3.05.2025, 9:00
Оқылды: 391

Жаңақалалықтар сала саңлағына құрмет көрсетті

Жаңақала ауданыдық «Jastar» спорт кешенінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және ішкі істер органының ардагері, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Ғайбатолла Сәрсековтің құрметіне орай құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдар арасында волейболдан ашық турнир өтті.
image-02-05-25-10-11-3
Ғайбатолла Сәрсеков ғұмырының 30 жылдан астам уақытын ішкі істер қызметіне арнап, 1991 жылы Михаил Горбачевтың шешімімен мемлекеттік награда «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған.
Аталмыш жарыста ішкі істер органдарының ардагерлері, Ақжайық, Бөкей Орда, Жәнібек, Казталов, Жаңақала аудандарының құрама командалары сынға түсті.  Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, орынбасары Руслан Ғұмар, аудандық сөт төрағасы Меңдіғали Бақтығұлов, ішкі істер органының ардагерлері Рафхат Әнесұлы, Дархан Ермұханов, БҚО полиция Департаменті  кеңесшісі және ардагер кеңесінің төрағасы Еділхан Жұмашев, БҚО Германиядағы Кеңес әскерлері тобы және Варшава шарты әскерлері тобы ардагерлер қоғамының төрағасы Ұзақбай  Жақсылықов, мүшелері Қуаныш Ермекқалиұлы, Төлеген Қапулов, «Динамо» дене шынықтыру –  спорт қоғамы қоғамдық бірлестігі БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Манарбек Ғабдуллин, Жәнібек АПб Мейрам Бапақов,  аудан ардагерлері, бөлім басшылары, Жаңақала аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері  және құрмет иесі Ғайбатолла Сәрсекұлы мен ұрпақтары қатысты.  Алдымен командалар ҚР Мемлекеттік Туының құрметіне сапқа тұрғызылып, Мемлекеттік Гимн шырқалды.  Содан соң сөз тізгінін алған Алпамыс  Жаңабайұлы құттықтауын жеткізіп, командаларға сәттілік тіледі. Еділхан Нұртазаұлы, Ұзақбай Жақсылықов, Қуаныш Ермекқалиев, Төлеген Қапулов пен Манарбек Серікқалиұлы да ыстық лебіздерін жолдап, БҚО Германиядағы Кеңес әскерлері тобы және Варшава шарты әскерлері тобы ардагерлер қоғамының төрағасы Ұзақбай  Жақсылықовтың атынан құттықтаухат табыс етіп, «БҚО құрметті ардагері» лентасын тақты. Келесі сөз кезегіне ие болған Ғайбатолла Сәрсекұлы жарыстың өтуіне қолдау танытқан аудан әкімдігіне, ұйымдастырушыларға  алғысын жеткізді.
image-02-05-25-10-11-2
Аудандық мәдениет үйінің әншісі Қуанышбек Айдарбековтың орындауындағы «Айналдым елім» әнінен соң аудандар құрамасы дайындыққа кірісіп кетті.
image-02-05-25-10-11-6
Сала саңлағына деген құрметті көрсететін және жастарға үлгі болатын ерекше шараға қатысушылар жоғары деңгейде ойын көрсетіп, нағыз командалық рух пен шеберлікті паш етті. Ойын қорытындысы бойынша ІІІ орынға Казталов, ІІ орынға Жәнібек, ал І орынға Ақжайық аудандарының құрама командасы жайғасты. Жеңімпаздарға арнайы диплом, медаль мен аудандық полиция бөлімінің демеушілігімен қаржылай марапат табыс етілді.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы
 
image-02-05-25-10-11-8
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале