7.05.2025, 12:00
Оқылды: 261

Бәйтерек ауданында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтті

Жеңістің 80 жылдығына орай Бәйтерек ауданы орталығында «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс» атты салтанатты іс-шара өтті.

IMG_20250507_103543_835

Бәйтерек аудандық орталықтандырылған кітапханасы мен Переметный ауылдық округінің әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен болған кешке тыл және еңбек ардагерлері, мемлекеттік құрылым, қоғамдық ұйым өкілдері, кітапхана оқырмандары қатысты.

IMG_20250507_103236_641
- 40 миллионнан астам адамның өмірін жалмаған бұл сұрапыл соғыс адамзат тарихындағы ең үлкен қасірет болды. Біз бір адамның өліміне қайғырамыз. Ал 43 миллион жанның қазасының орны ешқашан толмайтыны анық. Бұл майданда қазақ халқының ұл-қыздары асқан батылдық пен табандылық көрсетті. Олар Отан алдындағы борышын адал атқарып, жанын шүберекке түйіп, ерлікпен шайқасты. Сол жылдары тек майданда емес, тылда да жағдай өте ауыр болды. Аштық, ауыр еңбек, жоқшылық – барлығы ел басынан өтті. Бірақ халқымыз мойымады, әр отбасы өз ауызынан жырып, майдандағы жауынгерлерге көмектесті. Бүгінгі бейбіт күніміз – сол ерлік пен жанқиярлықтың жемісі. Елінің ертеңін ойлаған батыр ата-бабаларымызға қарыздармыз. Олардың ерлігі – ұрпаққа үлгі, мәңгілік өнеге, – деген аудан әкімі Марат Тоқжанов бір топ тыл және еңбек ардагерлеріне «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 80 жыл» мерекелік медалін табыстады.

IMG_20250507_103333_790

Марапатталғандар арасында Сания Рахманқұлова, Жантемір Исанқұлов, Нәбира Бекжанова, Антонина Гиляровская, Ұмсын Сәлімова, Владимир Карамышев, Тойған Қалабаева мен Нәбия Бекешова бар. Ал балалық шағын соғыс жалмаған Николай мен Әмина Анципровичтерге және Сәлима Айтпаеваға естелік сыйлықтар табысталды.

IMG_20250507_103246_727
Іс-шара барысында жергілікті әншілер соғыс әндерін шырқаса, кітапханашылар «Желбіре, Жеңіс!» атты мазмұнды кітап көрмесін жиналғандар назарына ұсынды.

Салтанат Зұлқарнаева
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале