3.05.2025, 16:00
Оқылды: 544

Оралда «Қаһарман аудан – Жәнібек» атты облыстық конференциясы өтті

Бүгін облыс орталығындағы Достық үйінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Қаһарман аудан – Жәнібек» атты облыстық конференция өтті.

image-03-05-25-03-38

Конференцияға аудан ардагерлері, зиялы қауым қатысты. Достық үйінің фойесінде Жәнібек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі көрме жасақталып, Ұлы Отан соғысындағы Жәнібек таныстырылды.

Өздеріңізге мәлім, Сталинград майданының ең жақын тылы болған соғыстың от-жалыны Жәнібек жерінде шарпыды. Жәнібек-Сайхын-Шоңай темір жол стансалары Сталинград майданының шебінде болды. 1942 жылы тамызда аудан бойынша соғыс жағдайы жарияланып, майданның жақындауына байланысты кейін қауіпті соғыс жағдайы енгізілді. Ұлы Отан соғысының отты жылдарында Жәнібек, Сайқын, Шоңай теміржол  стансаларына 538 жау бомбасы тасталған. Ауданымыздан 3602 жерлесіміз майданға аттанса, соның 2341-і соғыстан оралмады. Иә, бұндай жантүршігерлік сандар айтылса да жазылса да, ауданға әлі де «Қаһарман аудан» мәртебесі берілмей отыр. Бүгінгі өткізілген облыстық конференцияның мақсаты да осы еді.

image-03-05-25-03-38-2

Конференцияның тізгінін алған модератор Лариса Абдуғалиева барша жиналғандармен амандасып, сөз кезегін Жәнібек ауданының әкімі Тимур Шиниязовқа берді.

image-03-05-25-03-38-8

- 1942 жылдың 12 тамызынан бастап Сталинград майданынан 150-160 шақырым қашықтықта орналасқан Қазақстанның Жәнібек, Сайқын, Шоңай теміржол стансаларын қамтыды. Оларды фашист ұшақтары жиі бомбалады. Қираған үйлер, қаза тапқан адамдар көп болды. Темір жол бойында жүк таситын эшелондар істен шығып жатты. Неміс-фашистерінің әуе шабуылы, әсіресе Жәнібек селосына үлкен күшпен жасалды. Бір әуе шабуылына 30-ға дейін ұшақтың қатысқан кездері болып тұрды. Осындай шабуылдардың салдарынан темір жол вокзалы, мектеп, аурухана үйлері, басқа да өндіріс, мекеме орындары, барлығы село бойынша 41 нысан зардап шегіп, 200-дей тұрғын үй қирады. Фашистердің 36 «Хейнкель-100» ұшағы шабуыл жасап, нәтижесінде он тұрғын қаза тапты, жанар-жағармай құйылған цистерна жарылды. Су тарататын мұнараға зақым келді. Кейін жұмысшылар оны темір белдікпен тартып тастаған. Мұнара қазір сол күйінде әлі тұр. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, сұрапыл соғыс жылдары Қызыл Армияның ержүрек  ұшқыштары мен қырағы зенитшілері 1942 жылдың желтоқсан айына дейін Жәнібек әуесінде жаудың 16 ұшағын атып түсірген.

image-03-05-25-03-38-3

Аудан орталығында Ұлы Отан соғысы жылдары Жәнібек жерінде қаза тапқан жауынгерлер мәңгілік жер қойнауынан орын тапқан бауырластар зираты бар. Боздақтардың ұзын саны – 93. Олар – офицерлер, қатардағы жауынгерлер және медбикелер. 47 боздақтың 1942-1943 жылдары Жәнібек ауданында орналасқан әрекеттегі армияға қараған №1584 эвакогоспитальде қайтыс болып, осы өңірге жерленгенін архив құжаттары арқылы анықталғанын айтып өту керек. Соғыс жылдары майдандағы жауынгерлерге азық-түлік пен киім-кешек жөнелтуде Жәнібек ауданы бойынша мекемелер мен білім ошақтары бар қажыр-қайратын аямады. Ауданымыздағы 12 ауылдық кеңес пен 32 колхоз еңбекшілері Ұлы Жеңіске сүбелі үлес қосқан. Соғыс жылдарында Жәнібек ауданында қатаң құпия түрінде төтенше үштік құрылғанын да екінің бірі біле бермейді.

Табандатқан төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысы жылдары бүкіл кеңес елі секілді аудан халқы, барша қазақстандықтар өздерінің асқан ерлігі мен жанкешті еңбегін Жеңіс үшін арнады. Батыр жерлестеріміз соғыс кезінде жанқиярлықтың озық үлгісін көрсетті. Олар Кеңес Одағының Батырлары Ерденбек Ниетқалиев, Николай Степанович Чуриков, Мәншүк Мәметова, Украина жерінде ерлікпен қаза тапқан полк комиссары Хаби Халиуллин, соғыстан кейін бейбіт өмірде қайтыс болған, «Александар Невский» орденінің иегері, батальон командирі, майор Шәкір Мәжитов, Белорусь жерінде ерлікпен қаза тапқан батальон командирі, капитан Әжіхан Дүйсенов, Севастополь қаласын азат етуде қаза тапқан барлаушылар полкінің командирі, аға лейтенант Мұхтар Елемесов, Қызыл Армия қатарына Жәнібек аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылған қазақтың қанатты қызы Хиуаз Доспанова, Орда жерінде кіндік қаны тамғанымен Жәнібек балалар үйінде тәрбиеленген партизан Нұрғаным Байсейітова, отты жылдар ойранында әскери дәрігер қызметін атқарып, талай жаралылардың жанына араша бола білген Әпен Текебаев, Ғұсман Сисемәлиев, Хамза Зайнуллин, Ғұмар Енекеев, Геннадий Федорович Оспанов сынды аға-апаларымыздың  ерлік  жолдары кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, - деді аудан басшысы.

Әрмен қарай сөз кезегін алған Ғұмар елінің мақтанышы, қоғам қайраткері Самиғолла Оразов әлемде болып жатқан жағдайларды мысалға келтіріп, ауданға «Қаһарман» мәртебесін алу үшін аудан, тіпті облыс болып үкіметке петиция жинаудан басқа амал қалмағандығын жеткізді.

Тыл ардагері, М.Ықсанов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Асқар Атаев сөз бастамас бұрын жиналғандарды соғыста қайтыс болғандарға тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алуды сұрады. Еске алғаннан кейін Асқар Атаев соғыс баласы ретінде өз естелігімен бөлісті.

image-03-05-25-03-38-1

Конференцияда Бекет Әліпқалиев, Салауат Ғаббасов, Қозыкеш Омаров, Сапарғали Серажев, Самат Оспанов,Абухан Карин сөз алып, ой-пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын да айтты.

Кейінгі ұрпақ Жәнібек елінің «Қаһарман аудан» екенін білу керек, тіпті қажет деп ойласақ, арман болған «мәртебе» арманда қалмаса екен деген тілегіміз орындалатынына сенімдіміз.

 

 

Гүлзара Мәди

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале