоғамдық бақылауды  ұйымдастыру және жастар мәселесі бойынша комиссиясының төрағасы Элгун Джаналиев, қоғамдық кеңестің хатшысы Аңсар Неғметуллиндер бар.
-Өздеріңізге белгілі облыстық қоғамдық кеңестің жаңартылған құрамы өз жұмысын бастады. Кеңес жұмысына  қарапайым халықтың арасында, елдің ортасында жүрген танымал азаматтар тартылды. Қоғамдық кеңесті мәслихаттың баламасы деп түсініп жатады. Қоғамдық кеңестің де атқарар қызметі, қоғам алдындағы міндеті мен мақсаты бар қауымдастық. Халық пен билік арасына дәнекер боп, елдік мәселелердің шешілуіне атсалысады. Мақсат осы. Қоғамда ушығып тұрған мәселе көп. Мәселені қозғау, мәселе көтеру деген көпке қолжетімді әлеуметтік желіге пост жазумен шектелмейді. Мәселе көтеру деген мәселені дөп танып, тереңінен қаузап, зерделеп, шешілу жолдарын қарастырып, ұсыныс айту, пікір білдіру. Сонда ғана нәтиже береді. Бізге аудан аралап, өздеріңізбен кездесудегі мақсатымыз да осыған кеп саяды. Ел мәселесін ел азаматтарының аузынан естіп, лажы болса, көзбен көрсек деп келдік, - деді облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Бауыржан Аяпбергенұлы.
Аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық мәслихат хатшылары да аянып қалмады. Аудандық мәслихат депутаты Айнұр Мұратова Ұялыда салынатын модульдік мәдениет үйінің құрылысы кейінге қалдырылмай, қолға алынса деген ұсынысын айтса, Асылбек Нұралиев Мұратсай су қоймасының жай-күйіне алаңдаушылық танытты.
Бибігүл Жұмағұлова шекара бекеттерін қызметке қосу керектігін айтса, аудандық  ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков полигоннан зардап шеккен аудан халқына Жаңақала сауықтыру орталығына барып ем алуға зар боп қалғанын мәселе ғып көтерді. Осы орайда аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева аурудың әлдеқайда жасарып кеткенін айтып, медициналық қызмет көрсету саласында бөкейліктерге квота бөлінгені жөн деген пікірін білдірді.
-1947 жылдан бері жеріміз полигонға беріліп, түрлі сынақ өткізіліп келеді. Дәл қазіргі таңда 445 азаматымыз мүгедектер санатында, 96 тұрғынымыз бала жасынан мүгедек танылған, - деп аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қуаныш Елемесов те қоштап, өз пікірін білдірді.

IMG-20250429-WA0046
Жалғас Ташуов «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша шалғай аудандарға келетін жас мамандарға берілетін көтерме ақыны екі еселеу қажеттігін айтса, Қайрат Насимоллин киік мәселесін көтерді.
Киік демекші, киікке қатысты қылмысқа барып, істі болған азаматтарымызға ақжолтай хабар айтылды.
- Біздің оңтүстік өңірдегі Казталов, Жаңақала, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарында тұрғындар тарыдай шашылып жатқан киік өлекселерінің мүйізіне қызығып, пендешілікке барады. Соны үйіне не сарайына жинап қойған немесе тиын-тебенге сатқан адамдар жеті жылға бас бостандығынан айырылып, миллиардтап айыппұл төлеуге мәжбүр болды, талай ауылдасымыз  түрмеде жатыр. Олардың артында қанша бала, қанша отбасы жетім өсіп жатыр. Осы мәселеге қатысты заң қағидаттары қайта қаралды. Депутат Абзал Құспанның айтуынша, мамырдың ортасынан қалмай заң қабылданса, бас бостандығынан айырылған тоғыз жүз адам бостандыққа шықпақ. Бостандыққа шыққанда қылмыстың ауырлығы тексеріледі. Айыппұлдары алынып тасталады деген хабар бар екен.

Ұлпан Әнуарқызы
Суретке түсірген Әділет Абдиров,

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале