30.04.2025, 9:15
Оқылды: 243

Өмірін өлеңмен өрген

Оралдағы  Ж.  Молдағалиев  атындағы  облыстық  әмбебап-ғылыми  кітапханада «Еңбек  даңқы» төсбелгісінің  иегері,  «Ар»  жыр-жинағының  авторы Абдул Рахметовтің  бенефисі  өтті.  Өмірі  өлеңмен  өрілген  ақынның  кездесу кеші  «Биік  болу  керекпін  ар  алдында»  деген  атаумен  жүзеге  асты.

 WhatsApp Image 2025-04-18 at 16.00.45 (1)

Аталмыш іс-шара «Өнер өрінде» жобасы аясында республикалық «Ұлттық кітап күні» қарсаңында ұйымдастырылған. Бұл кешке Абдул Ғабитұлының өнердегі достары, ауылдас ағайындары және жырсүйер студенттер қатысты. Кеш иесінің әпкесі Ләззат Ғабитқызы, ұстазы Әдемі Мақымғалиқызы және ата-анасының досы, жанашыры Әсет Жұбанышқызы естеліктерін айтты. Айта кетелік, сәуірдің 15-і күні ақын Абдул 39 жасқа толды. Кітапхананың Өнер жөніндегі әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі Айнұр Бозыва «Өнер өрінде» жобасының маңыздылығына тоқталды.

– Әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар өңір азаматтарын жұртшылық жақсы тануы қажет деп білемін. Бұл жобаға кейіпкер іздегенде ойымызға бірден Абдул Ғабитұлы келді. Ол кітапхана ұжымымен жүйелі байланыс орнатып, әркез көмек-қолдауын аямайды. Өлеңдері де оқырман қауымның оң бағасын алуда. Оның «Ар» өлеңіндегі «Биік болу керекпін ар алдында» деген тармағы бізге қатты ұнайтын. Сол себептен іс-шара атауын осылай қоюды жөн көрдік, - дей келе Айнұр Беркінқызы ақынды туған күнімен құттықтап, баянды бақ, шығармашылық табыс тілейтінін жеткізді.

Бенефис барысында ақын сөзіне жазылған әндер шырқалды. Белгілі сазгер, «ҚР Мәдениет саласының үздігі»  Ербол Ақбасов Абдол Ғабитұлымен бірнеше туындыны жарыққа шығарғанын айтып, ақ тілегін жеткізді. Сондай- ақ «ҚР Мәдениет саласының үздігі» Рүстем Кереев, белгілі әнші Тарас Жауынбаев, «JazzDauren» лақап атымен танымал Жандәурен Абылаев өнер көрсетті.

Жаңақала ауданына қарасты Көпжасар ауылынан келген Абдул Рахметовтің жерлестері іс-шараға арнайы қатысып,  кеш иесіне жылы лебіздерін білдірді. Ләззат Ғабитқызының айтуынша, Абдул ақын үш жасында домбыра шертіп, әлдебір әндерді «ыңылдап» айтып жүретін көрінеді.

– Інімнің сынып жетекшісі, әрі өмірлік ұстазы Әдемі Мұқамғалиқызы Абдулдың бойына білім дарытып қоймай, өнерге де баулыды. Оның алғаш өлең жазуға деген қабілетін байқап, аудандық, облыстық деңгейдегі байқауларға жетелеп шығарды. Кейін сыныптасы Мира екеуі мәдени-көпшілік шараларға белсенді қатысып, шығармашылықтарын шыңдады,  – деді әпкесі Ләззат Ғабитқызы.

Кездесу соңында кітапхана директоры Шолпан Оразаева Абдул Рахметовке алғысын білдірді.

 

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале