Тәуелсіздік – көзіміздің қарашығындай көріп, қастер тұтар киеміз десек, осы тәуелсіздіктің мызғымас тыныштығын қамтамасыз етіп, бейбіт тіршілігімізді күзетіп тұрған ол – елдің айбынды әскері. Халыққа қамсыз, қатерсіз, тыныш өмір сыйлауда әскеріміздің атқарып жатырған қызметтері ұшан-теңіз. Осы орайда Казталов ауданында ел алдындағы қызметтерін абыройлы атқарып жүрген әскери қызметкерлер мен ер азаматтардың мерейін асқақтатып, еңбектеріне алғыс білдіру мақсатында және 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында аудандық мәдениет үйінде «Бейбіт күннің бағасы — батырлар ерлігінде» атты әскери-патриоттық мерекелік шара өтті.

Патриоттық шара елге рух берер Қазақстан Республикасының Гимнімен ашылып, шара барысында сөз алған Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.

- Қадірлі жерлестер! Сіздерді Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақ – рухты халық. Тарихымызға көз жүгіртсек, сонау Түрік қағанаты кезеңінен ХХ ғасырдың ортасына дейін қазақ даласында сан қилы ұрыстар, сұрапыл соғыстар болғаны мәлім. Бұл халқымыздың рухын, жігерін шыңдап, батырларымыздың, майдангерлеріміз бен боздақтарымыздың даңқын асқақтатты. Бүгінгі бейбіт заманда ата-баба жолын жалғаған Қарулы Күштер қатарындағы азаматтарымыз елдің тыныштығын күзетіп, тұрақтылықты, заң мен тәртіпті қамтамасыз етіп келеді.
Халқымызда «Отанды сүю – міндетің, Отанды қорғау – парызың» деген қанатты сөз бар. Отанға адал қызмет ету, мемлекеттік рәміздерді, тілі мен ділін құрметтеу, қорғау әр азаматтың парызы!
Баршаңызды айтулы мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еліміздің игілігі жолындағы еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін!, - деді аудан әкімі.
Мерекелік құттықтаудан соң аудан әкімі мерекеге орай ауданымыздағы жемісті жүрген бірқатар азаматтарды аудан әкімінің алғысхатымен марапаттады.

Мерекелік шара аудан өнерпаздарының концертімен жалғасын тапты. Батылдық, ерлік, қаһармандық нышанына айналған мерекеде өткізілген шарада әскери сала қызметкерлеріне көрсетілген құрмет пен жас ұрпақ бойына отансүйгіштік рухты қалыптастыру көріністері асқан үйлесімділікпен астасып жатты.

Нұр Рахман,
Казталов ауданы