Бүгін «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиевтің шаңырағы үшін мерейлі мереке. Аудан ақсақалының салиқалы ұрпағын тәрбиелеп отырған асыл жұбайы, көп балалы, үлгілі ана Светлана Уәлиева мерейлі 80 жасқа толды.

Светлана Елеусінқызы бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, отбасына арнаған асыл жан ғана емес, қоғам белсендісіне айналған нар азаматқа өмірлік қолдау көрсету арқылы нәзік әйел болмысымен ел игілігіне үлес қосты деп айта аламыз. Ал үлгілі отбасының салт-сананы, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіріп өскен ұл-қыздары бүгінде сан салада еңбек етіп, ата-ана мен қоғамның алғысына бөленіп жүрген жандар.
Бүгін аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов пен аудандық мәслихат төрағасы Тахир Кадимов, Жәнібек ауылының әкімі Ғибрат Айтқалиев мерейі үстем шаңыраққа барып, жылы лебіздерін білдіріп қайтты.
-Амангелді ағамыздың қоғам өміріне белсене араласып, атқарған игі жұмыстарын өте жоғары бағалаймыз. Дегенмен, осы тұста «Әр мықты ердің артында мықты әйел тұрады» деген тәмсілді негізге ала отырып, сіздің еңбегіңізді елемей отыра алмаймыз. Ерімнің алға қойған мақсаттары орындалсын деп, қандай да бір алаңдатушылықтарға жол бермей, жоқты да, барды да бірге кеше, сіздің қылған қызметіңіз еріңіздің осы ауданның, одан қала облыстың құрметті азаматына айналуына себеп болғаны анық. Амангелді Уәлиевті «ел ағасы» десек, сізді «ел анасы» деп құрметтейміз. Бүгінгі мерейлі жасыңызда отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілей отырып, ұрпақ қызығына бөленіп отыра берулеріңізге тілекшіміз,-деп аудан әкімінің атынан алғысхатын табыс етіп, анамыздың иығына шапаны мен ақ желегін жапты.

Өз кезегінде Светлана Елеусінқызы құттықтай келген ауданның атқа мінерлеріне ризашылығын білдіріп, аудан әкімдігінің атқарып жатқан жұмысына дән риза екендігін жеткізді. Ескілікті еске алған туған күн иесі, шаңырағын сыйлай келгендерге құрметін көрсетіп, алғысын жаудырды.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы