Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ауылдық округтер арасында «Жалпақтал жауһар өңірім» атты ән фестивалі өтті.

Алтын Орданың тұсынан тіршілігін жалғап келе жатқан тарихи даланың төсі бүгін де сауын айтып жатқандай. Қазаны қайнаған, бұлбұлы сайраған жауһар мекеннен талай таланттар түлеп ұшқаны әмбеге аян. Сондықтан да фестивалдің мақсаты тарихымыздан тамыр тартып, еліміздің жастарын туған жерін сүйетін ел патриоты атандырып, отанына кіршіксіз қызмет еуге баулу болып табылады. Ұлы Жеңіске 80 жыл толу құрметіне орай Жалпақтал ауылы әкімдігі мен Мәдениет үйі қызметкерлері ұйымдастырған екі кезеңнен тұратын ауыларалық фестивалдың ашылуында сөз алған Жалпақтал ауылдық округі әкімінің орынбасары Санжар Жасұланұлы «Аралары ажырамай, бір үйдің баласындай жетектесе өмір сүріп келе жатқан барлық округ өнерпаздарына бүгінгі фестивалде сәттілік тілеймін. Әділқазылар тарапынан тек мықтылар ғана әділ бағасын алсын, деді.

Фестиваль шарты бойынша әр округ бірінші кезеңде өз ауылының келбеті мен жетістігінен бейнеролик дайындап, экран арқылы көрермендерге таныстыруы керек. Одан кейін округ өнерпаздары жергілікті ақын, композиторлардың туған жер туралы шығарған туындыларын көрермендер назарына ұсынуы тиіс.
Екінші кезең шарты бойынша фестивалға қатысушылар Ұлы Жеңістің 80 жылдығы тақырыбында өнер көрсетіп, әр ауылдың әншілері кезекпен, соғыс жылдарындағы әскери-патриоттық әндерден бір шығарма орындады. Фестивалге қатысушылардың жас ерекшілігінде шектеу болған жоқ. Олардың сахнаға шығу реттілігі жеребе бойынша анықталып, әр қатысушы арнайы белгіленген қазылар алқасының шешімімен түрлі аталымдарға ие болды.

Осы шарада «Жалпақтал жауһар өңірім» атты фестивалға қатысушы өнерпаздар мен алтын уақытын бөліп концерт тамашалауға келген көрермендердің құрметіне Орал қаласынан арнайы шақыртылған жалпақталдық әншілер Дастан Абдрахманов (Жалпақтал — жайлы мекенім) пен Азат Қабиев (Жалпақталға келіңдер) жергілікті ақын Қыдыр Абдрахмановтың сөзіне жазылған қос әнді нақышына келтіре орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы