Арқан тартыс — тек күштің емес, жүректің де, бірліктің де сынағы. Сәуір соңындағы қоңырсалқын Шыңғырлау ауданына қарасты Алмаз ауылына жиналған арқан тартушы спортшыларға қол болды. Таң атысымен ауылдағы ағайын елді мекен шетіндегі алаңқайға құрыш білек, апайтөс, бура сан жігіттердің өнерін көруге асықты. Ағайынның ықыласын сезген спортшылар да бір-бірін қуаттап, қошеметтеп, жарысалды жаттығуын күшейте түсті.

Ауылдағы арқан тарту жарысына тігілген қомақты жүлдені Шыңғырлаудың Алмаз, Ащысай, Ақшат, Алмаз-2, Ақсуат, Сарқырама және Оралдан келген "Қыран" командалары сарапқа салды.
Етін қыздырып, әбден жаттыққан спортшылар жарысты бастады. Өліспей беріспейтін белді де білекті жігіттер көрермен делебесін қоздырды.
Қара терге малшынып, арқан бойына қаз-қатар тізіліп, жерге қазықтай қадалған жігіттер ептілік пен командалық жұмыстың озық үлгісін де көрсете білді. "Аруақ" деп атойлаған спортшылардың қарқынынан білектей жуан арқан үзіліп кететіндей әсер қалдырды. Оған қосылған көрермен үні доданы әрлендіре түсті. Дес бермеуге бекінген жігіттер ойын соңында елдіктің, ерліктің, ынтымақтың шынайы көрінісін көрсетіп, бір-біріне құрмет көрсетуді де ұмытпады.
Ауылды дүбірге бөлеген жарыс қорытындысында үшінші орын Ақшат, екінші орын Ащысай командасына бұйырса, жарыс жеңімпазы атағын Алмаз жігіттері қанжығасына басты.
Ел болып ұйымдастырылған жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлеріне алмаздық ағайын атынан қомақты сый берілді.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz