Казталов ауданы, Әжібай ауылдық мәдениет үйінде театр мен кино саласында өлшеусіз еңбек сіңірген, киелі сахнаның төрінде осы саланың қыр-сырына үңіліп, түрлі образдардың галереясын жасап, актерлық шеберліктің ерекшелігін жан-жақты талдаған, еліміздің мәдениеті мен өнерін дамытуға үлкен үлес қосып жүрген асыл ағаларымыздың бірі жерлесіміз ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, “Парасат” орденінің иегері Сердеш Қажымұратұлының 75 жас мерейтойына арналған “Сахна Саңлағы” атты кеші өтті.

Кешке аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Сердеш ағамыздың жұбайы Қарылғаш Асқарова, өнер саласының үздігі, “Парасат” орденінің иегері Нұргүл Жұбатова, ҚР өнер саласының магистрі, Х.Бөкеева театрының бас режисері Алмат Шарипов, еңбек ардагерлері, ауыл тұрғындары қатысты.

Сахна шебері Сердеш Қажымұратов Казталов ауданы Әжібай ауылында дүниеге келді. Алматы Мемлекеттік өнер институтын бітіргеннен кейін Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері болып қызмет атқарады. 1986 жылы Сәкен Жүнісовтың “Өлара” шығармасы бойынша Лениннің сақшысы Жақайдың рөлі үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, 1993 жылы қазақ театр өнеріне қосқан үлесі үшін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын иеленді.
Сердеш ағамыз театр өнерімен қоса 10-нан аса киноға түсіп, 1986 жылы “Күзет бастығы” фильмінде Құрымбайды шынайлықпен сомдады.

Кеш барысында кіндік қаны тамған қасиетті ауылға келіп, ел-жұртпен сағынышпен қауышып отырған ағамыз жарық дүние сыйлап, тәрбиелеп өсірген ата-анасы туралы, қарапайымдылықтың сыры неде, өкінішіңіз жоқ болар, қазір қоғамдағы қандай мәселелер толғандырады деген сауалдарға жауап берді. Алтынбек Жасқайратовтың орындауындағы “Асыл аға”, Мұрат Ахметовтың орындауындағы “Біздің елдің жігіттері”, Оралхан Ерғалиевтің орындауындағы “Ескі ауыл”, Нәрік Дүйсеновтың орындауындағы “Өнер адамы” әндері, Боранқұл Сәртөктің орындауындағы “Еңбек термесі” көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Өнер саласының үздігі, “Парасат” орденінің иегері Нұргүл Өтемісқызы сахна саңлағы туралы естелік айтып, ұстазына арнап керемет ән шырқады.
Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев Сердеш Қажымұратовқа аудан әкімінің құттықтау хаты мен естелік сыйлығын табыс етсе, Сердеш ағамыздың жұбайы Қарылғаш Жағыпарқызына қазақша камзол кигізіп, ақ орамал тақты. Бірік ауылдық округі әкімі Жігер Жакиев құттықтау сөзін сөйлеп, ауылдастары атынан Сердеш ағамызға тұлпар мінгізді. Өз кезегінде Сердеш ағамызда керемет кешті ұйымдастырған аудан басшыларына, кеш бойы қошемет көрсетіп, қолдау білдіріп отырған жерлестеріне алғысын білдірді.
Гүлнұр Сәуірғалиқызы,
Казталов ауданы
