Орал қаласында 15 сәуір мен 9 мамыр аралығында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған дәстүрлі «Жеңіс кубогы» атты ашық қалалық футбол турнирі ұйымдастырылды. Бұл турнир — жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мен спортты насихаттауда маңызы зор іс-шаралардың бірі болып саналады. Шараны қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен бірқатар спорт ұйымдары бірлесіп өткізді.

Турнирге қала және жақын маңдағы елді мекендерден жиналған 16 команда қатысты. Олар бірнеше апта бойы өзара тартысты кездесулер өткізіп, нағыз шеберлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Ойындар жоғары ұйымдастыру деңгейінде өтіп, көрермендердің зор қызығушылығына ие болды.

Турнир қорытындысы бойынша Фьюжен футбол клубы I орын, Желаев нан командасы II орын иеленді.
Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі 12 мамыр күні өтеді. Оларға кубоктар, медальдар және арнайы дипломдар табысталады. Сонымен қатар, үздік ойыншыларға жеке номинациялар бойынша марапаттар ұсынылады деп күтілуде.
«Жеңіс кубогы» турнирі жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, оларды спортқа баулуға және бейбітшіліктің қадірін ұғынуға бағытталған. Бұл бастама — ардагерлерге деген құрмет пен жас ұрпақтың спорт арқылы тәрбиеленуіне бағытталған игі іс.

Ұйымдастырушылар мұндай турнирлер алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасатынын айтты.
Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі