Ксения келініміздің ұлты – неміс. Ол 1993 жылы Ақжайық ауданында дүниеге келген. Әкесі Валерий Рембе 1957 жылғы, Ресейде туып-өскен. Ол өмірлік жары Марияны біздің жақтан жолықтырған екен. Шаңырақ көтеріп, отбасылық өмірге бірге аяқ басқан екеуі Ақжайықта тұрақтап қалуды жөн көрген. Ксенияның үш ағасы бар, өзі – әкесі мен анасының жалғыз қызы.

Бала кезден қамқорлап, қорғаштаған ағалары қазір бөлек отау тіккен, жанұялы, жұмыста. Ұлты неміс демесең, Ксения қазақшаға судай, көрші балалармен бірге ойнап жүріп үйренген. Чапайдан 11 жылдық білім алып, 2011 жылы мектепті бітірген ол Орал қаласындағы медициналық колледжге мейірбике мамандығы бойынша грантқа оқуға түсті. Осыдан 11 жыл бұрын аудандық емханаға учаскелік мейірбике болып қызметке кірісті. 2018 жылдан 2024 жылға дейін кардиология бөлімінде еңбек етті. Содан бері халықпен, науқастармен тығыз байланыста болып, қажырлы еңбек етіп жүр. Аудан бойынша жүрек дертімен есепте тұрған науқастардың жағдайын біліп, дәрілерін уақтылы беретін мұқияттылығымен ұнайды көпшілікке.
Мен де 2018 жылдан бері жүректен есепте тұрмын. Уақытында тұтынатын дәрілер бар, соларды қалдырмай қабылдаймын. Осы ретте Ксенияның науқастың денсаулығына жанашыр болып отыратынын байқадым. Алдына келгенде, меселіңді қайтармайды, асты-үстіңе түсіп, бәйек болып жатады. Кәсіби маман Ксения қызметі жоғарылап, емхананың бас мейірбикесі болды. Аудандағы барлық мейірбикенің жұмысын қадағалап, білмегенін үйретіп, кіші қызметкерлердің жұмысын бақылау, медициналық нысанның өзге де түгесілмейтін қым-қуыт жұмысы жауапкершілігінде.
Ксения – жұмысында да, отбасында да таразы басын тең ұстаған шырайлы жан. 2016 жылы қарапайым қазақ шаңырағына келін болып түсіп, Аслан Бекқазиевпен отау құрды. Таңдаған жарын «қазақ» деп Ксенияның, «келін – неміс» деп Асланның ата-анасы қарсы болған жоқ. Жастардың бақытты болғанын тілеп, ақ батасын берді. Аслан мен Ксения екі перзент сүйді. Тұңғышы Арсен – 7 жаста, 2-сынып оқушысы, қызы Аяулым – 4 жаста, балабақшада. Үйдегі анасы Шолпан – өте мейірімді жан, немерелеріне қамқоршы, келіні Ксенияның толық жұмыс істеуіне жағдай жасап отыр.
Мерует Қауымбаева,
зейнеткер, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрайымы
Есенсай ауылы,
Ақжайық ауданы