6.05.2025, 10:45
Оқылды: 359

Жәнібек ауданында әскери-патриоттық әндер байқауы өтті

Ұлы Отан соғысының отты жылдары қазақ елінің тарихында айрықша орын алады. Сол жылдарда туған өлеңдер мен әндердің орны бөлек. Ержүрек жауынгерлер жан-жақтан атқылаған зеңбіректер, өмір мен өлімнің арасында жүрсе де, көңіл көтеріп, ән айтуды тоқтатпаған. Оған дәлел, осы күнге дейін жатталып, айтылатын соғыс кезіндегі әндер. Осыған орай, Отан үшін от кешкен майдангерлердің ерлігін елге үлгі ете отырып, «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Талов ауылдық мәдениет үйінде «Бейбіт елдің - жыр әні» атты әскери-патриоттық әндер байқауы өткен болатын.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Миранбек Ибатов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаев арнайы қатысты.

Қонақтарды алдымен Талов ауылдық округінің кіреберісінде ауыл әкімі Асқар Сәрсенғалиев пен мәдениет қызметкерлері қанымызға біткен қазақы дәстүрмен ақ ұсынып, қонақжайлылықпен қарсылап, «қош келдіңіз» айтты. Одан соң ауылдан шыққан майдангерлердің рухына тағзым ретінде ескерткішке гүл шоғын қою құрметі аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Бекбауұлы мен ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ораз Табаевқа берілді. Әрмен қарай келген қонақтар мәдениет үйінің фойесінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен 7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған көрмемен танысты.

image-06-05-25-10-10-7

Шара паттриоттық әндер байқауымен жалғасын тапты. Байқау екі кезең бойынша өтті. Бірінші кезең бойынша қатысушылар патриоттық әндер айтса, екінші кезеңде әскери әндер шырқалды. Аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов сөз алды.

image-06-05-25-10-10-9

- Қайырлы күн құрметті жерлестер! Өздеріңізге белгілі, Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойы аясында осындай тағылымды шараны Талов ауылында ұйымдастыруды ұйғардық. Мән-мағынасы бар шараға сәттілік тілеймін. Сіздерді көргеніме өте қатты қуаныштымын. Елімізде соғыс болмасын. Бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке жеттік. Сол жандардың арқасында осындай мамыражай тыныш заман кешіп жатырмыз. Елдігіміз, бірлігіміз жасасын. Осы байқауды ұйымдастырудағы мақсатымыз - өскелең ұрпаққа өшкенімізді жаңғыртып, ұрпақтар сабақтастығын жалғап, тарихымызды әрмен қарай жалғастыру. Шараға баршаңыз да қош келдіңіздер. Бүгінгі қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деді аудан әкімінің орынбасары.

image-06-05-25-10-10-2

Өнерпаздарға облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері аудандық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Райымбек Кәрімов, «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұрлыхан Кәрімов, аудандық демалыс орталығының мәдени ұйымдастырушысы, облыстық байқаулардың жүлдегері Айшат Хамзина әділ бағасын берген болатын.

Байқауда бас аяғы он екі қатысушы өнерлерін ортаға салып, жүлделі ІІІ орынға жәнібектік Гүлім Биғали мен ұзынкөлдік Миржан Теміржанов ие болса, ІІ орынға қамыстылық Ақерке Ғазизова лайық деп танылды. Жүлделі І орынды Ақоба ауылының намысын қорғап келген Ақниет Қайрат иеленді. Ал Тау ауылынан келген Самал Мұхтарова көрерменің шын ықыласына бөленіп, нәтижесінде бас жүлдені иеленді. Жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Байқауға белсене қатысқан басқа қатысушылар да марапатталды.

Байқау соңында ауыл тұрғындары сөз алып, осындай шаралар жиі өткізіліп тұрса деген тілектерін айтып, ұйымдастырушылар алқасына өз ризашылықтарын білдіріп, мәре-сәре болып тарқасты.

Бану Берікқали

Жәнібек ауданы

image-06-05-25-10-10-5 image-06-05-25-10-10-4  image-06-05-25-10-10-11 image-06-05-25-10-10-8

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале