3.05.2025, 8:30
Оқылды: 307

«Қаһарман аудан – Жәнібек» атты фестиваль-байқауы өз мәресіне жетті

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Қаһарман аудан – Жәнібек» атты фестиваль-байқауы аясында Т.Жароков атындағы орта мектебінің «Морзе әліппесін меңгерген қазақтың қаһарман партизан қызы» атты концерттік бағдарламасы бүгін өз көрермендеріне жол тартты.
    image-02-05-25-11-47
Ұлы мерекемен қатар өздерінің торқалы 90 жылдық мерейтойын тойлаған білім ордасы дайындаған бағдарламасы көргеннің көңілінен толық шыққаны анық.
Ауданымыздан шыққан, Ұлы Отан соғысы кезінде өр кеудесін оққа тосқан соғыс ардагерлері аз емес. Солардың бірі –Нұрғаным Байсейітова. 1923 жылы 8 наурызда Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауылында дүниеге келген ол ата-анасынан ерте айырылған, інісі Абзалмен бірге Жәнібек ауылындағы балалар үйінде тәрбиеленіп өседі. 1936 жылы балалар үйі әкімшілігінің шешімімен Орал қаласындағы облыстық музыкалық мектеп интернатына ауыстырылып, «Скрипка» класына қабылданады. Оның әр нәрсені лезде ұққыштығы, бір естіген сөзі мен әуенін жадында берік сақтағыштығы арынды да, нәзік музыка аспабын жедел меңгеруге жәрдемдесті. Осы қабілет партизан қызының соғыс даласында қолданылатын қарудың түрлерін, әсіресе байланысшының жоғары деңгейдегі есте сақтау қабілетін қажет ететін Морзе кұрылғысының жұмысын еркін меңгеріп шығуына да сеп болады.
image-02-05-25-11-47-6
Сомдалған әр персонаж, сахналық декорация, бәрі-бәрі көңілден шығып, бағдарламаның тақырыбы құдды журналист зерттеу жұмысын жүргізе отырып ашылғандай көрініс тапты. Қаршадай қыздың алапат аштықтың қанды шеңгеліне тап болғандығын, жастайынан жетім қала отырып, анасының аманатын арқалағандығын, облыс орталығындағы саз мектебінде музыкалық білім алғандығын, соғыс басталар тұстағы өжеттігін, ерлерден кем түспей соғысқа сұранғандығын, соғыс даласында атқарған маңызды қызметін толық ашып бейнелей алды.
image-02-05-25-11-47-1
Шындығына келгенде, ауданымыздағы соғыс ардагерлерінің өмірі тарихтағы Әлия, Мәншүк сынды батыр қыздардың атындай дәріптелу тиіс. Ұйымдастырылып отырған фестиваль-байқаудың басты мақсаты да осы. Қуантатыны сол Нұрғаным Бекенқызы сұм соғыстың шеңгелінен аман өтті.
image-02-05-25-11-47-8
Соғыстан аман сау елге оралған партизан қыз 1949 жылы соғыс ардагері Сәти Иманғалиевпен отау құрды. Зейнет демалысына шыққанға дейін жауынгер ана бастауыш мектеп мұғалімі қызметін атқарды.
Айтқандай, соғыс ардагері, абзал ана 1995 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында еліміздің тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың шақыруымен Астана қаласында болып, халқының құрметіне бөленген еді. Алайда, әскери радиобайланысшы Нұрғаным Байсейітоваға Жеңістің 60 жылдық мерейтойын көру бұйырмады. Партизан жауынгер ана 1998 жылы дүниеден озды.
image-02-05-25-11-47-2
Т.Жароков атындағы орта мектебінің ұжымы өздерінің ұйымшылдықтарының арқасында фестиваль-байқаудың нүктесін әдемі қойды.
Арай Сейфолла 
Жәнібек ауданы
image-02-05-25-11-47-3 
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале