2.05.2025, 11:30
Оқылды: 404

«Желбіре, Жеңіс жалауы!»

Осындай атаумен «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі  және экология орталығының  ұйымдастыруымен  Ұлы Жеңістің 80 жылдығына  орай  қалалық  байқау  өтті.  Байқаудың  басты  мақсаты – соғыс  жылдарындағы  қазақстандық  батырлардың ерен  ерліктерін  еске  алып,  жас  ұрпақты Отанға деген  сүйіспеншілікке,  азаматтық  жауапкершілік пен әскери-патриоттық  рухқа  тәрбиелеу  болды.

WhatsApp Image 2025-05-02 at 12.14.52

Іс-шара салтанатты түрде ашылып, қатысушылар мен қонақтарды «Атамекен» БЖТжЭО директорының міндетін атқарушы Жасұлан Сәкенов құттықтап, батырлар рухына тағзым етудің маңыздылығын атап өтті.

Байқау төрт бағыт бойынша өткізілді. «Менің ауылым – соғыс жылдарында» аталымында қатысушылар ауылдарының соғыс жылдарындағы тарихын зерттеп, тың деректермен бөлісті. Бұл кезеңде І орынды Орал қаласындағы №33 мектептің 6-сынып оқушысы Инабат Айтқали иеленді. «Жеңіс вальсі» театрландырылған көрінісінде оқушылар сахнада соғыс жылдарындағы өмірді шебер бейнелеп, көрермендердің жүрегіне жол тапты. Бұл бағыт бойынша І орын Қадыр Мырза Әли атындағы №47 мектептің ұжымына бұйырды. «Ұмытылмас ерлік, өшпес даңқ» аталымында оқушылар зерттеу презентацияларын қорғап, нақты деректер мен библиографиялық сауаттылықтарын көрсетті. Бұл кезеңде шаһардағы Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің оқушылары Айшат Шамұратқызы пен Альвинура Сағынғалиева жеңімпаз атанды. «Ардагерге құрмет – ұрпаққа міндет» бейнеролик аталымында №45 мектеп оқушылары Айзере Сапашова мен Әли Сапаралиев  үздік  деп  танылды.

Байқау барысында «Атамекен» орталығы аумағында оқу-далалық жиын мен байқау қатысушыларының қатысуымен «Жеңіс аллеясы» ашылды. Бұл аллея – батырлар ерлігіне тағзым етіп, кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге қалдыру мақсатында бой көтерген ерекше  жоба.

«Желбіре, Жеңіс жалауы!» байқауы жас буынның Отан тарихына деген қызығушылығын оятып, елін сүйетін патриот тұлғаларды қалыптастыру жолында маңызды қадам болды. Жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталып, облыстық деңгейдегі байқауға жолдама  алды.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале