Аудан орталығы Сайқын ауылындағы орталық стадионда Отан қорғаушылар күнімен және Жеңістің 80 жылдығы мерекесіне арналған салтанатты жиын, «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» атты театрландырылған концерттік бағдарлама өтті. Алдымен сахнаға мемлекеттік Ту енгізіліп, Гимн шырқалды.

Осы аталған кең көлемдегі шараға аудан басшысы Нұрлыбек Даумов бастаған ауданымыздың игі жақсылары, құзырлы орган басшылары, әскери қызметшілер және ауыл тұрғындары қатысты.

– Құрметті бөкейліктер! Сіздерді Отан қорғаушылар күні және Жеңістің 80 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Отан қорғаушылар күні мемлекетіміздің айбыны мен қуатын айғақтайтын мерейлі мереке болса, Жеңіс күні сұрапыл жылдары ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жауынгерлердің рухына тағзым етер қастерлі күн, - деп сөз сөйлеген аудан әкімі Нұрлыбек Жасқайратұлы жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін арнады. Батыр бабаларымыздың ерлігі мен сап түзеген сарбаздардың жауынгерлік рухын дәріптейтін келелі мерекеде бірқатар сала ардагерлері мен мінсіз қызметімен ерекшеленген әскерилердің бейбітшілікті сақтаудағы және елдің қорғаныс қабілетін нығайтудағы еңбектері бағаланып, әскери қызметке жаңадан қадам басқан жас мамандар елдің алдында ант берді.

«Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» атты театрландырылған концерттік бағдарламада аудандық демалыс орталығының көркемөнерпаздарынан бөлек, М-С.Бабажанов, М.Мәметова атындағы орта мектептер, аудандық орталық аурухана, Бөкей ордасы колледжі мен аудандық балалар туризмі және экология орталығы бірлесе, «Ертөстік» бөбекжайы мен аудандық орталық және балалар кітапханасының ұжымдары бірлесе, әрқайсысы 80 адамнан құралған театрландырылған қойылымдарын көрермен назарына ұсынды.

Қалың көрерменді тәнті еткен шарада халыққа рух беретін елдік пен ерлік әндері шырқалып, «Егемен Қазақстан» әнімен концерт өз мәресіне жетті.

Арайлым Маратқызы
Суретке түсірген Әділет Абдиров