2.05.2025, 14:45
Оқылды: 211

Қосымша құн салығы – 16%

Қазақстанда қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі 16% болып белгіленді деп хабарлайды Tengrinews.kz. Бұл шешімді Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексін және салық салу мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда қабылдау арқылы бекітті. Бастапқыда Үкімет ҚҚС мөлшерін 20% деңгейінде ұсынғанымен, бұл көрсеткіш қоғамның пікірі мен бизнес өкілдерінің уәждері ескеріліп, 16%-ға дейін төмендетілді.

b5d6ad8e8927b131b1d00ac5ee0ca4b3_1280x720

Сурет: gov.kz

Негізгі өзгерістерді атап өтсек, ҚҚС мөлшерлемесі – 16%, міндетті тіркеу шегі – 15 млн-нан 40 млн теңгеге дейін ұлғайды. Медицина саласы үшін 2026 жылдан бастап ҚҚС – 5%, 2027 жылдан бастап – 10%. Тегін медициналық қызметтер мен әлеуметтік маңызды дәрі-дәрмектер ҚҚС-тан толық босатылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен баспа өнімдері ҚҚС-тан босатылады. Ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін ҚҚС-тың өтелу пайызы 70%-дан 80%-ға артты. Жеке табыс салығына прогрессив шкала енгізіледі, нақтыласақ, жалақы бойынша 8500 АЕК-ке дейін – 10%, жоғары болса – 15%. Дивиденд кірістері үшін 230 000 АЕК-ке дейін – 5%, одан жоғары – 15%. Ойын бизнесі мен банктер үшін корпоративтік табыс салығы  25%-ға дейін көбейтілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл салық реформасын Үкімет пен Мәжіліс бірлесе талқылап, бизнеске қолайлы, мемлекет үшін тиімді ортақ шешім табуды тапсырды. Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, ҚҚС мөлшерлемелері 0%, 10%, 16% және толық босатылған сипатта сараланады.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале