1.05.2025, 16:30
Оқылды: 181

Жәнібек аданы: Борсы ауылына жаңа кітапхана қажет-ақ

Жәнібек ауданының әкімі Тимур Шиниязов Борсы ауылына барып, ең алдымен ауылдық кітапхананың құлазыған ғимаратын көрді.  Шыны керек, суретте бөлек, ал өз көзіңмен көрген мүлде басқа екен. Аудан әкімі бұл жөнінде газетіміздің әлеуметтік парақшасы арқылы құлағдар болғандығын айтты. 

image-30-04-25-11-42

Қай заманның құрылысы екені белгісіз, бізге мәлімі 1999 жылдан бастап кітапхана ғимараты ретінде бекітілген-ді. Сәуір айындағы құжаттарда аталмыш кітапхананың 168 оқырманы бар деп көрсетілген. Апатты жағдайда тұрған ескі кітапхана ғимаратының адам көретін түрі жоқ енді. Білуімізше, ауылдық мәдениет үйінің бір бөлмесіне көшіріліпті. Дегенмен кітап қорын толықтай тасу мүмкін емес болғандықтан кітапханашылар оқырман сұратқан кейбір кітаптарды ескі ғимарттан тасып әкеліп береді.

- Зиялы ұлт – кітап оқитын ұлт. Ал кітапхана оқырмандарының басым көпшілігі балалар. Жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы басым мәдени орталық осы кітапхана. Борсылық балақайлар да заман талабына сай жаңа әрі жарық ғимаратта орналасқан кітапханада зейіндерін ашуға тиіс. Осы мәселені кейінге қалдырмай, тез арада қолға алуымыз керек,- деді Тимур Серікұлы.

Еске сала кетейік, өткен жылы Президентіміздің тапсырмасы негізінде, аталмыш салаға үкімет тарапынан берілген қолдаудың арқасында Өнеге және Жұмаев елді-мекендерінде жаңа кітапханалар салынып, Еңбекші елді мекеніндегі кітапханаға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, басты рухани орталықтардың тамырына қан жүгірген болатын. Ауыл халқы мәз болысып, алғыстың астында қалдырғаны тағы бар. Ескі болса да оқырманын жоғалтпаған Борсы ауылдық кітапханасының күйі көрген көзді ашытып, көңілді күрті қылды.

Тоқ етері, аудан басшысы аталған мәселені тікелей басшылығына алып, борсылық жұртшылықты қуантуға мүдделі болып отыр.

Жақсылықтың ауылы алыстамай, «кітапсүйер ағайынның қуанышына ортақтасуға келетін күнге жету бұйырсын» деп аудан орталығына қарай тарттық.

 

Арай Сейфолла,

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале